Білім ошағы – ел тынысы

Ауыл мектебі әрдайым білім беру жүйесінде ерекше орын алады. Қалалық мектеп пен ауылдық мектептің жүйелі-әлеуметтік сапасындағы кейбір айырмашылықтар туралы айтуға болады және білім берудің әртүрлі сапасы туралы айтуға болады. Бірақ ауыл мектебінде үлкен артықшылықтар да бар. Ең бастысы, ауылдық мектеп ауылдық әлеуетттің, ауылдық мәдениеттің ерекше белгісі болып табылады.

Абайдың әйгілі қара сөздерінің біріндегі «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен», – деген сөздер барлығымызға таныс. Осы ойға сүйенсек, балалардың ынтасы мен талабын, яғыни жан құмарлығын әлсіретіп алған түріміз бар.

Ауыл  баласына қарағанда, қала баласы біліммен бәсекеге түсуді меңгерген. Алайда, олардың көбі қара жұмысқа жоқ, еңбекке икемсіз. Ата-аналар онының орнын толтыру үшін спорт үйірмелері  мен өзге де қосымша сабақтарға  қатыстырады. Оның арқасында қала оқушылары уақытты тиімді пайдалануға дағдыланып келеді. Патриоттық тәрбие беруде ата-ана көбіне мектепке иек артқанымен, қала балалары сабақтан тыс жұмыстарға,  қоғамдық жұмыстарға кеткен уақытты аса тиімді деп есептемейді. Мысалы: Жапон мектептерінде сынып пен мектеп ішінің тазалығына оқушылар өздері жауапты көрінеді. Жапондар осы арқылы оқушыларды еңбекке баулып, өзі оқитын мектепті таза ұстауға әдеттендіреді екен. Тәрбие деген – жақсы әдет деген қағиданы басшылыққа алатын олар бастауыш сыныпта балалардың білімінен бұрын этикалық әдеттерін тәрбиелеуге күш салады. Бұл орайда біздің үйренеріміз әлі де көп.

Бұл мәселеде қалалық, аудандық білім басқармалары тек айтулы тұлғалардың мерейтойлық шараларымен ғана шектелмей, оқушыларды нақты еңбекке бейімдеу жолын қолға алсақ орынды болар еді. Әзірге ауылдағы балаларға білімнің ма­ңыздылығын, қала балаларына еңбектің маңыз­дылығын үйретуден кейін қалудамыз. Негізінде осының барлығы бізге жаңалық емес екені де белгілі. Өйткені, кешегі күні өзіміз мектепте білім алған кезде білім мен тәрбие, қосымша еңбек арқылы өмірге бейімдеудің барлығының тепе-теңдігі сақталған және қалыптасқан жүйеде жұмыс жасады. Ол кезде тәртіптің мықтылығы соншалық, кез келген оқушы пионер, комсомол бола алмайтын. Пионер, комсомолға өту үшін көшбасшы болуға, оқуда озат болуға, мектепішілік қоғамдық шараларға қатысуға тырысатын.

Әрине, пионер, комсомолдық жүйеге оралу мақсат емес, тек бүгінгі күнге пайдалы жақтарына назар аударғанымыз дұрыс. Сонымен қатар, ауыл балалары үй, колхоз, совхоз тіршілігіне араласып, еңбектенетін. Қиындығы мен қызығы мол ауыл тұрмысын көріп өскен бала неге патриот болмасын? Бізге тек, жаңа ХІ ғасырдың талабына сай білім мен тәрбие берудегі идеялар арқылы бұрынғы тәжірибені қайта үңілуіміз қажет болар. Бүгінгі күні елдегі білім мен ғылым саласын алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – ауылдық елді мекендердегі білім сапасы. Ауыл мұғалімдеріне таудай талап қоя алмаймыз. Себебі, маман тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспей, бір ұстаз бірнеше пәннен сабақ беріп жүргенде білім сапасындағы салғырттық туралы айтып жату да артық. Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз кеңесінде көтерген болатын.

Білім беру сапасы бірінші кезекте педагогке байланысты. Бұл аксиома. Қаладағы мұғалімдермен қатар, ауылдағы мұғалімдер де еңбек етеді. Оларды ізденбей, талпынбай жатыр деуге болмайды. Біліктілікті арттыру курстарына қатысып, шеберлігін шыңдайды. Десек те, білім деңгейі сапалы болуы үшін мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі қажеттігі – айтпаса да белгілі жайт. Ауыл мектептерінде де негізінен өз ісінің мамандары жұмыс істейді. Олар оқушыларды пәндік олимпиадаларға, конкурстарға белсенді түрде дайындап, жақсы нәтиже алады. Кез келген даму әрдайым түрлі мәселелермен байланысты болатынын білеміз. Оның ішінде білім беру жүйесі де одан ерекшелінбейді. Білім беру мәселелесін саралайтын болсақ. Біріншіден – ол толғымен білім беру жүйесінің тиісті нәтижесі емес. Бұл демографиялық мәселелер, экономикадағы дағдарыс құбылыстары.

Екіншіден – ауыл мектебінде ерекше ауыр сезілетін білім беру жүйесінің ішкі мәселелері. Мұндағы негізгі мәселелер: кадрлық ресурстың жағдайы. Онымен барлық әріптестер таныс. Педагогикалық және басшы кадрлардың зейнеткер жасқа жетуі, мектепке жастардың жеткіліксіз келуі. Мысал келтіретін болсақ: осыдан тоғыз – он жыл бұрын ауданның ауылдық мектептеріне тек 6 жас мұғалім келсе. 20-25 жыл бұрын олар бірнеше есе көп болатын болған. Ауыл мектебінің педагогы үшін тек білім беру ғана емес, баланы өз бетінше оқуға үйрету қажет. Қалалық баланың мектептен басқа мүмкіндіктері әлдеқайда көп.

Білім сапасы, бірыңғай мемлекеттік емтихан нәтижелері. Ауыл мектептері бойынша орташа балл аудандық және облыстық деңгейден төмен. Сондай-ақ, зерттеулер қала мектептерінде білім алушылар жоғары нәтиже көрсететінін көрсетеді. Бұл балалардың «сапасына» емес, қалыптасқан жағдайлардың сапасына, ресурстардың шектеулігіне байланысты. Білім беру процесінің жабдықталуы. Қазіргі заманғы оқулықтардың сапасы. Интернет жылдамдығы, оқушылардың желіге еркін кіру орны, қашықтықтан білім беру үшін бағдарламалық қамтамасыз етілуі. Ауылдық мектеп оқушыларының үй компьютерлері қалаларға қарағанда аз.

Ауыл мектептерінің бір бөлігі соңғы жылдар ішінде әртүрлі инновациялық педагогикалық технологиялармен, компьютерлермен қамтамасыз етіліп, денсаулық сақтау технологияларын дамыту саласында серпіліс жасады. Мысалы тұрғындармен аз қамтылған ауылдарға Қазақстанның басқа облыстарынан тұрғындарды көшіру бағдарламасы арқылы кәсіби мамандар келіп, мамандармен бірге оқушылар саны да өсіп, жабылуға әрең қалған мектептер кеңейіп, ауылдық социумның түрлі субъектілерімен өзара іс-қимылды жандандырғанын даусыз мойындау керек.

Бірақ, сонымен қатар, әсіресе тұрғындары аз ауыл мектептерінің едәуір бөлігі осы жылдар бойы әлеуметтік тұрақсыздық режимінде, өкінішке орай, жабылу уақытын күтуде. Осы олқылықтың орнын толтырмақ мақсатта республика көлемінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынғаны белгілі. Оның түпкі мақсаты да осы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға негізделген болатын. ББҒДМБ 2020-2025 жж міндетінің контекстінде біздің  «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы СҚО  бойынша ПҚ БАИ» «Ауыл – ел бесігі жобасын іске асырудағы ауылдық ШЖМ» жобасын жүзеге асыру аясында, ШЖМ педагогтеріне әдістемелік қолдау және тәжірибе аласу мақсатында вебинарлар  сериялары өткізілуде. Ол вебинарларға облыстың барлық аудандардың ШЖМ мұғалімдері қатысады.

Мұнда СҚО бойынша үздік ресурстық орталықтары мен мектептерінің тәжірибесі ұсынылады. Ы.Алтынсарин атындағы шағын жинақты мектепті дамыту орталығының білікті мамандары қатысып, ШЖМ -да білім сапасы бойынша жүргізілген мониторингтік зерттеулер мен жаңа ОӘК туралы айтып, біріктірілген сынып-жинақтарда оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша тәжірибелік ұсыныстар береді. Бүгінгі күні еліміздегі ауыл мен қаладағы білім сапасындағы ерекшеліктердің шешу жолдары қарастырылып, қолға алынуда. Бұл мәселе көптеген дамыған елдер үшін өзекті және тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тығыз байланысты.

Елімізде қаладағы һәм ауылдағы балалардың білім деңгейі арасында айырмашылық болмауы тиіс. Білім стандарты біртұтас болуы шарт. Осы мәселе білім бағдарламасына да тікелей қатысты. Барлық балалар тұрғылықты жеріне және ата-аналарының әлеуметтік мәртебесіне қарамай, сапалы білімге қол жеткізулері тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ауыл мектебі – ауыл социумының бір бөлігі болып табылады және одан бөлек дами алмайды. Сондықтан бүгінгі күні ауыл мектебінің өмірлік болашағы, ең алдымен, ауылдың әлеуметтік-мәдени саласын дамытуға байланысты екенін нақты түсіну қажет.

Ауылды сақтап қалу үшін ауылда білім беру адамдардың әлеуметтік үміттеріне, қоғамның, ауыл қауымдастығының, әрбір нақты отбасының, нақты адамның әлеуметтік-құндылықтық тапсырысына сәйкес болуы тиіс. Сапалы білім – бұл социумға әсер ететін және нәтижелерді көрсеткен кезде жоғары оқу орындарына қанша түлектер түспеуі емес, ауылдағы қандай өзгерістер әсер еткенде білім беру мақтанышына айналуға тиіс. Ауыл балалары мен ересектер қатысатын нақты істер арқылы ауылдық өмір салтына оң көзқарас, оның артықшылықтарын түсіну, ауылдағы мәдени дәстүрлерді жаңғыртудан қалыптасады.

Гүлмайда Нәсиқызы МҮСЕТАЕВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы СҚО ПҚ БАИ”
Инновациялық білім беру және ақпарттық
технологиялар кафедрасының аға оқытушысы,
Петропавл қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий