Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…

“Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр” демекші, көмек қолын созып, бүгінгі күнде қайырымды іс жасап жүрген жандардың қатары артпаса, кеміген емес. “Адамдардың ең қайырлысы – пайдалы іс істегендері” делінген екен ислам хадистерінде. Бір кісінің немесе бір отбасының мұң – мұқтажын өтеп, сол кісінің  жүзінен қуаныштың белгісін көру қандай бақыт десеңші! Ізгі іс жасау, қол ұшын созып көмек беру әрбір жанның қолынан келетін дүние екені сөзсіз.

«Жүректен жүрекке» деп әдемі де, әсерлі сөзбен аталған, республикалық «Мектепке жол» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде еліміздің түкпір – түкпірінде ауқымды түрде өткізіліп келеді. Бұл аталған қайырымдылық акциясы біздің білім ордамызда да жыл сайын белсенді түрде жүргізіліп  жатыр. Осы күнге дейін ата- аналар мен ұстаздар және жеке демеушілер тарапынан мектебіміздегі көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жыл сайын киім – кешек, мектепке қажетті оқу құралдарымен көмек көрсетіліп келген еді.

Биылғы көмектің түрі, елімізде болып жатқан пандемияға байланысты қашықтықтан оқыту жүйесі жүргізіліп жатқандықтан, техникалық құрал жабдықтармен қамтамасыз ету болып отыр. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, биылғы оқу жылында қайырымды іс жасап жатқан жандарды атап айтатын болсақ, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры көп балалы және аз қамтылған отбасыларға төрт ноутбукты сыйға тартты және де «Аружан Саин» қайырымдылық қоры да аз қамтылған бір отбасына ноутбукты сыйға тарту етті. Кәсіпкер М. Финогеновтың демеушілігімен бес оқушымызға  планшет үлестірілді. Мектеп табалдырығын енді ғана аттап басқан бірінші сыныптың бүлдіршіндеріне  оқу құралдары мен портфельдерді «Нұр Отан» партиясының атынан табыстады.

Жүз үш планшет пен 89 ноутбук оқушыларға уақытша пайдалануға қалалық білім басқармасынан  беріліп отыр. Тағы да айта кететін маңызды жайт, көрсетілген ақшалай көмек  оқушыларды да, ата- аналарды да қуанышқа бөледі. Мектеп – гимназиямыздың көп балалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан  103 оқушыға жиырма бес мың теңге киім- кешекке және 5 мың теңге оқу құрал жабдықтарын алуға берілді, бұл көмекке жалпы білім беру қорынан үш миллион 90 мың теңге бөлінді.

Қазіргі күнде оқушыларымыз техникалық жабдықтармен толық жүз пайыз қамтылған. Күнделікті сабаққа еш кедергісіз, қиындықсыз қатыса алады. Елі үшін қызмет етіп, көмек қолын созып жүрген, жүрегі ізгілік пен мейірімге толы қайырымды жандарды көргенде алғыстан басқа айтарың жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Аты жаман індеттен төрт көзіміз түгел, аман сау шығып, мектеп партамыз бен тақтамызға, алтын ұямызға тезірек оралайық әріптестер! Қайырымды жандар көп болсын. Жақсылық жасап жарысайық!

Жансая АБДРАМАНОВА,
№ 44 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, Алматы қаласының Түріксіб ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий