Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне мектеп пен ата-аналар жауапты

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған “Павлодар облысында жаңа оқу жылының бірінші аптасының қорытындысы» тақырыбындағы брифинг барысында облыстық білім басқармасының басшысы оқушыларды қашықтықтан оқытуға қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз ету туралы айтып берді. Спикер оқу жылының басында 12 304 оқушыда балалардың сабақта пайдаланатын компьютер мен ноутбуктері немесе планшеттер болмағанына тоқталды, – деп хабарлайды осы жергілікті салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Яғни аймақтағы шәкірттерді, әсіресе мектеп жасындағы бірнеше ұл мен қыз тәрбиелеп отырған көп балалы отбасыларды қажетті гаджеттермен қамтамасыз ету басты міндет болды. – Қыркүйек айының біріне дейін балаларға 11 119 компьютер берілді: тоғыз мыңнан астам – мектеп қорынан, тағы 1247 – сі жергілікті қазына қорынан және 783-і республикалық бюджеттен сатып алынды. Алдағы бірнеше күнде тағы да қосымша 1217 бірлік техника беріледі: мың планшет және 217 компьютер. Алдағы қазан айына дейін тағы 13 923 бірлік техника жеткізіледі: 657 компьютер, 12 119 ноутбук, 1147 планшет. Барлық сатып алынатын компьютерлік техника білім беру ұйымдарының балансына беріледі және мұқтаж отбасыларға тек уақытша пайдалануға беріледі, – деді Дінислам Болатханұлы.

Бұл жабдықтар ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған техникалық ерекшелікке сәйкес сатып алынды. Сатып алудың ашықтығын “Ертіс – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің төрағалығымен мониторингтік топ қамтамасыз етуде. Біздің өңірдің 27 мектебі -ОnlinMektep, жиырма бес мектебі – Darynmektep, 3 мектеп – Edupade платформаларын қолданады. Барлық мұғалімдер мен балалар ақпараттық жүйеге кіру және жұмыс істеу үшін логиндер мен парольдерді алды. Оқу жылы басталар алдында 11 мыңнан астам педагог қашықтықтан оқыту үшін IT-құзыреттер бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткені белгілі болды.

— Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша оқу процесі синхронды және асинхронды түрде жүргізілуде. Оқушылар мен мұғалімдер арасындағы тікелей бейне байланысты кейбір жағдайларда офлайн байланыспен ауыстыруға болады. Сондай-ақ, біз Zoom-ны қолданамыз, бірақ отандық білім беру платформаларын пайдалану ұсынылады. Білім беру процесіне бөгде адамдардың араласуын болдырмау үшін мұғалім де, оқушылар да, олардың ата-аналары да жауапты. Конференциядағы сілтемелерді оқу процесіне қатысы жоқ адамдарға беруге болмайды, – деді облыстың бас педагогы.  

– Өздеріңізге мәлім, биылғы жаңа оқу жылын біз аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып және облыстың бас санитарлық дәрігерінің ұсыныстарына сәйкес оқытудың бірнеше форматынан бастадық, – деді Дінислам Болатханұлы. – Жалпы оқушылардың саны 112 357 адамды құрайды. Бірінші сыныпқа 11 222 бала қабылданды. 167 мектепте санитарлық талаптарды сақтай отырып, 2407 “кезекші” сынып жұмыс істей бастады. Оған 1930 мұғалім тартылды. 181 шалғайдағы ауылдық шағын жинақты мектепте оқу процесі штаттық режимде жүргізілде.

Санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарында қорғаныс құралдары сатып алынған. ЮНИСЭФ желісі бойынша ақысыз негізде облыстың 215 шағын жинақты мектебіне дезинфекциялық құралдар, санитайзерлер, термосканерлер, ақпараттық материалдар беріліпті. Облыстың бас ұстазы оқушылардың ата-аналарына арнаған сөзінде балаларының денсаулық жағдайын бақылауға және өзін нашар сезінген жағдайда мектепке жібермеуге шақырды.

– Әрбір білім беру ұйымы балалардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз жағдай жасау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Бірақ бұл мәселеде ата-аналардың жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады. Мектеп пен ата-аналардың тығыз қарым-қатынас орнатуы және жағдайды толық түсіну қажет, – деген облыстық білім басқармасының басшысы салалық құрылымның қызметкерлері білім беру процесін ұйымдастырудың барлық мәселелері бойынша ата-аналармен диалог орнату үшін ашық екендігін жеткізіп, өтініштерді қарауға ерекше ден қойылғанын атап айтты.

— Барлық қалалар мен аудандарда колл-орталықтар ашылды, онда ата-аналар білім беру жүйесіне қатысты барлық мәселелер бойынша жүгіне алады. Қашықтан оқыту, кезекші сыныптар, оқушыларды компьютерлік техникамен және басқалармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша 65-00-60, 8 777 450 19 48 нөмірлері бар облыстық білім беру басқармасының call-орталығы жұмыс істейді, – деді сөзінің соңында Дінислам Болатханұлы.

Спикердің мәліметінше, қыркүйектің бірінен бастап облыстық колл-орталыққа түрлі мәселелер бойынша 39 өтініш келіп түскен. Жиі қойылған сұрақтар қашықтан оқытуға, үй тапсырмаларының көлеміне, мектеп формасына қатысты болған.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий