Сенімділік серігің

Өзіңе деген сенім – қанмен берілетін қасиет емес, көзбен көріп, санаға сіңіретін әдет! Әке асқар тау,ана мөлдір бұлақ, бала жайқалған жағадағы жасыл құрақ демейдіме атам қазақ. Олай болса жайқалған жасыл құрақтарыңызға жаңа оқу жылы үлкен табыс әкелгей!!! Ата-ана қандай болса, бала да сондай болады. Егер сіз балаңызға өзіңіз қолыңыз жетпеген талаптар қоятын болсаңыз, оның оларға жетуі екіталай. Керісінше, ол сізге ерегісіп, кері жүруі мүмкін. Бұл көп жағдайда қасақана емес болатын жағдай.

Көп жағдайда баланың тұйықтығын, өзіне сенімсіздігін ата-анасы баланың сыныптастарынан, қатарластарынан көреді. Яғни, «менің баламды ұрады, баламмен дос болмайды» деген айып тағып, күйіп пісіп жүреді. Негізінде баланың мінезінің ерекшелігі тек ата-анасына байланысты. Оған айтар сөздеріңіз, оған көрсететін тәліміңіз, оған үйрететін әрекеттер. Тіпті, сіз «істеме» деген нәрсені ол бәрібір тыңдамай істеуі мүмкін, егер сіз өз сөзіңізге қарсы шықсаңыз. Егер сіз темекіге тыйым сала тұра, өзіңіз темекі шегетін болсаңыз, бала ызаланып, қайталауы мүмкін.

Яғни ол сіздің сөзіңізді емес, әрекетіңізге қарайды. Сол сияқты сенім де: егер сіз өзіңізге сенімсіз бола тұра, балаңызға сондай талап қойсаңыз, ол оны көтере алмайды. Жұмысында, жеке ісінде жолы болмаса да, кейбір нәрселер ойдағыдай болмаса да сабырлық танытып, бар жігерін жинап, қайталап байқап көретін әкенің әрекетін бала бейсаналы түрде қайталайды. Себебі ол соны «дұрыс әрекет, дұрыс реакция» деп түсінеді. Сондықтан әрбір ата-ана эмоцияға берілмей, өзінің отбасы алдындағы жауапкершілігі бар екенін ұмытпай, сабыр, байсалдылық танытуы керек. Сіздердің көз қуаныштарыңыз бола білген ұл-қыздарыңызға тек қана сәттілік серіктеріңіз болсын дегім келеді.

Әділбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,
№81 орта мектебінің педагог-психологы,
Қазақстан Республикасы Қазақ Психологиялық
қоғамының мүшесі, Қызылорда облысының
Арал ауданындағы Қызылжар ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий