Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы

“Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу-елдіктің белгісі” (Халел Досмұхамедов). Қай өңірдің болмасын ел игілігі үшін абыроймен еңбек етіп,көпшілік құрметіне бөленген аяулы тұлғалары болады. Ерекше ілтипатпен еске алып, әспеттеп-қадірлеуге тұратын тұлғалардың бірі Қаз ССР білім беру ісінің үздігі, педагогикалық еңбек ардагері Қаду Оразбайұлы Сақауов  дер едік.  «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырған…» деген сөздер дәл осы Қаду сынды  абзал азаматтарға қарата айтылатыны аян.

Осы тұста заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірті саналған белгілі ғалым, педагог  Зейнол Қабдоловтың «Жер бетінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Шын мәніндегі ұстаздар сирек» деген пікірін келтірген орынды секілді. Себебі біз сөз еткелі отырған Қаду Сақауов  та шын мәніндегі нағыз ұстаз болу бақытына ие болды. Білім беру саласына жүрек қалауымен келіп, өз мамандығына адалдығын танытқан  Қаду Оразбайұлы Қостанай облысының Сарыкөл ауданында өсіп-өніп, еңбек етті.  Еңбек жолын Соналы орта мектебінде қатардағы мұғалім болып бастады. Талапты жас көп ұзамай өзін тек сабақ беруші ғана емес,нағыз тәлімгер ретінде сезіну, шәкірттерінің сеніміне ие болу үшін, бар білімін, күш-жігерін салып, беріле  жұмыс істеу қажеттігін ұғынды. Ол білім беру саласындағы тәжірибелі педагогтерге қарап ой түзеп, соларға ұқсауға тырысты.

Жас маманның көңілі, әсіресе аға әріптесі Шалабаевқа ауды. Ол осыдан сегіз жыл бұрын парасатты педагог, ақын, саясаткер, кезінде ҚР Парламентінің депутаты қызметін атқарған  танымал тұлғаны еске алуға арналған облыстық ғылыми практикалық конференцияда сөйлеген сөзінің бір тұсында: Василий Амельянович мен үшін мәңгі ұмытылмас бейне. Ол еліміздің нағыз патриоты болуды бізден талап еткен ұстаз, – деп, аяулы әріптесіне деген ерекше  ілтипатын көпшілік алдында тағы бір мәрте аңғартқан еді. Иә, білім беру саласындағы Шалабаевтай сирек тұлғаны пір тұтқан жанның да осал болмасы анық еді. Қаду Оразбайұлы ұстазы жақсының ұстанымы жақсы екенін іс жүзінде дәлелдей алды. Мамандыққа адалдығын танытып, білім беру саласында қырық жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етті: 1971-1973 жылдары мұғалім, кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, ал 1976 жылдан 2014 жылға дейін мектеп директоры қызметін мінсіз атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты.

Осы тұста Жүсіп Баласағұнидың «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деген ұлағатты сөзі еріксіз тілге оралады. Асқақ абыройлы атпал азаматтың бар болмысын ашу маңызды бола қоймас, сондықтан да кейіпкеріміздің аяулы  ұстазына ұқсаған бірер қырына ғана тоқталсақ дейміз.  Бала кезінен зерек те зерделі Қадудың бойында ұстазы талап еткендей, уақыт өте келе нағыз патриотқа тән қасиеттер дамып, жетілді. Ол мектеп директоры тізгінін қолына алған кезден бастап-ақ, педагогикалық  ұжым мүшелерін оқушыларды елжандылыққа, отансүйгіштікке баулу ісіне жұмылдыра білді. Қалайша? Патриоттық рухта тәрбиелеудің бір амалы – ата-аналармен жұмыс. Ал бұл жұмыстың салмақты бір саласы- елі үшін қан майданда аянбай шайқасқан, бейбіт заманда ерен еңбек үлгісін көрсеткен ауыл азаматтарының, яғни мектеп оқушыларының  ата-аналарының өнегелі өмірін паш ететін материалдар жинастырып, тәрбие көзіне айналдыру.

Осыны ескерген Қаду Оразбайұлы 1984 жылы Соналы орта мектебінде мұражай ашып, оның құнды жәдігерлері қатарына жергілікті тұрғындар тағылымына толы естеліктер мен фотосуреттерді енгізді. Кейін ол материалдар жеке кітапша түрінде басылып шықты.Бұл, бір жағынан, туған өлке тұлғаларына деген құрметті білдірсе, екіншіден, мектептің ата-аналармен тығыз байланысын аңғартса керек. Осы орайда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының былтырғы жылы білім  және ғылым қызметкерлерінің тамыз конференциясында: – Задача педагогов и, конечно, родителей – воспитание достойных граждан нашей страны. Достойный гражданин – это человек, обладающей суммой необходимых знаний, которые будут использованы на благо нашего общества. Достойный гражданин – это патриот Казахстана, – деген салиқалы сөзі ойға оралады.

Патриоттық рухта тәрбиеленген Соналы ауылының азаматтары Қажым Бекмағамбетов пен Берік Тақабаев мектеп ауласында Ұлы Отан соғысының батырларына арнап,  ескерткіш орнатты. Осыған орай, мектеп пен қоғам байланысының көрсеткіші дерлік деректердің бірі ретінде мына бір мәліметті де келтіре кетсек, артық болмас.  Мектеп директоры Қаду Оразбайұлы 2012 жылы айтулы жасқа толғанда, оның туған күні аудан көлемінде тойланды. Ол турасында мерзімді басылым бетінде жарық көрген мақалада былайша жазылды: – Қазан айының 12 жұлдызында ұлағатты ұстаз, Соналы орта мектебінің білікті басшысы Қаду Сақауов пайғамбарлық жасқа толды. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне бағыштап, білімді шәкірттерді аялаған ардақты ұстазға арналған салтанатты жиында мерейтой иесін алдымен аудан әкімі Азамат Тұрсынов құттықтады….

Сарыкөл өңірінің бетке ұстар тұлғасына осылайша құрмет көрсетілді. Осы тұста Оразбайұлының мына бір пікіріне көз жүгіртелік:  – Әр елдің, әр халықтың бетке ұстар, мақтан етуге лайықты, көпке танымал ұл-қыздары болады. Сондай азаматтардың өнегелі өмірі, қалдырған еңбектері, жасаған ерліктері – патриоттық тәрбие көзі. Өзі айтқандай, кейіпкеріміз де  өзгелерге өнеге боларлықтай ғұмыр кешті, білім беру саласында айтарлықтай із қалдырды. Иә, ардақты тұлғаға тағзым – өскелең ұрпақ санасына қозғау салар, ой елегінен өткізіп, көкейге түйер  тағылымды құндылық. Шалабаевтай нағыз ұстазды пір тұтқан кейіпкеріміздің өзі де мамандықтың шыңына көтеріліп, көпшілік құрметіне бөленді. Ұрпақтар, оның ішінде ұстаздар сабақтастығы деген осы болар.  «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп, қазақтың бас ақыны айтқандай,  қазіргі және кейінгі буын өкілдері осындай өнегелі тұлғаларды біле жүріп, соларға  қарап ой түзер болса, құба-құп.  

Биалаш Балтиқызы СҮЙІНКИНА,
ҚР Білім беру саласының құрметті
қызметкері, Қостанай педагогикалық колледжі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий