Қазақ тілі мен әдебиеті: Ұлттық тәрбие құндылықтарын қалыптастырудың маңызы

Отаншылдық сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Сондықтан да, сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару – жалпы ұлттың алдында тұрған ұлы міндет болып отыр.

Бүгінгі таңда сапалы білім мен саналы тәрбие беру ұлттық тәрбиемен қалыптасады. Ұлттық тәрбиеде, әсіресе, ана тілі байлығының алар орны ерекше екені белгілі. Осыны ескере келе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту барысында тек қана теориялық білім беріп қана қоймай, ұлттық үрдісімізден хабар бере отырып, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мәселесіне жете назар аударуға тырысу керек. Білім мен тәрбие берудегі озық ұстанымдардың ұлттық тәрбие құндылықтарымен байланыстыра отырып, әр оқушының қабілетін, талантын ашу, өзіндік ұлттық тәрбиесі мен санасын қалыптастыру – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті ұстаздар қауымының алдында тұрған басты міндет болып табылады.

Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің  негіздерін, қазақ ғұламалары мен ағартушыларының,  қоғам  қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы ойларын, даналық сөзерін және халқымыздың айнасы болған зиялы қауым, қоғам қайраткерлерін үлгі-өнеге етіп көрсетіп, мол мұраларын насихаттай білуіміз қажет. Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевың: “Мағжанның жүрек тебірентерлік мөп-мөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңқалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың түпсіз терең философиялық толғаулары сияқты осынша мол рухани қазына әрбір адамның ішкі жан дүниесін байытып, сана-сезімін шарықтата көтеретініне күмән келтіре алмаймыз”, – деуінің өзі біздің жоғарыда айтылған пікірлерімізге толық дәлел бола алады. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында осындай ұлыларымыздың  өнегелі өмірін, тәлімі мол мұрасын, батырларымыздың қайсар ерліктерін үнемі насихаттап, әрбір оқушының бойында «Мен де сондай болсам ғой» деген ізгі армандарын  қалыптастыра отырып, ұлттық мақтаныш сезімін оята білуіміз қажет. Ұлттық тәрбиені қалыптастыруда  ұлттық ойындардың алатын орны ерекше. Мінекей, осы ұлттық ойындарымызды да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде кеңінен насихатай білуіміз қажет.

Халқымыз “Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез” дегенді тегін айтпаған. Сондықтан да ғасырлар бойына сөз құдіретін сезіне білген, шешеннің билігіне тоқтаған, елдікті сақтаудағы тапқырлығына тәнті болып, дәріптеген. Ал әдеби шығармалардың қайсысы болмасын өскелең ұрпақты ерлікке, батырлыққа, тапқырлыққа, терең ойлылыққа тәрбиелеген. “Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы» екендігін естен шығармай, мәдениетімізді терең зерделеу арқылы “Мәңгілік ел” бола алатынымыз хақ. Қорыта келгенде, ұрпағымызды парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, рухани дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар ұрпақ өсіргіміз келсе, бүкіл қоғамдық өмірдің өзегін келешек ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағыттаумыз қажет.

Замира ТАБЫНБАЕВА,
М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп
гимназияның қазақ тілі 
мен әдебиеті пәні
мұғалімі, 
Ақтөбе қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий