Аула клубы – тәрбие мекені

Қазіргі таңда баланың қызығушылығына септігін тигізіп, икеміне қарай жаңа қырынан танылуына, өмірлік жолын анықтауда  аула клубтарының маңызы зор. Аула клубы дегеніміз – жастар мен жасөспірім, сондай-ақ, балаларға арналған мектептен тыс уақытта мәдени тәрбие мен қосымша әртүрлі саладағы үйірмелерге баулайтын тәрбие беретін ұйым түрі. Бұл ұйым түрі балалардың болашақта жан-жақты, білімді, мәдениетті, ең бастысы көрегенді әрі тәриелі боп қалыптасуына өз оңды ықпалын тигізеді. Клубта балалар тек қана жан-жақты үйреніп қана қоймай рухани да дем алып қалады және қоғамдық шараларға өз үлестерін қосады.

Аула клубының мақсаты –  оқушылардың мектептен тыс өмірін тиімді пайдаланып, өздері оқып жүрген пәндерін тереңдетіп оқыту жалпы баланы жан-жақты  дамытып, бейімін жетілдіру болып табылады. Өйткені, өз ортасында жүрген баланың жауапкершілігі артады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, бала бойында жасырынып, ашылмай жатқан түрлі өнердің ұшқынын жарқырата көрсету, сол бір бұлақтан үлкен сарқырама жасау. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: – ХХІ ғасыр мәдениеттің, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасыры болмақ, – деп айтып өткеніндей, «Ақ желкен»  аула клубында  балалар мен жасөспірімдерді жан-жақты білімді, бәсекелестікке қабілетті етіп дамыту, қызықты көпшілік-мәдени, қоғамдық шараларға тарту арқылы белсенділігін арттыру жұмыстары қолға алынған.

Баланың бойындағы сан алуан өнердің ұшқынын жарқырата көрсету, сол бір бұлақтың көзін ашуды басты мақсат еткен аула клубы балғындарды оқудан тыс уақытта тәлім-тәрбиеге баулиды. Облыс орталығындағы «Ақ желкен» аула клубында бүгіндері бес жүзге жуық балғын шығармашылықтарын шыңдау үстінде. Сонымен қатар  аула клубының аясы кеңейіп, биылғы жылдың қаңтарынан бастап Бекқұл баба елді мекенінде аула клубының филиалы  өз жұмысын бастаған болатын. Бұл танымдық орталық шеңберінде тіл-танымдық, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, туристік-өлкетану, спорттық-денешынықтыру және сауықтыру бағыттары бойынша бірқатар үйірмелер жұмыс жасайды.

Алдағы уақытта үйірмелер саны сұранысқа ие үйірмелермен толығады деп жоспарлануда. Айта кетейік, жас жеткіншектер қолөнер, вокал, домбыра, ағылшын тілі сынды үйірмелерден басқа,  шахмат, грек-рим куресі, волейбол, шахмат, таэквондо сынды көптеген спорт түрлерін үйренеді. Мұнда күнделікті қызу пікірталастар, диалогтық алаңдар ұйымдастырылады.  Сондай-ақ  қазіргі таңда үйірмеге қатысатын оқушылар саны  554  бала. Оқушылар саны күннен күнге артып келедi. Беққұл баба мекеніне жақын орналасқан Өлке, Белогор, Қызылжар, Рауан-3 елдi мекендерінен үйірмеге қатысуға талап білдіруші ата-аналар балаларымен келіп тіркелуде.  Өнердің қыр-сырына баулиды. Бір сөзбен айтқанда, балалардың  тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізіп отырған бірден-бір шығармашылық орта.

Әрбір күн өзгеріске толы. Қазіргі жауапты кезеңде заман көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай болу, ертеңгі болашағымыз – жас ұрпақты саналы, білімді азамат етіп тәрбиелеу, ұстаздарға зор міндет пен жауапкершілік жүктейді. Балалар мен жасөспірімдердің уақытын мазмұнды өткізу осы жердегі тәрбиешілер пен педагогтардың білім сапасы мен шығармашылық деңгейіне байланысты. Білімді үйрену және оны оқушыларға үйрету – ұстаздықты мұрат еткен әрбір адамның ең қасиетті борышы, абзал парызы. Ұстаз еңбегі – шығармашылық еңбек. Сондықтан да аула клубындағы ұстаздар әр сабаққа жауапкершілікпен қарайды. Үнемі ізденіп, балаларды өнерге баули отырып, білімдерін де шыңдау үшін қызықты сабақтар мен тәрбие сағаттары өтіп тұрады.

Сонымен қатар аталған  клубқа балалармен жоғары деңгейде жұмыс жүргізетін, педагогикалық білімі бар қызметкерлер ғана тартылған. Аула клубына бірінші кезекте аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары алынады. Барлық үйірмелерге қатысу тегін. Үйірмеге келетін балалардың төрт пен 16 жастағы аралықты қамтиды. Сондықтан да мұнда оқушылар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бір сүйсінерлігі, кейбір үйірмелердің оқу үлгерімін нығайтуға да қосатын үлесі мол екен.  Сондай-ақ, өткізілетін іс-шаралардың қызықты жаңалыққа толы болуына барынша назар аударылады. Өйткені, аталған аула клубының басты көздеген мақсаты да  – балалардың шығармашылық қабілетін арттыру.

Ұйымшыл ұжымның жетекшісі Гулдариға Бакитжанованың айтуынша, жаңадан құрылған бұл клубты қазір қала әкімдігі қаржыландырады. Орталықта отыздан аса үйірме ашылған. Бүгінде балалардың түрлі үйірмелерге қатысып, ұнаған спорт түрлерімен айналысуларына барлық жағдай жасалған. Ақтөбе қаласының әкімдігі мен жергілікті білім бөлімі бірлескен түрде жұмыс жоспары негізіндегі іс шаралар ұйымдастырылуда. Аула клубымыздың тәрбиеленушілері қалалық және облыстық, республикалық, халықаралық фестивальдер мен байқауларға, көрмелерге белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ауламыздағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қызықты іс-шараларды өткізіп, жұмысты одан әрі жандандыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда «Ақ желкен» аула клубында күн сайын бала саны артып келеді, – дейді директор. 

«Ақ желкен» аула клубтарының тағы бiр ерекшелiгi – балалар тұрғылықты жерiнен алысқа бармайды. Өзi өскен жерiнде қоғамның бiр бөлшегiндей өзiнiң қажеттiгiн түсiнедi. Аула клубтарының ашылуының да, көрсетiлiп жатқан қамқорлықтың түпкi мәнi де осында жатыр. Баланың қызығушылығына, икемiне қарай жаңа қыры ашылып, өмiрлiк жолын анықтауға да аула клубтары септiгiн тигiзедi. Өз ортасында жүрген баланың жауапкершiлiгi де артады. Баланың тұлға ретiнде қалыптасуына мектептен бөлек өз достарының ықпалы күштi. Бұл орта – көшенiң қалтары-сында, не иесiз қуыстарда емес, аула клубтарында өркен жаймағы құптарлық. Мұндай ортада өскен баланың тәрбиесi мен болашағына сенiмiмiз мол. 

Асемгүл ИБРАЕВА,
Ақ желкен” аула клубы директорының
орынбасары, Ақтөбе қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий