Электрондық оқытудың маңызы мен ұйымдастыру жолдары

Бейсембаева Динара Токтаркановна
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебінің» химия пәні мұғалімі, экология магистрі
Жетписова Манат Жумахановна
п.ғ.магистрі, «НЗМ» ДББҰ, ЦББҚ әзірлеу бөлімінің аға менеджері

Бүгінгі таңда әлем Төртінші индустриялық революция кезеңіне, яғни цифрлық технологияларды өндірістік процесстерге енгізуге көшкендігі баршамызға аян. Бұл осы уақытқа дейін механикалық міндеттерді орындап келген жұмысшыларға деген сұраныстың азайып, және керісінше, еңбек нарығындағы жаңа технологиялармен қарым-қатынас орната алатын мамандарға деген ұсыныс артады деген сөз.

Осы тұрғыда, болашақтың жұмыс күштерін даярлауда білім беру жүйесі негізгі элемент болып табылады. Яғни, білім алушыларда (оқушыларда) бүгінгі күннен бастап цифрлық технологиялармен жұмыс істей алу дағдылары қалыптасатын болса, соғұрлым оларда өз бетімен білім алуға, өмір бойы оқуға, тіпті болашақта өте жақсы жұмыс таба алуына жол ашылады.

11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) COVID-19 Коронавирустық инфекциясының таралу сипатын пандемия деп жариялағаны белгілі. Індеттің әлем бойынша таралуы білім алушылардың басым көпшілігін үйде білім алуға мәжбүр етті. Пандемия әсерінен оқушылардың сапалы білім алуына бірқатар кедергілер туындағаны мәлім. Атап айтсақ, өте қарқынды дамып келе жатқан цифрлық әлемде қажетті ресурстардың жетіспеушілігі, партада отырып қағаз, қаламмен, тақтаның алдында жұмыс істеп үйреніп қалған оқушылардың цифрлық құралдарды білім алуда қолдана алу дағдысының жеткілікті дәрежеде қалыптаспағандығы, онлайн немесе қашықтықтан оқыту процесін жоспарлау, ұйымдастыруда көпшілік мұғалімдердің әдістемелік тұрғыда дайын болмауы т.с.с.

Десе де, еліміздің ұстаздар қауымы теле-сабақтар әзірлеп, білім алу процессінің тоқтап қалуына жол берген жоқ. Әлем бойынша жайылған індет ата-аналарға, оқушыларға және білім саласында жүрген кейбір мамандарға қашықтықтан оқыту мен онлайн оқытудың ара-жігін ажыратып алуды қажет етті.

Сонымен қашықтықтан оқыту мен онлайн оқыту арасындағы айырмашылық неде?–деген сұраққа жауап беріп көрейік. Сұраққа сапалы жауап беру үшін алдымен қашықтықтан және онлайн оқыту мазмұнын қарастырайық. Шет елдік педагогикалық-психологиялық еңбектерді зерттеу, қашықтықтан оқытуға берілген анықтамалардың цифрлық технологиялардың дамуымен қатар толықтырылып өзгеріп отырғанын көрсетті. Бірақ дәстүрлі емес ортада (сыныптан тыс) ақпараттық технологияларды қолдана отырып адамдарды оқыту концепциясы барлық уақытта өзгеріссіз қалады. Біз В.П. Тихомиров, В.И. Солдаткин, Д.Э. Колосовтардың ұсынған, қашықтан оқыту дегеніміз–оқытушылар мен білім алушылардың өзара және оқыту құралдарымен интерактивті, асинхронды қарым-қатынасының мақсатқа бағытталған, уақыт пен кеңістікте орналасуына инвариантты процесс деген анықтамасына сүйенетін боламыз. Ал «онлайн-оқыту» термині толықтай онлайн жүзеге асырылатын оқу тәсілдерін де, сонымен қоса жартылай онлайн тәсілдерді де қамтиды.

Оқытудың екі түрінде де оқушылар компьютерлерде, немесе басқа да цифрлық құралдарда жұмыс істейді. Бірақ айырмашылығы мыналарда: өту орыны, қарым-қатынас және оқушының іс-әрекеті (кесте 1).

 

Кесте 1. Онлайн және қашықтықтан оқу арасындағы айырмашылықтар

 

 

Критерийлер

 

Онлайн оқыту

(электрондық оқыту)

 

 

Қашықтықтан оқыту

Ұйымдастырылу орны

–                      оқушылар мұғаліммен кеңістік пен уақыт бойынша бірге болады

–                      оқушылар мен мұғалім кеңістік және уақыт бойынша бірге болмауы мүмкін. Оқушылар цифрлық платформаларға тіркеліп, мұғалім тағайындаған тапсырмаларды онлайн режимінде орындайды

Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас

–                      мұғалім мен оқушылар арасында жүйелі түрдегі жеке қарым-қатынас орнайды

–                      оқытудың түрлі мүмкіндіктері мен жеке оқыту әдістерін қолдана алады

–                      жеке қарым-қатынас қарастырылмаған, бірақ цифрлық қарым-қатынас үшін хабарламалар алмасуға арналған түрлі қосымшалар, бейнеқоңыраулар, талқылау жүргізу тақталары және мектеп ұсынған оқытуды басқаруға арналған жүйелер қолданылуы мүмкін

–                      мұғалім өзінің оқыту стиліне байланысты түрлі әдістерді қолдана алмайды. Сәйкесінше оқытудың түрлі стратегияларын қолдануда шектеулер туындайды.

Оқушы іс-әрекеті

–                      оқушы онлайн-кеңістікте пікір-таластарға қатыса алады

–                      оқушы мен мұғалім немесе басқа құрбылары арасында әлеуметтің қарым-қатынас орнайды

–                      оқушы оқу процессіне белсене араласады

–                      оқушылар үшін икемді орта, яғни әр оқушы өзінің қарқынына қарай іс-әрекеттеріне талдау жасай отырып білім алады

 

Оқытудың осы аталған түрлерінің өздеріне тән басымдықтары бар. Мысалы, онлайн-оқытуды аралас оқыту әдісінің бір бөлігі ретінде қолдану оқушылардың құштарлығын, ынтасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, онлайн-оқыту құралдарын қолдану оқытуды дифференциациялауды жеңілдетеді және мұғалімнің бағалау және жоспарлау кезіндегі уақытын үнемдейді. Себебі мұғалім дайын сабақ жоспарларын, оқу материалдарын және бағалау құралдарын сол қалпында немесе түрлендіріп қолдануы мүмкін. Онлайн-оқытудың көптеген құралдары бағалауды автоматтандыру және нәтижені жинақтап беру мүмкіндігіне ие.

Қашықтықтан оқытудың да жоғарыда аталған оқыту түрімен салыстырғанда өзіндік бірегей болып келетін артықшылықтары бар. Мысалы, оқушылар мұғалім тағайындаған тапсырмалар мен оқу материалдарына өздеріне ынғайлы уақытта қол жеткізе алады.

Аталған оқыту түрлерінің артықшылығымен қоса, кемшіліктері де бар. Онлайн –оқытуда барлық оқушылар үшін цифрлық ресурстардың үнемі қолжетімді болмауы және интерактивті оқытудың уақыт бойынша үлкен интервалды қамту мүмкіндігі. Мысалы, оқушылар таңнан кешке дейін компьютер немесе басқа құрылғы экранына қарап отыра алмайды. Тапсырманы орындауда академиялық әділдік шарттарының орындалмауы да онлайн-оқыту кемшіліктерінің бірі бола алады.

Қашықтықтан оқытуды жүзеге асыру кезінде үш негізгі мәселелерді есепке алған жөн. Біріншіден, егер оқушыларда қажетті құралдар немесе Интернетке байланыс болмаса, қашықтықтан оқытуды қолдану мүмкін емес болады. Қашықтықтан оқыту оқушылардың толығымен компьютермен немесе планшетпен уақыт пен кеңістікке тәуелсіз білім алуына негізделген. Сондықтан, егер оқушыларда мұндай мүмкіндік болмаса, қашықтықтан оқыту жүзеге аспайды. Екіншіден, қашықтықтан оқыту процесінде оқушылардың шын мәнінде қалай жұмыс істеп жатқандығын қадағалауда, бақылауда қиындықтар кездеседі. Бұл үшінші мәселемен – оқушылардың шыншыл болмауымен тығыз байланысты.

Цифрлық технологиялар жетістіктерін қолданып ұйымдастыруға арналған оқыту түрлерін дәстүрлі немесе индустриялық технологиялар заманындағы оқыту түрімен салыстыратын болсақ, мұғалімнің рөлі мен қашықтықтан және онлайн-оқытудағы оқушыларға қойылатын талаптарды есепке алу керек. Себебі, процесс мұғалімге емес, оқушыға бағдарланған, оқыту үшін арнайы белгіленген орын және уақыт емес, оқушының кез-келген уақытта кез-келген жерде өз бетімен білім алуы, цифрлық индустриялық ресурстар көмекші құрал ретінде емес, оқытуды трансформациялаудағы негізгі құрал, игерілген білімдерді ары қарай жалғастыру емес, өмір бойы оқу, фрагменттелген оқыту емес, интеграцияланған оқыту мұның барлығы цифрлық ғасырдағы оқыту белгілері болып табылады. Жоғарыда айтқанымыздай, аталған оқыту түрлерін ұйымдастыру қарапайым мәселе емес, яғни интерактивті әдістерді қолданып онлайн режимде ақпараттарды тарату толық қанды оқыту процесін ұйымдастыру деген сөз емес. Вауганның (2010) айтуынша кейбір мұғалімдерге «ақпаратты таратудан гөрі, оқушылар өзара қарым-қатынас арқылы басқалармен біріге отырып білімдерді құрастыру процесі жүретін оқу ортасын құруға бағытталған, өздерінің оқытуда қолданып жүрген әдіс-тәсілдерін трансформациялауы» қиынға түседі.

Тікелей оқу сыныптарындағы оқытудан аралас немесе интерактивті әдістерге көшу, оқушылар үшін тиімді оқу ортасын құру, мұғалімдерге кәсіби сын-тегеурінді болуды талап етеді және қазіргі уақытта олардың көпшілігі тенологиялардың қолданылуына байланысты өз міндеттері мен рөлдерінің, қарым-қатынастың ауысқандығына алаңдаулы. Сондықтан мұғалімдер қауымдастығы онлайн-педагогика мәселелерін әлі де болса қарастыруды талап етеді.

Пельц (2004) тиімді онлайн-педагогиканың үш негізгі принциптерін ерекшелейді. Бірінші принцип мұғалім мен оқушы арасындағы қашықтыққа байланысты онлайн-курсты оқушы жетекшілігіне бағдарлау фактісіне негізделген. Мұғалім оқушылардың өздері оқу процессін басқара алатындай етіп сабақ жоспарына түзетулер енгізе алады. Мұны жүзеге асырудың бірнеше жолы бар:

  • оқушылардың пікір-таластары;
  • оқушылар веб-ресурстарды іздеп табады, талқылайды және бөліседі;
  • құрбыларына көмектеседі және оқытады;
  • құрбыларын бағалайды және оларға қатысты пікірлерін білдіре алады;
  • топпен жүргізілген тақырыптық зерттеуді талдау.

Сапалы онлайн-оқытудың кілті – интерактивтілік болып табылады. Бұл тиімді онлайн-педагогикадағы екінші принцип. Оқушылар бір-бірімен қатынасу және мұғаліммен, басқа да оқушылармен, оқу материалымен қарым-қатынас жасай алу мүмкіндігіне ие болу керек.

Соңғы принцип – (процеске) қатысу қажеттілігі. Онлайн-курсқа қатысушы оқушылар, мұғалім және оқу материалдары арасындағы қашықтық оқу үлгерімі мен оқушының ынталану деңгейінің кейін қалуына әкелуі мүмкін. Осы процесске мұғалімдер мен оқушылардың қатысуын арттыруға арналған интеграциялау тәсілдерінің арқасында оқушылар оқыту процесіне неғұрлым қызығушылықпен қарайтын болады. Пельц (2004) онлайн-курсқа қатысудың бірнеше түрін ұсынады:

  • Әлеуметтік қатысу: онлайн-оқыту үшін мұғалімнің қауымдастық құрғаны өте маңызды болып саналады. Мұнда әрбір оқушы Интернетте өзін жеке адам ретінде дара екендігін көрсете алады, сұрақтарымен бөлісіп, көмек сұрай алады;
  • Танымдық қатысу: оқушыларға талқылау мен зерттеулер көмегімен өз ойларын еркін құрастыра алатын орта қажет;
  • Мұғалімнің қатысуы: онлайн-оқытуда оқушы неғұрлым өз бетімен жұмыс істеуі қажет болса да, эксперттің, немесе мұғалімнің жетекшілігі оқушылар үшін өте маңызды. Олай дейтініміз, олар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алуды, пікір-таластарды өткізуді, виртуалды сыныпты басқаруды мұғалімнен күтеді.

Көптеген тәжірибелі мұғалімдердің өзі алғаш тікелей оқыту түрінен аралас немесе онлайн-оқыту түріне көшкенде жоғарыда айтып кеткеніміздей қиыншылықтарға тап болады. Бұл мәселені шешуде онлайн-оқыту қауымдастығын құру, оқушылармен онлайн қарым-қатынас орнатудың түрлі әдіс-тәсілдерін оқып үйренген жөн.

Қашықтықтан оқыту жағдайында педагог мамандар қандай технологиялар мен стратегияларды қолдануы мүмкін? Оқытудың қандай моделін қолдануға болады?

Аталған процессті жүзеге асыруда зерттеулерге негізделген «5Е(engage, explore, explain, elaborate, evaluate)» оқыту моделі қолданылуы мүмкін (Норзерн, 2019). Себебі, аталған модел оқушылардың өз оқуларына жауапкершілікпен қарап, өздеріне қажетті білімдерді игеру жолын құрастыруға мүмкіндік береді (кесте 2). Кестеде зерттеулерге негізделген оқыту үлгісінің әр кезеңдерінде қолданылуы мүмкін стратегиялар мен оқыту құралдары ұсынылған.

Кесте 2. Қашықтықтан оқыту жағдайында «5Е» оқыту моделінің іске асырылуы

 

Сабақ элементі

 

Қызметі

 

Стратегиялар

 

Оқыту құралдары

Еліктіру/қызығушылықты ояту (Engage)

Уәждемелік (тақырыпқа, жаңа ақпаратпен жұмысқа деген қызығушылықты оятады);

Ақпараттық (мәлімделген тақырыпқа байланысты алдын-ала белгілі білімдерді еске түсіруге мәжбүрлейді);

Коммуникациялық (болжам,  пікірлермен тартыссыз алмасуды меңзейді)

«Миға шабуыл»

«Ассоциациялар»

«Идеялар себеті»

«Кілттік сөздер»

«Сұрақ-жауап»

Білімді белсендіру

Google classroom

Padlet

Bitpaper

Twidla

Miro

Mentimeter

 

Оқып-үйрену (Explore)

Жаңа ақпаратпен өз бетімен жұмыс

Материал бойынша зерттеулер жүргізу, бейнематериалды қарау, мақалалар мен талқылауларды оқу

Pear Deck дискуссиялар

Google Classroom Сұрақтар

Khan Academy видео

Ed Puzzle видео

Youtube видео

Padlet онлайн дискуссиялар

Google slide Deck

Insert Learning

Түсіндіру (Explain)

Мұғалімнің түсіндіруі арқылы жүретін сабақтың ақпараттық кезеңі

Синхронды сабақтар

Нақты нұсқаулары бар бейнесабақтар (дайын немесе мұғалім әзірлеген)

Google meet

Google Hangouts

Zoom

Teams

(онлайн режимде сабақтарды ұйымдастыруға болады)

 

Screencastify – (компьютер экранындағы әрекеттерді бейнежазбаға түсіруге мүмкіндік беретін Chrome кеңейтілімі)

 

FastStone Capture (экранды жазуға арналған қосымша)

 

YouTube (онлайн видеоплэйлисттер әзірлеуге мүмкіндік береді)

 

Edpuzzle (бейнематериалды қарап отырып, сұрақтарға жауап алуға арналған қосымша)

 

FlipGrid (жекелеген оқушылар жалпы пікір-таласқа қатыса отырып платформада бөлісе алуы мүмкін

Ой-толғау(Elaborate)

Алған білімдердің мағынасын түсіну, концепттер арасында жаңа байланыстарды қалыптастыру, білімдерді іс-жүзінде қолдана білу

«Жуан және жіңішке сұрақтар»

Кластерлер

«Фишбоун»

«Visible thinking routines»

Quizlett

Google Docs

Padlet

Kahoot!

Miro

FlipGrid

Bitpaper

Бағалау (Evaluate)

Қалыптастырушы бағалау, кері байланыс

Тесттер, сәйкестендіру, қысқаша эссе, видеорефлексия,

синквейн

Quizlett

Google Forms

Kahoot!

Padlet

Miro

FlipGrid

Socrative

Қашықтықтан және онлайн-оқыту жағдайында қалыптастыру, жиынтық бағалау маңызды орын алатыны сөзсіз. Қалыптастырушы бағалау оқыту процессін бағалау үшін қолданылса, жиынтық бағалау оқытудың нәтижелерін өлшейді. Бірақ ең бастысы қашықтықтан оқыту кезінде оқушыларға дәл уақытында кері байланыс беру. Брэнсфордтың (2000) пайымдауынша егер оқушылар кері байланысты өздерінің ойлау процесстерін немесе концепттер арасындағы қате құрылған байланыстарды өзгерту үшін қолдана алатын болса, онда ол процесске қатысушылар үшін құнды болып табылады.

Жоғарыда қашықтықтан оқыту түріне де, онлайн оқыту түріне де тән кемшілік–оқушылардың академиялық әділдікті сақтамауын атап өттік. Осы кемшілік орын алмауы үшін қысқа тізбектелген тапсырмаларды, жекелеген оқушыларға ғана бағытталған тапсырмаларды, оқу материалын оқып отырып жауап беруге арналған тапсырмаларды қолдануға болады. Бұл әдістерді қолданудың негізгі шарттарының бірі жүйелілік пен тапсырмалардың берілу жиілігі. Академиялық әділдікпен байланысқан келесі мәселе – оқушылардың өз бетімен орындаған тапсырмаларын тексеру барысында кездесетін плагиат. Мұндай жағдай орын алмауы үшін мақсаты мен нұсқаулары өзіне тән ерекше тапсырмалар құрастыруға болады және тапсырманы алдын-ала интернет жүйесінде ұқсас тапсырмалардың болуына тексеріп алу қажет. Тапсырмаларды орындау уақытында оқушылардың бір-бірімен онлайн қосымшалары арқылы ақпаратпен жасырын алмасулары да мүмкін. Бұл мәселені бірнеше жолмен шешуге болады. Біріншіден, тапсырманы орындау күні мен дәл уақытын белгілеу, сұраққа бірнеше рет жауап беруді болдырмайтын қосымшаларды қолдану (мысалы, Google Forms-ты). Екіншіден, бірнеше тапсырма әзірлеп, оларды оқушыларға кездейсоқ тәсілмен тағайындау.

Сонымен, онлайн-оқытудың да, қашықтықтан оқытудың да білім беру жүйесінде алатын өзіндік орындары бар. Біздің ойымызша, онлайн-оқытуды орта білім беру жүйесіндегі негізгі және жоғары сыныптарында оқытудың түрлі тәсілдерін кіріктіре отырып қолданған тиімді. Себебі, қашықтықтан оқытуды үйлерінде түрлі технологияларға қол жеткізе алатын, өз бетімен жауапкершілікпен жұмыс істей алатын жоғарғы оқу орындарының білім алушыларына қолданған орынды бола еді. Онлайн-оқытуға дайын болу үшін мектеп қабырғасында ұйымдастырылатын сабақтарды жоспарлауда аралас-оқыту түрі жиі қолданылса, жоғарыда аталған мәселелер шешімін табады деп ойлаймыз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий