Ұлы іске ұлағатты сөз керек

Біле білсек, қара жерде өлмейтін – Алла жіберген сөз ғана! Сөз – Тәңірінің елшісі! Егер де жақсы кітап – ұлттың  антологиясы десек, әрбір ойлы афоризм – жеке бір жақсы кітап іспетті.  Ата-баба нақылы – құндылық көзі. Өнеге – нақылдан. Жалпы адамзатқа тән бағзы заманнан келе жатқан кемеңгерлік тұрғыдағы таңғажайып нақыл сөздерден үйренуіміз керек. Барша  жұрт қабылдап, айтып жүретін қып-қысқа нақыл сөздер мен  мақалдар барлық адамға ақиқат болып көрінбесе, ондай нақыл сөздер ғасырдан  ғасырға  жетпес еді. Ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы – өзі бастан кешкендерден түйген  азды-көпті рухани тәжірибесі. Бір ғажабы, қуаты мол, тапқырлыққа толы тамаша нақылдар ешқашан ұмытылмайды: олар ғасырлар бойы есте сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырады. Демек, аталар сөзі – ақылдың көзі.

Адам мақсатына рухани жағынан  өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді десек, адам бойына рухани құндылықтардың  даруы  нақыл сөздерді қолдану арқылы да сіңбек. Ал нақылдап сөйлей алмаған адамға қалай қарау жөн? Халық даналығына бойласақ, айтар нақылы жоқтың, табар ақылы жоқ. Халыққа нақылмен ойлау тән. Құтып дана болжағандай, нақыл сөздер көп болғанымен, айтар адам аз. Нақышымен нық қадап, түбіне жеткізе сөйлеген адам – шешен адам. Телегей тәжірибеге  жүгінсек, ұлы адамдардың өздері де өткір сөздің қолжаулығымен жүруді жек көрмейтінін байқаймыз. Нақыл – ой тұнбасы. Тұңғиық ойлар – өзін ештеңемен суырып ала алмайтындай тұрғыда ақылға сіңірілген мық шеге. Құстың қапелімде жерге түсіріп алған жалғыз дәнінен кейде уақыт өте келе тұтас бір орман, жаңа бір туынды өсіп шығады… Кемеңгерлердің нұрлы ойларымен танысу таңғажайып ой жаттығуы іспетті. Ақылды құнарландырып, ойды сындарлы етеді. Жасқа да, жасамысқа  да қажетсіз болуы  мүмкін емес.

Әлемдік өркениет жұлдызы Лев Толстойдың бірде: «Менің өзгенің ақылымен өмір сүргім келмейді, қажет болса, өзім ойлап аламын» дегенді жастар тарапынан жиі естиміз. Ойлап қойылғанды ойлап жатудың қажеті қанша? Барды ал да, ілгері жылжы. Адамзаттың күші осында», – дегені бар-ды. Ендеше, аталы сөз – тоғыз қабат қорғаның. Қасиетті сөздер өздерін қайталаттырып оқыттырады емес пе? Сөз асылы – мақал. Мәтел – гүл, мақал – жидек. Халықтың данышпандығы, рухы, мінез-құлқы оның мақалдарынан көрініс тапқан. Мәтел – сөз оралымы қалыптаспаған сөйлеу элементі, мақал – аяқталған  түйін, тұжырымды ой. Мақал – ойдың інжуі. Ағылшын ақыны Альфред Теннисон: «Мақал дегеніміз – замананың сұқ саусағында мәңгі бақи жарқырайтын бес әріптен құралған асыл жүзік» деген. Мақалдар – мол өнеге көзі. Мақал-мәтел – маржан сөз, қоса көрме арзан сөз дейтініміз содан. Ал нақыл сөздер – афоризмге негіз болар түйін көзі. Афоризм – өнер иіріміндегі философия не философия иіріміндегі өнер. Афоризм – философия поэзиясы. Демек, афоризм – тілсіз тәлімгер. Нақыл сөздер ой толғауға баулымақ. Осыдан келіп көп көрген мен көп түйген көсем болары даусыз.

Жақсы сөз – жанның тынысы. Олай болса, жақсы сөз айта білгенге не жетсін! Дәйексөзді өзгенің сөзін орынсыз қайталау деу де бар.  Асылы, жаман  сөз қанша болса, жақсы сөз де сонша. Ұлы іске ұлағатты сөз керектігі де даусыз. Монша тәнді сауықтырады, жақсы сөз жанды сауықтырады деп босқа айтылмаса керек. Қысқасы, білімдінің сөзі – оң, білімсіздің сөзі – тоң  екенін ескергенге не жетсін! Ендеше, нақылдап сөйлеу шешендікке әкелмек. «Шешендіктен не пайда, артында сөзі қалмаса? Батырлықтан не пайда, халқына қайран қылмаса? Хандықтан не пайда, қарашасын жалмаса? Молдалықтан не пайда, шариғатты өзгертіп, нашарларды алдаса?» демей ме атақты Төле би. Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді. Өзің білмесең, білгендерден үйрен, үйренгеннен ештеңең кетпейді деген сол. Нақылдап сөйлеу ұрпағымыздың тұлпар, сұңқар сынды жетілуіне әкелмек.

Француз жазушысы, қоғам қайраткері Ромен Роллан грек, рим ғұламаларының афоризмдеріне терең бойлай келе: «Бұл гректер мен римдіктерде менің нем бар еді? Олардың сүйегі қурап қалғалы қай заман? Олар маған не айта алмақ? Менің оларға  қарағанда кем білетінім неде? Осы тұрғыда ойландым да кітапқа менмендікпен, бейне бір өзенге қармақ тастағандай бей-жай жанармен селсоқ көз жүгіртіп, парақтай бастадым. Бір кезде, достарым, демім шықпай, сілейіппін де қалыппын… Достарым-ай, қармақ салудың көкесі деп осыны айт… Қандай сазандарды, шортандарды бірінен соң бірін тартып шығарып жаттым десеңші! Бұрын-соңды көріп білмеген шетінен алтын, күміс түсті сан алуан балықтар… Бір ғажабы олардың әрқайсысы қилы қалыпта би билеп жүр… Ал мен болсам оларды әлдеқашан өлдіге санаған едім», – деп жазады. Сенсеңіз, әлемдік құндылық көзі, ақылдың өзі  афоризмдерге ғашықтығым тап осы ойдың үдесінде.  Имандай шыным!  Орыс жазушысы, 60 мыңнан аса афоризмдердің туындыгері Аркадий Давидовичтің: «Маған қазанамаңның қажеті шамалы, ең дұрысы, оның орнына менің нақыл сөздерімді жазыңдар» дегені бар-ды.

«Есеніңде-тіріңде бір болыңыз бәріңіз» деген Асан қайғы бабамыздың «Білгеннің қандай пайдасы, білместі жолға салмаса» деп толғағаны да бар. Ал «Надандықтың белгісі – тілін алмау білгеннің» деуінде қаншама салмақ бар десеңші! Ендеше, халық жадындағы афоризмдер кешені даналықтың зердесі, парасаттылықтың пердесі, кемеңгерліктің көзі, ғұламалықтың өзі. Әбіш Кекілбайұлына  жүгіне айтар болсақ, «қазір қайсысымызға да ақша да, басқа да қат болғанымен, ең басты қат нәрсе – ақыл. Жанашыр достың ақылы. Көргені көп кемелдің, жеткені көп беделдің немесе солардың тереңіне бойлай білген зерде мен зейіннің айтатындары». Демек, афоризм – «көргені көп кемелдің, жеткені көп беделдің» өміри тәжірибенің тереңінен таратқан зердесі мен зейінінің тұнбасы.

Мәселен, үндемегеннің өзі де жауап дегенді қалай түсінеміз? Афоризм бұған не дейді? Сократқа сүйенсек, екі жағдайда ғана сөйлеуді қолдайды: бірі – өзіңнің сөйлер нәрсеңді айқын ойланып алғанда, екіншісі – бір нәрсе жайында айтудың аса қажеттілігі туындағанда. Тек осы жағдайларда ғана үндемегеннен сөйлеуді мақұл көрсе, қалған тұстарда сөйлегеннен сөйлемегенді анағұрлым артық санайды. Шал ақын айтпай ма: «Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық, Бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық» деп. Көп сөйлеген көп сәтсіздікке ұшырамақ, ендеше сөзге сақ болу шешендіктен де асқақ. Белгілі орыс заңгері, танымал сот шешені А.Ф.Кони мәнді ештеңе айтпағаннан, үндемеуді артық көрсе, американдық жазушы Кристиан Боуви: «Ақылды сөйлеу – қиынның қиыны, ақыл безбеніне салып үндемей қалу одан да қиын» деген. Ұлы ойшылдардың бірі Анахарсис кейінгіге тіліңді, тәбетіңді, нәпсіңді тыйып ұстау турасында ұлағат қалдырған. Демек, тұлғаның орнымен сұрауға, көңіл қойып тыңдауға, байсалды түрде жауап беруге және басқа айтар ештеңесі жоқ кезде сөйлеуді доғаруға үйренгені абзал.

