Тұлғалық қасиет туралы

Ғалым Ерлан Сыдықовтың «Абайдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтастығы» атты тақырыптағы еңбектері топтамасы хақында. Есімі елімізге белгілі тарихшы ғалым Ерлан Бәтташұлының қазақ әдебиеті мен тарихында айрықша із қалдырған тұлғалардың өнегелі ғұмыры, өміршең мұраларының тағылымынан жазылған еңбектерініңұлт руханиятындағы маңызы зор. Ел тарихындағы белесті кезеңдер бедерін, асыл сөз классиктерінің шығармашылығын ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде зерделеп жүрген зерттеуші еңбектерінің тақырып аясы мейлінше кең.

Олардың қазіргі рухани жаңғыру үрдісінің өрелі талаптарымен үйлесім тауып жатуы да тарихшы еңбектерінің өзектілігін, ғылыми-әдіснамалық негіздерінің маңыздылығы танытады. Алаш қаласының тарихы, Құнанбай, Шәкәрім сынды қыр перзенттерінің қайталанбас қасиеттерін өзек еткен күрделі еңбектері тұлғатану аясында бүгіндері барынша мәнді де мағыналы сипат алып отырған Отантану, елтану, ұлттану бағытындағы түйінді мәселелермен біте қайнасып жатуымен құнды. Осынау бір бірімен тақырыптық тұрғыдан сабақтас желісі ортақ іргелі еңбектердің «Абайдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтастығы» атты топтамамен Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы аса құптарлық жайт.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Бәтташұлының Абайдың тұлғалық айналасын дәуір сабақтастығымен саралауы қазақ тарихындағы елдік мәселелерімен тамырлас түйінді саяси-әлеуметтік және рухани белестеріне тән сыр сипатын жан-жақты танымызға мүмкіндік береді. Біріншіден, шәкәрімтану, алаштану мәселелеріне азат елдің еркін ойлы санасымен бойлататын «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы, «Шәкәрім және Алашорда», «Шәкәрім», «Алаш қаласының тарихы» еңбектері, екіншіден, абайтануды жаңаша танымдағы тарихи тың деректермен үстей түсетін «Құнанбай» тарихи-мемуарлық кітабы Е.Сыдықовтың ғылыми зерттеу нысанына алған тақырыптарға тән проблемалық сипатының көкейкестілігін айқындай түседі.

Қазақ руханиятын барынша құнарландыра түскен аталған кітаптар Отан тарихының сан жылдар бойы идеология қысымында болған күрделі кезеңдеріне ақиқат сәулесін түсіріп, ұлттық ояну дәуірі алыптарының сан салалалы мұрасын игерудегі жаңашыл қадамдарға серпін беруде. Ұзақ жылдардағы тынымсыз ізденістер барысында Абайдың ақындық мектебінің бірегей өкілі Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылықболмысының көркемдік-эстетикалық әлемі сомдалды. Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуда тарихи қызмет атқарған ХХ ғасыр бас кезіндегі ұлт қайраткерлерінің жанкешті тарихи қызметі Алаш қаласы биігінензерделенді. Соның барысында архив деректері, құнды деректер негізінде бағалаудағы жаңашыл ізденістерге қозғау салды.

Ерлан Бәтташұлының ғылыми редакциялауымен жарыққа шыққан «Шәкәрім» (2008. 2019) тұлғалық энциклопедиясының руханият әлеміндегі қадір-қасиеті жылдар өткен сайын асқарлана түсуде. Басқасын айтпағанда, екі мыңнан астам есім қамтылған бірегей басылым Ұлы Даладағы Мәңгілік Ел құндылықтарының терең тамырлы дәстүріндегі өміршең қасиеттерінің қыры мен сырын, мәні мен мағынасын түйсінуімізге қуатты күш дарытуда. «Алаш қаласының тарихы» (2010) кітабында Алашорда үкіметіне қатысты соны деректер, архив материалдары қамтылды. «Абай», «Сарыарқа» басылымдары, ұлт баспаханасы, соты мен әскері, мектептері мен мұғалімдері, мешіттері сынды зерттеу нысанынан тыс қалып келген елдікпен сабақтас тақырыптарға алғаш рет құнды талдаулар жасалды. Ұлт қайраткерлерінің бұрындары белгісіз болып келген өмір деректері, Семей облыстық қазақ комитеттері, облыстық және уездік земство басқармалары хақында жаңа сөз айтылды, жаңаша баға берілді.

«Терең тарихи сана мен тарихи танымды қалыптастыру кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі», – дейді тарихшы Е.Бәтташұлы. Тарихи санамыздың тұнық, тарихи танымымыздың терең болуына күрделі еңбектерімен өзіндік сүбелі үлес қосып жүрген ғалымның Абайдың тұлғалық айналасына дәуір сабақтастығымен бойлаудағы жүйелі ізденістері толастаған емес. Оны Ресей Федерациясының бас қаласы Мәскеудегі аты мәшһүр «Молодая гвардия» баспасынан «Жизнь замечательных людей» (ЖЗЛ) сериясымен орыс тілінде жарияланған «Шакарим» (2012), «Құнанбай» (2019) тарихи-мемуарлық кітаптары көз жеткізеді. Мәселен, жиырма сегіз тараудан тұратын үш жүз елу беттік «Кунанбай» атты іргелі еңбекте «Ескендір, Темір, Шыңғыстай Мұсылманда атақты, Мұқым қазақ баласы, Тегіс ақыл сұрапты» деп Абай жырлаған дала тарланы Құнанбайдың тарихи тұлғасы, асыл қасиеттері сомдалды. Құнанбай Өскенбайұлы өмірі мен қызметінің басты кезеңдері берілді.

Кітаптың «Код справедливости», «Будни сообщества», «Степь и конгресс», «Метафизика родовой идентичности», «Генетика трагеди степи», «Священный круг семейных уз», «Бий неподкупной честности», «Осень патриарха» өзге де тарауларындағы әдеби-тарихи талдаулар Құнанбай тұлғасын дәуір болмысымен, заман ағысымен, уақыт тынысымымен байланыста қарастыруымен маңызды. Мұның бәрі зерделі тарихшының Абайдың тұлғалық айналасын ашумен сөз зергері ақындық дәстүрінің Шәкәрім шығармашылығымен жаңа сапалық сипатта өрістеуін, Абай мұрасындағы ұлттық идеяның Алаш құндылықтырымен дәуір сабақтастығында жаңғыруын саралаудағы елдік мұраттағы ғалымдық парасатын көрсетеді.

Тұтастай алғанда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Бәтташұлының ХІХ және ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ қоғамының жоталы саяси-әлеуметтік мәселелерін ұлттық руханияттың күрделі мәселелерімен байланыста қарастырған «Абайдың тұлғалық айналасы және дәуір сабақтастығы» атты еңбектер топтамасын руханиятымызға қосылған құнды зерттеу деп білемін.

Сондықтан ғалымның «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы, «Шәкәрім және Алашорда», «Шәкәрім», «Алаш қаласының тарихы», «Құнанбай» сипатындағы маңызды еңбектер топтамасын 2020 жылғы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығына лайықты деп бағалаймын. Еліміздегі іргелі оқу орнының тізгігін ұстаған азаматтың ғылыми ізденістері ел мен жер тарихын, өзгеше бітімдегі қыр перзенттерінің тұлғалық қасиеттерін қадірлеуге, қастерлеуге ой салады. Ұлы дала ұлағатына бойлатар ойлы еңбектің ғылым бәйгесінде оза шауып, қазақ қауымына олжа салуына тілектеспіз.

Нартай ЖҮСІПОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий