Сәуле берер жаныңа
Ұлы, дана қазақтың біртума ақыны Абай атамыз айтқандай, адам дүние есігін аша салысымен есті болып тумайды. Олар келе –келе көріп, біліп, өзін қоршаған тіршілік атаулыны ең алдымен отбасында, сосын өмірлік азық беретін мектеп қабырғасында тани бастайды. Мұғалімдер болашақ қоғам мүшесінің жан дүниесін оятып, әріп танытып, әр түрлі ғылым саласынан хабардар етіп, өмірлеріне керекті білім нәрімен сусындатады, бағыт пен бағдар береді, кеуделеріне білім сәулесін себелетіп, жа өреннің бойындағы қабілетін танып, дарынының оянуына түрткі болады.
Өмірден өз орындарын тауып, белгілі маман иесі болып, елі мен жерін көркейтуге титтейде болса үлесін қосу жолында еңбек етуге баулитын да мұғалімдер. Сол себепті болса керек ұстаз атының әрбір адамның жадында жаңғырып ұмытылмайтыны. Біздің ұстаздар ұжымының қызметіне биыл он жыл толды. 2010 жылы алғашқы қоңырау даусы сыңғырлап, алғашқы шәкірттері ерекше гимназияның табалдырығын аттаған. Еш нәрсе бір орнында тұрмайтыны сияқты, содан бері білікті ұстаздарымыздың арқасында мектеп қабырғасынан тоғыз мәрте арман кемесін серік еткен көптеген түлектер қанат қағып, 19 оқушы «Алтын белгіге», он халықаралық ғылыми жоба иегерлері бітіріп, жалпы орта білім алғандары туралы аттестаттарын алды.
“Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады”, – деп Мағжан Жұмабаев айрықша атап айтқандай жыл сайынғы мектеп бітіруші түлектер түгел дерлік грант иегері атанады. Нәтижеге бағытталған жаңа бағдарламаға сәйкес білікті ұстаздарымыз бен бірге жас маман мұғалімдеріміз де заман талабына сай адымдауда. Ардагер ұстаздарымыз В.Гладченко, Р.Галиева, В.Елкина, Л.Лапина, А.Жаманғараева сияқты өз ісінің шеберлері пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларды құр жіберген емес. Олармен қоса солардың ізін баса жылжып келе жатқан жастарымыз да республика көлемінде өз еңбектерінің жемісін көрсетуде.

Әр жыл сайын аудан, облыстық, республика, халықаралық көлемде білім деңгейлерін сынға салып, сертификаттар, грамоталар, дипломдармен марапатталған оқушыларымыз да көбеюде. Тіпті өнер саласында биікке самғап, танымал өнер қайраткерлерінің біріне айналған шәкірттеріміз де жоқ емес. Мәселен, Сулеменов Сануржан өзінің актерлік шеберлігін гимназия қабырғасында театр үйірмесінен шыңдаған, кино саласында «Аңшы бала», «Весь мир у наших ног», «Районы», «Батыр», «Крыля подаренные матерью», «Шестой пост», «Любовь, Надежда, Астана» фильмдерінде басты ролдерді сомдап жүрген белгілі актерлердің бірі. Нетесов Александр сегізінші сыныптан кейін Алматы қаласындағы П.И.Чайковский колледжінің студенті атанып, халықаралық деңгейдегі өнерпаздар байқауларының жеңімпазы ретінде танымал болып жүрген түлегіміз.
Айтыскер ақын қызымыз Манарбекова Ақбота үш жыл бұрын Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» жас ақындар айтысында гимназиямыздың намысын қорғап, еліміздің әр аймағынан келген елу айтыскер оқушының ішінен оза шауып, гран-приді жеңіп алды. Кенен Әзірбаев атындағы арнайы жүлдеге және ақшалай сыйлыққа ие болды. Бұл жетістіктің бәрі ұлағатты ұстаздардың ерен еңбектерінің жемісі, әрине. Сонымен бірге білім ордамызда «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дегендей, «Жас дарын» домбырашылар ансамблі мен «Гүлдәурен» би тобы бар.

Бұл топтар талай республикалық байқауларда өнер сайысына түсіп, жүлделі орындарды қанжығаларына байлауда. Бокс, волейбол, футбол, теннис секілді спорт саласында жетістікке қол жеткізудеміз. Біздің тәжірибелі тәлімгерлер баулыған Игибаева Айгүл Алматы қыздар университетінің қыздар арасындағы волейбол лигасының мүшесі, спорт шебері, екі дүркін республикалық жарыстар жеңімпазы. Волейболдан тәуелсіз жұртымыздың намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген спорт саңлағы. Танымал түлектеріміздің жетістігі олардың бойындағы қарымы мен қабілетін шыңдап, биік асуларға жол сілтеген ұлағатты ұстаздарының шеберлігі екендігі даусыз.
Осындай талантты шәкірттері бар гимназиямызда биылғы жылы да тынымсыз еңбек етіп жатқан сексенге жуық педагогтеріміз мұғалімдеріміз барлық білім беру жүйелері қашықтан оқыту жүйесіне көшкен кезде арқаға түскен ауыр жүкті көштен қалмай көтеруде. Бүкіл дүниежүзі халқы үшін сын болған жұқпалы дерттен сақтанудың барлық қатаң талаптарын орындау барысында жұдырықтай жұмылған бір тұтас ұжым жаңаша жұмыс жасауда. Суырып салма айбарлы ақын Махамбеттің өлеңінде “Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай”. – деп жырлағандай қолымызға қару алып, жауға қарсы шаппасақ та, қатерлі індетінің салған әлегіне баршамыз қарсы тұрудамыз. Өйткені бұл таразы басына адам өмірі тігілген мылтықсыз майдан. Осының бәріне басшылық етіп отырған директорымыз Махметова Жанат Сейдинқызы және басқа да әкімшілік мүшелері. Сөз соңында мектеппен жаны бір барлық әріптестерімізді алдағы ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Ерен еңбектері жемісін беріп, топ жаратын дарабоз шәкірттері көп болсын!
Сауле Әділханқызы САДУАҚАСОВА,
Дарынды балаларға арналған үш тілде
оқытатын Қарғалы №2 арнаулы гимназия
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Құндыз Ирболқызы БОРАНБАЕВА,
қазақ тілі пәнінің мұғалімі,
Алматы облысының Жамбыл ауданы