Бұл орайда: «Егер айтпағаныңа бір рет өкінер болсаң, үнсіз қалмағаныңа жүз рет өкінерсің», – деген ойшыл Лев Толстойдың бұған жалғастыра адамдар қалай сөйлеуді үйренумен әуре болып жүр, ең басты ғылым қалай және қашан үндемеу керектігін айтуы ескеруге тұрады. Испандықтар көп сөздің әрдайым көңілден шықпасын мойындаған.  Мың сөз де бір істің жарымына татымайды. Көп сөз – көк жасық. Шыны керек, кей тұлғаның сөйлегенінен үндемегені жақсы. Үндемегеннің философ атанары даусыз. Ақылы аздың айқайы көп. Аталы сөзді айтпастың ауызы жабылмас. Жолдасыңды жоғалтпайын десең, жазғырса да, жақ ашпа. Дұрысы, білмей шалқып сөйлеуден, сөйлемей тұру бес артық – ау! Үнді ойшылы, қоғам қайраткері Мохандас  Карамчанд  Ганди: «Өзінің тіліне күші жетпеген адамның сөзінде шынайы шындық болмайды» деген. Ағылшын жазушысы, философ Томас Карлейль: «Сөйлей білу – жақсы ғой, бірақ үндемеген – одан да жақсы» десе, американдық жазушы Эдгар Хоу: «Көп адам жақсы нәрселер айта алады, бірақ тыңдай білетіндер тым аз, өйткені бұл үшін ақылдың күші қажет» деген.

«Есті адам тілін тия алады, бірақ ойын тия алмайды» (Шәкәрім). «Бойда – қайрат, ойда – көз, болмаған соң айтпа сөз» (Абай). «Үндемеуден ұялған, саналмайды ұяңнан» (М.Әлімбаев). «Саулық тілеп, табыс күтсең ісіңнен, Жарамайтын сөз шығарма тісіңнен» (Ж.Баласағұн). «Орынсыз айтылған артық сөз опық жегізеді. Егер сөйлеген сөзіңнен бір нәрсенің пайдалы иісі сезіліп тұрмаса, ондай сөздің айтылмағаны жақсы» («Қабыснамадан»). «Көп сөйлесең «езбесің» деп жек көрер, Сөйлемесең «мылқау» екен деп сөгер. Бұлай болса, тең ортасы – керегің, Тілге ұстамды болсаң, өсер беделің» (Ж.Баласағұн). «Ықылассыз тыңдаушыға сөз айтқаннан тыныш отырған мақұл» («Қабыснамадан»). «Айтылмаған сөздер – саф алтындай, Тістен шықса – қалар бақыр қалпында-ай» (Ж.Баласағұн). «Ақылы шамалы адам жақынын жек көретінін де жария ете береді, ал ақылды адам бұл жөнінде тіс жармайды» (Соломон).

«Нақақ жабылған жалаға қарсы ең үздік жауап – оған үнсіз жирене қарау» (Иоганн Энгель). «Дидарласушыңмен сұхбат жүйкеңе тие бастағанын сезсең, сөйлеуді мезетте доғарғайсың. Айтылмаған сөз – алтын іспетті» (Л.Н.Толстой). Түйеріміз – үндемеген ұнамсыз сөз айтпайды. Ақымақ ойбай салар, ақылды ойға шомар. Сондай-ақ, тыңдай білуді ұлылыққа балаймыз. Сыры неде? Афоризмге жүгінсек,  Махамбет  бабамыз айтады: «Арғымақтың баласы аз жусар да көп жортар, Адамзаттың баласы аз сөйлер де көп тыңдар» деп. Абай данамыз айтады: «Ақы беріп тыңдатқан сөз көкейге қонар ма? Құлағын сатқан тәңір атқан оңдырар ма, оңар ма?» деп. «Адам сөзді тыңдай білген жағдайда ғана шешен болады» («Қабыснамадан»).

«Сөздің бәрін тыңда, керегін ал», – дейді  Орта Азияның әйгілі ақыны, қазақ ғалымы Жүсіп Баласағұн. Грек данышпаны Клеобул (б.э.д.540-460) «Айтқаныңнан тыңдағаның көп болсын» деген.  «Тыңдай білу мәдениеті жоқ кездегі сөйлеу дағдысы – біздің бүгінгі күніміздің айқын да мұңды белгісі» (Эватл) де. Демек, ақылды сөзді ақымақ та тыңдайды. Ал аузына ие бола алмаған есірікке құлағыңды қор қылмағайсың.  Былжыр сөзге бітеу құлақ. Олай болса, сөйлеген егерін, тыңдаған орарын білелік! Сөз сөйлеуге даярлықты демосфендік дағдыға неге теңейміз? Тағы да иланымды жауапты сан  ғасырлық тәжірибе түйіні айтсын. «Небір өнер, небір даналық шыңына оларды оқып-үйренбей жету әсте мүмкін емес» (Демокрит). «Ғалым сөзін естіп ал, есіңде ұста» (С.Сарайи). «Шынайы шешендікке адамды баулу үшін, қоңырау дауысты, тәртіпті сақтайтын полицияның керегі жоқ» (Раф Эмирсон).

«Кімде-кім өз сөзін алдын-ала дайындаса, сол – халыққа нағыз берілген, шын мәнінде халық үшін қызмет ететін жан, ал көпшілік сөзімді қалай қабылдайды дегенге немқұрайлы қараушылық – сендіруді емес, күшпен көндіруді мақсат еткендік» (Демосфен). «Аз білетініңді ұғыну үшін, көп оқып үйрену керек» (Мишель Монтень). «Қалам – ең жақсы тәлімгер, жазылған сөз тап қазір ойлаған сөзден артық» (М.Т.Цицерон). «Білмегенге – ермеген»  (Күлтегін). «Тастағы жазудан тағылым алғайсың» (Білге қаған). «Мен мақалдардан өте көп өнеге алдым, басқаша айтсам, нақыл сөздермен ой толғап үйрендім» (Максим Горький). «Күн сайын ең болмаса бір ән тыңдап, жақсы картина көріп, мүмкін болса, қандай да бір нақыл сөз оқып отырған жөн» (Иоганн Гете). «Ойлы адам қашан да ұлы адамдар сынақтан өткізген жолдарды іріктей келе, ең таңдаулыларына еліктеуге тиіс, сонда әлгі кісілердің ғұламалығына жетпегенімен, оның кейбір ұшқынын болса да бойына дарытады» (Никколо Макиавелли).

«Адамның сөйлеу өнерін дамытуда жазбаша сөйлеу ерекше маңызды. Өйткені мұнда сөзді санамен өңдеуге мүмкіндік көбірек болады» (Б.М.Теплов). «Бір нәрсеге не өнерге талпыну үшін адамдарға ең алдымен табандылық қажет» (Әбу Насыр әл-Фараби). «Даңқты адамдардың рухына бас иіп, тағызым ету соларға ұқсасам екен деген тілекті оятады» (Тоқсары). «Адам баласы өрмекшіден тоқуды үйренсе, қарлығаштан үй салуды, бұлбұлдан ән салуды үйренген» (Демокрит). «Өз сөзіңді кез келген білікті кісінің сөзімен салыстыр: әуендес келсе, айта бер, қайшы келсе, қысқарт» (Рашид-ад-дин). «Еңбекті жан-тәнімен сүймейінше, ешбір талант та, ешбір кемеңгер де шықпайды» (Д.И.Менделеев). «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу» (Әбу Насыр әл-Фараби).

«Білу ғана аз, сол білгеніңді істе қолдана білу керек» (И.Гете). «Адам естіп-білгені арқылы ғана жетілмейді, еңбек пен іс-әрекет үстінде қалыптасады» (Альберт Эйнштейн). «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі, ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» (М.Әуезов). «Сөйлей білмейтін адам мансап биігіне көтерілмейді» (Наполеон І (Бонапарт)). «Қашан да бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, одан соң көзіңізді жұмылдырыңыз, егер де ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін тауып мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға сонда ерік беріңіз» (Ы.Алтынсарин). «Алдымен ізгі ниеттерге, ал одан соң даналыққа үйрен, өйткені алғашқысыз соңғысына үйрену қиын» (Сенека Луций). «Өзіңе тең емеспен достаспа, өз қатеңді жөндеуге қорықпа» (Конфуций). «Күз әуені жаздан белгілі» (Махмуд Қашқари). «Еңбек етуге дағдыланып алсаң, онсыз тіршілік  ете алмайсың. Бұл дүниедегінің бәрі еңбекке байланысты» (Луй Пастер).

«Білім еске сақтау арқылы емес, өз ойының күш салуымен алынғанда ғана білім» (Л.Н.Толстой). «Сөйлеу сөз болатын нәрседен туындап, дамуға тиіс. Егер шешен оны тұтас қамтып, зерттеп алмаған болса, онда шешендік атаулы бекершілік, балалық тырбаныс» (Т.М.Цицерон). Қуанарлығы – осылай жалғастыра беруге боларлығы. Бүгінгі ұрпақтың сауалына  берілер әлемдік өркениеттегі ата-баба жауаптарының бірінен-бірінің өтімділігі, бір-бірін толықтыра, толыстыра, тереңдете түсетіндігі. Әрине, қолға алған белгілі бір көркем шығармадағы  не ғылыми еңбектегі түйін-тұжырымдардың ойлантары, ойыңа ой қосары даусыз. Мәселен, бірнеше бестселлер кітаптарының авторы, жиырма жасында тағдыр тәлкегіне ұшыраған шешен  тұлға  Хэл Элродтың «Магия утро» (Как первый час дня определяет  ваш успех) еңбегін қолға алып,  тамсана оқып шыққаннан кейін терең ойда қалдым.

Нәтижеде неміс философы Артур Шопенгауэрдің (1788-1860)  таңғы сәтке қатысты философиялық тұжырымын былайша аудардым: «Таңсәрі – әрбір күн атаулының нұрлы да нәрлі тұсы, сәбилік шақ іспетті. Осы тұста тұп-тұнық мөлдірлікті, уыз қалыпты, айрықша айқындылықты, ерекше жеңілділікті аңғарамыз. Бойға біткен күллі күш-қуатты сезінеміз, күллі қабілет-қарымымыз кемерінен аса төгілу күйін кешеміз. Демек, керіле жатып, кеш тұруымызбен таңсәрілік уыз шақты қолдан қысқартпау жөн, мәнсіз іс-әрекетпен, бос әңгімемен ысырап етпеу жөн. Бұл сәтті адам өмірінің нағыз мәнді бөлшегі (квинтэссенциясы) тұрғысында мәпелей қарау не белгілі бір ретте қастерлі де қасиетті мезет ретінде бағалау орынды» деп.

Аударма нұсқасын студенттеріме ұсындым. Сонда ғана арқамның құрыс-тұрысы жазылғандай, түйілгенім сәл-пәл шешілгендей болды… Атақты физик, салыстырмалылық теориясының, қазіргі квантты механиканың негізін қалаушы, әлемдік деңгейдегі аңыз адам Альберт Эйнштейн ғылымның ешқашан да және еш уақытта да жазылып біткен кітап еместігін,  олай бола да алмайтынын айта келіп, «ғылымдағы әрбір маңызды табыстан жаңа мәселелер туындайды» дегені бар-ды. Ойға қонады. Мәселен, римдік дуалы ауыз Марк Тулий Цицеронның өз тұсында қайталанбас афиндік ұстазы Демосфен үлгісінен туындатып, «Ақындар туа пайда болады, шешендер жүре пайда болады» («Поэтами рождаются, ораторами становятся») деген тұжырымына ойланып қалған орыс данышпаны М.В.Ломоносов орыс ғылымында тұңғыш «Риторика» еңбегін жазғаны мәлім. Жазса жазғандай, бір өзі бір сом дүниеге татырлық әрбір афоризмнің өзі келелі құндылықтарға бастайтындай.

Абат Сатыбайұлы ҚЫДЫРШАЕВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер

одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті ұстазы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий