Енжар бақылаушы емес, қозғаушы генератор болғым келеді
Қоғам жекелеген адамдардан құралады. Сәйкесінше, азаматтық қоғам әр адамның азаматтық ұстанымына тәуелді болмақ. Бізге қоғамдағы түрлі құбылыстарға, проблемаларға сырттай сын айтатын енжар бақылаушы емес, проблеманың оң шешімін табуға ықпал ететін креативті көшбасшылар керек. Педагог ретінде, білім саласындағы менеджер ретінде көптеген жаңа идеялардың авторы болдым.
Жаңашыл, креативті әріптестеріммен бірлесе отырып идеяларды сәтті іске асырдық. Мектеп қызметіне енген жаңалықтар мен заманауи менеджменттік көзқарас басты тапсырыс берушілеріміз – оқушылар мен ата-аналардың көңілінен шығып жүр, республикалық деңгейде таратылып та жүр. Сондықтан, мен өзімнің материалдық емес ресурстарымды (ми, жүрек, рух) мектептен де кең кеңістікте іске жаратайын деп праймеризге өз кандидатурамды ұсындым.
Менің көздегенім: Сапалы өмір. Әрбір қазақстандық сапалы өмір сүруі тиіс. Сапалы өмірдің ересек өмірде емес, бала күннен басталуын көздеймін.
Өмірлік икем дағдылар.
Ерте жастан кәсіби бағдар.
Жеке және қоғамдық жауапкершілік.
Құқықтық және қаржылық сауаттылық.
EQ +IQ = ∞. Ақыл-ой мен сананың толысуы, сезім мен түйсіктің тазалығы, әрекет пен сөздің көркемдігі шексіз жетістікке жетелейді: үйлесімді қарым-қатынас; эмоционалдық және психологиялық саулық; мәдениетті қоғам; тән мен жан саулығы; таным, ақыл-ой еңбегі; әлеуметтену.
Ұлттық мектеп. «Білім маңызды, тәрбие маңызды» деп екеуін бөліп қарастыратын көзқарастан арылудың бір жолы – ұлттық мектеп идеясы. Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік өркениеттің деңгейінде тануды қолға алу керек: қазақстандық білім –brand; құзыретті педагог; білім мен тәрбиенің біртұтастығы.
Бақытты балалық . Бақытты балалар – бақытты мемлекет. Тек жекелеген категориядағы емес, барлық балаға бақытты балалық шаққа кепілдік болу керек: отбасы институты; бала – дербес құбылыс; ана құшағы – бала бақыты. Мен басымдық беріп отырған бұл төрт бағыт – еліміздің келешектегі шынайы сипаттамасы. Сенім бар, білім бар, мінез бар: қоғамға кең көлемде қызмет етуге дайынмын. Енжар бақылаушы емес, қозғаушы генератор болғым келеді.
Педагогикалық өтілі – 26 жыл (15 жыл директордың орынбасары, бес жыл директор). «Нұр Отан» партиясына мүшелік 18 жыл (саяси кеңес мүшесі, «Жас Отан» ЖҚ төрағасы, БПҰ төрағасы)
Сапура Сейдуалина ТУЛЕКОВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп
лицей директоры, Нұр-Сұлтан қаласы