Тәрбиеші тағылымды тәлімімен бағалы

Тәрбиеші – бала өміріндегі анасынан кейінгі алғашқы ұстаз. Тәрбиешілер – ішкі жан-дүниесі бала жандар. Олай болмаған жағдайда балалар бізді өз әлеміне кіргізбейді. Біздің кәсібіміздегі ең маңызды нәрсе – балаларды себепсіз жақсы көру.  Мен үшін менің мамандығым дүрбелең дүниені ұмытып, ертегі мен қиял әлемінде жүре алатын мүмкіндік. Менің әр сөзіме, іс-әрекетіме елеңдеген, бар әлем сыятындай балалардың жанарын көргенде мамандығымның маңызы артады. Оларға қарап қаншалықты керек екеніңді, олар үшін бар әылемдей көрінетініңді және болашақ өскіндердің өміріне қатыса алатыныңды, оларды махаббат пен жүрек жылуымен қолдай алатыныңды түсінесің. Шын педагог әркезде қоғамның өзге мүшелерінен ерекшелейтін қасиеттерге ие. Моральді тазалық пен ішкі мейірімділікті қатаң талап ететін өзге мамандық жоқ.

Тәрбиеші – ол үлгі. Ал, үлгі болу – ерінбей еңбектену. Иә, жеке өмірді ұмытуға да тура келеді. Дегенмен, оның марапаты әлеуметтік ортаға бейімделген адал балалар болмақ. Тәрбиеші қызметін атқара жүріп, ең негізгі мақсат  «күйіп–жанып, жаныңды беріп» жұмыс жасау екендігін түсіндім, басқалай балабақшада жұмыс жасаудың қажеті аз. Педагогтік ұзақ жолда менің негізгі серіктерім – ізденіс, талапшылдық және шығармашылық. Ескі стереотиптен арылып, өзіңнен есеп сұрап, жұмысқа жан-тәніңмен берілу, біліміңді бекітіп жетілдіру – заман талабы. Бұл талапқа сай болу – менің жұмысым. Педагогика ғылымының алдыңғы қатарлы тәжірибесіне сүйеніп тәрбиеші әркез өзін шыңдап отыруы тиіс. Тек алға ұмтылу, жаңа инновациялық технологияларды және дәстүрлі емес әдістерді игеру қажет, әрине халықтық ауызекі әдебиет сияқты пайдалы ескіден де бас тартпаған абзал. Жаңа заман ұрпағының қызығушылығын қанағаттандыру үшін тәрбиешіге түрлі ілім қажет.

Бұл салада жүрген әрбіріміз жай емес, жақсы тәрбиеші болуға ұмтылсақ екен. Жақсы тәрбиеші деген кім деген сұраққа Сократтың «барлық мамандық адамзаттан, ал педагог, сот, дәрігер – Құдайдан» дегені анық жауап. Менің түйсігімде тәрбиеші аталған үш мамандықты да сыйдыра алады. Себебі, жақсы тәрбиеші «зақым келтірме» деген ұранды ұстанатын дәрігер. Біз медициналық құралсыз балалардың жан саулығына қараймыз. Дәрісіз, екпесіз назарымызбен, езуімізбен, кеңеспен, сөзбен бала жанын жазамыз.  Жақсы тәрбиеші, ол – ақылды сот. Ол ортақ тілге келу үшін, адамдарды бөліп-жармайды, тек сөз келіспеушілігін жазады. Педагог шын әділдікті ұстанып, жаман мен жақсыны тең таразыға салады, бұрыс әрекет үшін жазаламайды, алдын алады, ескертеді, сақтандырады.

Жақсы тәрбиеші, сонымен қатар – әртіс, сценарий жазушы, суретші. Кез-келген оқу іс-әрекетін мерекеге айналдырып жіберу оның өз еркінде. Адам тәрбиелеп шығару, тіпті өсіру дегеніңіз  – қолдан ғажайып жасау, ал ғажайыпты балалабақша педагогтары минут сайын, сағат, күн сайын жасап жүр. Балалармен қарым-қатынас – емтиханнің бір түрі. Кішкентай дана «мұғалімдер» сіздің шыдамыңызды сынға салып, онымен қоса сізді жақсы көре алады. Олардың кіршіксіз махаббатының сиқыры сол, олар ашық және қарапайым. Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасай жүріп, олардың әртүрлілігіне, қызықтарына, сүйкімділігіне, күлкілілігне, керемет ақылдылығына және менің немесе өзге ересек адамның алдында талаптарын жаудырып, оны талқылап, шешім қабылдайтын қасиеттеріне таң қалудан шаршамаймын.

Әрине, күнде балаларды үйіне алып бара жатқанда көзімізге жас алмаймыз. Бірақ төрт жылдан соң, мамыр аяғанда енді біздің топта сол балалардың болмайтынына жылаймыз. Олар енді келмейді, қолыңа жармасып қылығын көрсетпейді, бізден кетеді – өте көңілсіз. Олар балабақшадан басқа өмірге кетсе де, сол қалпы көз алдымызда қалады. Дегенмен олардың орнын басатындар келетінін біліп жұбанамыз. Осы қызметті атқара жүріп, бұдан асқан мамандық жоқ деп түсінемін. Менің мамандығым бар өкпе-ренішті ұмыттырып, мәңгілік жастық сезімін сыйлайды. Ал, «тәрбиеші деген не мамандық, ол – еленбес еңбек» дейтіндерге мына өлеңмен жауап айтқым келеді:

Күнімді, түнімді арнайын,
Мейлі бір жақсы атақ алмайын,
Кіршіксіз махаббат көргенде,
Апай деп жаныма келгенде
«Жүрегін» қолыма бергенде,
Білімді беруден талмаймын!

Жания Қуанышбекқызы ОРЫНБЕКОВА,
“Ақбота” мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісі,
Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданының Құмқұдық селосы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий