Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры: Ұстазым менің, ұстазым!

Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын
Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын
Есімде әліппені жаттатқызып
Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның. 

Ұстаз ұрпақ санасын білім нәрімен нұрландырушы маман ғана емес, ұлттың тағдырына әсер етуші жауапты тұлға. Өйткені, оның алдындағы жас өрен елдіктің келешек өрісін жалғап, бабалар аманатын өркендететін өзекті желі. Ал болашақтың бүгіннен бастау алатындығы өмірлік тәжірибеде айқындалған заңдылық. Сондықтан да әрбір заманның ұлт қамын жеген көсемдері ең алдымен ұстаздың қоғамдағы роліне баса мән беріп отырған.

Мағжанның «Алты Алаштың басы қосылған жерде төрдегі орын ұстаздікі» дейтін сөзінің мағынасы зор, астары тым қалың. Бұл жерде көркемдік ойлаудың шебері ретінде шыңдалған қайраткер-ақын «алты алаш» дегенді – тұтас ұлт мағынасында, ал ұстаз – оған жол көрсетіп, жөн  сілтейтін тәрбие мен тағылым иесі, ақыл-парасатымен халықтың ой-санасында беделдің биік шыңына көтерілген ұлттық тұлға ретінде бейнелеп отыр. Күллі адамзаттық биік сана деңгейіндегі кемеңгерлік қайнарларынан терең сусындаған Мағжанның таным тамырластығы «Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,  ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» дейтін Әл-Фараби дүниетанымымен үндесіп жатыр.

Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» атты философиялық еңбегіндегі ел басқарушы әкімдер тобына тән он екі қасиеттердің барлығы ғұламаның ұстаздық болмыс белгілері жайлы пікірімен ұштастығын да байқау қиын емес. Ұстаз атанудың тек мамандыққа ғана байланысты емес, тұлғаның толыққанды ақыл-парасат деңгейі мен қауымға ықпал етудегі қарымына байланысты екендігін осылардан ұғамыз. Адами, азаматтық ізгі қасиеттердің қалыбынан қаланатын ұстаздыққа тіпті синкреттік (жан-жақтылық) ерекшелік те қатысты екендігін аңғарамыз. Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет, Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген сөзін де айтқымыз келіп отыр. Ұстаз – ең алдымен өз ұлтын, жерін, елін шексіз беріліп сүйетін патриот. Қазақтың тілі, тарихы, дәстүрі, дүниетанымын да ұрпақтың бойына қалыптастыратын ұлы тұлға – ұстаз тұлғасы.

Білім мен тәрбиенің тұтқасын ұстайтын да ұстаздар қауымы. Жасұрпақты тәрбие мен тағылымнан тамырландырып, ұлттың ұлы дәстүрлерін құрметтейтін, өз ұлтының мәдени-ойлау жүйесін бойына қалыптастырып өсіретін, тұлға болып қалыптасуына негіз болатын да ұстаздар. Сонымен, ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшыратын қасиетті адам. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейтін ұлы есім…Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымыз бен игі қасиеттерімізді жасұрпақтың бойына сіңіретін тұлға да оның ұстазы. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі де сол – Ұстаз.

«Ұстаз» деген қазақ баласы үшін де қашан да қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен де ұштасып жатады. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшыратын бағбан. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейтін ұлы адам. Менің де осындай дәрежеге жетуіме, өмірде өз орнымды табуға, адами құндылықтарды  бойымда қалыптастыруыма, еңбекті бағалауға және тынбай еңбек етуіме өзіндік үлесін қосқан менің ұстазым – Әзиза Қалығұлова апайым. Мектеп бітіргеніме отыз жылдан астам уақыт болса да әлі күнге дейін менің көз алдымда ұстазымның жарқын бейнесі, әдемі сұлу жүзі сол қалпында тұрады. Әліппемен сауатымды ашқан, қолымды ұстап алғаш жазуға үйреткен, кең дариядай бол, шалқып өмір сүр сенің атың «Дариякүл» екен енді «Дария» болсын деп, маған ата анамнан кейін екінші рет атымды қойған адам да менің аяулы ұстазым. Аяулы да, қадірлі ұстазыма алғысым шексіз…

Мектепте әдебиет үйірмесі болатын. Ол кезде қазақ мектебі тек осы (Тараз қаласындағы) Жамбыл атындағы қазақ орта мектебі етін. Басқа үш-төрт мектеп аралас (орыс-қазақ) мектептер еді. Кеңес үкіметінің солақай саясатын біз онша білмей өстік, баламыз ғой. Сонда осы әдебиет үйірмесіне мені қатыстырып әдебиет классиктер С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезовтердің шығармаларын оқытқан, әдебиетке деген махаббатымды ашқан апайымның әдебиетті соншалықты терең білетіндігі, шынайы сүйетіндігі мені таң қалдыратын. Оны кейін білдім, апайымның сүйген жары-ақын Жақсылық Сәтібеков ағамыз екен. «Ақынның жары болу оңай емес»-деп, айтқан сөзін де кейін түсіндім… Жаны да, тәні де сұлу, бірін-бірі толықтырып тұратын осы бір жұп менің өмірімде махаббат деген сұлу сезімнің қандай болатындығына да өзіндік таңбасын қалдырды.

Шынайылық, тазалық, махаббат атаулыны да мен мектепте оқып жүргенде ұстазымның болмысынан көретінмін. «Махабат қызық мол жылдар», «Көшпенділер», «Тар жол тайғақ кешу», «Құрыш қалай шынықты» және тағы да басқа шығармаларды оқу арқылы, өмірде өз орнымды табуға, шынайы сүйіспеншілікпен өмір сүруіме үлкен септігін тигізді. Осы тұстағы айта кетуіме тиісті бір нәрсе мені өзінің шынайылығымен, идеяларымен, азаматтық, қайраткерлік қалыптасуыма, кемелдену баспалдағында өз орнымды табуыма, ұстаздық болмыстың сырына үңілуіме, анығырақ айтқанда ұстаздық мамандықты таңдауыма өмірімде өзіндік үлесімен ерекше қалған жан ұстазым – Әзиза Қалығұлова апайым.

Құрметті оқырман! «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газеті арқылы жолдаған челенджді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушы профессор құрамы қолдайды деп сенемін. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін мұғалімдер күні жақындап келеді. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әріп үйреніп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады. Тәуелсіз елімізде ғалым да, шахтер де бас иетін ұстаздар күні мерекесінің болғаны қандай тамаша!

Осы орайда, ұлағаттыларымызды ардақтауға бағытталған әлеуметтік жобаның қозғаушысы болуды жөн көріп отырмын. Бұл жобаның мақсаты – алғаш әріп үйретіп, оны жазғызған алғашқы ұстаздарымыздың мәртебесін арттыру, насихаттау. Осы тұста, өзімнің алғашқы ұстазымды да сіздерге таныстыра өтейін. Менің осындай дәрежеге жетуіме, өмірде өз орнымды табуға, адами құндылықтарды  бойымда қалыптастыруыма, еңбекті бағалауға және тынбай еңбек етуіме өзіндік үлесін қосқан менің  ұстазым – Әзиза Қалығұлова апайым. Аяулы да, қәдірлі ұстазыма алғысым шексіз…

Дария  Пернешқызы ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий