Ұстаз – ұлы ұғым

Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Адамзаттың  жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Оңашада отырып,  ойға кетсем, ұстаз  туралы еріксіз нұрлы естеліктер  мені қиялға батырып жетелей жөнеледі. Ақын Жарасқан Әбдірашевтың  әке десе – ауылы, ауыл десе – әкесі есіне оралады демекші, менің де осы ұстаз мамандығын таңдауыма бірден-бір себепкер адам, ол – Әкем. Сәл шегініс жасалық… Әлі есімде бірде совхоздың орталық клубында қараша анының жетісіндегі үлкен меркеге орай жиналыс ұйымдастырылоды. Жиналыстан соң оқушылар дайындаған мерекелік концерт қойылды. Ол кезде мен алтыншы класта оқитынмын.

Сол жиналысқа ауыл тұрғындарының бәрі тайлы тұяғы қалмай жиналды. Совхоз директоры С.Молдашев, мектеп директоры Ш.Науханов, екі механизаторды және мені трибунадағы үлкен столға жайғастырды. Әрқайсысы сөз сөйледі. Мен дауыстап, мәнеріне келтіріп тақпақ оқыдым. Әрі қарай концерттің жүргізушісі болдым. Кеш бітті. Үйге келдік. Ата-анамның қуанышында шек жоқ. Көршілер құтты болсын айтып жатыр. Әкем мені жанына отырғызып, арқамнан сипап: – Қызым, бүгін ел алдында біздің мәртебемізді асырдың. Ризамыз саған… Өскенде кім болғың келеді деп, ойланбаған сұрағымды қойды.

Мен ойланып қалдым. Әкем бір нүктеге көзін қадап отырып, өзің білесің мен жетім өстім, балалар үйінде тәрбие алдым. Маған жол көрсетіп, ақыл берер  ешкімім болмады. Сен мұғалім болсаң қайтеді деп, қойып қалмасы бар ма? .. Ол кәсіп барлық мамандықтын төресі деп ойлаймын. Мен сенемін, сенің қолыңнан келеді, – деп  басымнан сипады. Мен болсам сабақ беріп жүрген әр апайды көз алдыма елестетіп, қайсысына ұқсасам екен деп қиялға беріліп кеткенім де әлі есімде. Міне, содан  бері  қырық жыл ұстаздық өмір тәжірибемде мен әкемнен  тек  өмірді ғана алмадым, ақыл-өсиетіне құлақ түріп, ұстаздық жолды  таңдадым. Ұстаз болу –  әрі бақыт, әрі абырой екенін түсіндім. Иә, білімін ұстаздық жолы – қиын да  қасиетті жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденіс арқасында талай табыстарға да қол жеткіздім.

Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы – бұл мектеп. Шәкірттері білімді, дарынды, қаламыздың қақ төрінен  орын тепкен, заманауи талаптарға сай, терезесі тең білім ордасының мұғалімімін деп мақтанышпен айта аламын. Біздің қара шаңырақ талай таланттары түлетіп, дарындыларды даралауда беделі биік білім ордасы. Гимназияның үжымы жайлы айтар болсам, жандары жайсаң, жақсылыққа ғана ұмтылған, білікті де, білімді ұстаздардың ортасы. Ұжымға  әрдайым қолдау беріп, қанаттандырып, жігерлендіріп отыратын білім ордамыздың басшысы Джамбулова Айжан Сматқызының еңбеген айтпай кетуге болмайды.

Жетекшілік жұмысын жасаған үш-төрт жылдың аралығында гимназиямыз қалалық, облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылған түрлі білім додаларынан, шығармашылық мәдени байқаулар мен байқауларға ұйымшылдықпен белсене қатысып, қандай іс-шараның да ұтымды үйлестірілуіне қолдау көрсетіп келеді. Әрі қала мектептері арасында суырылып алға шығып, биік белестерді бағындырудамыз. 2016 – 2017 жылдары жалпы білім беретін пәндер бойынша  олимпиаданың облыстық кезеңінде белсенділік танытқанымыз үшін «Үздік инновациялық мектеп» атағын иелендік. 2018 жылы қала әкімінің «Ең үздік мектеп»  дипломын және «Үздік инновациялық мектеп»  бас жүлдесін алдық. Былтыр «Үздік инновациялық мектеп» байқауының екінші тұғырына көтерілген болатызбыз.

Жемісті жетістіктер әрине, шәкірт бойындағы қабілетті, іскерлікті, білімі мен біліктілігін дөп басып, өркениетті елдің болашақ ұрпағын даярлауда аянбай тер төгіп отырған іскер басшымыздың бағалы бастамаларын барынша қолдаған, ұлағатты ұстаздарымыздың ерен еңбегінің нақты тәтижесі. Ұстаз еңбегінің жемісі шәкіртінің жеткен жетістігімен бағаланатандығы даусыз. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Н.Ізімбетова, К.Бекетова, Г.Қалауова, Г.Мұқашева, математик ұстаздар Б.Омарова, Ү.Сейілханова, химия және география пәнінің  мұғалімдері Г. Сүйіншалиева, Г.Жалашева, Г.Амантаева, Г.Габдуллина, ағылшын тілінің тәжірибелі тәлімгерлері Л.Көмекбаева, Л.Меңдібаева, А.Әбенова сынды ұстаздар үнемі ізденіс үстінде жүріп, талапты жас өрендеріміз кез – келген байқаудың жүлдегерлері атанып келеді.

Ұстаздардың тәлімі мен тағылымын бойына сіңріген талай түлегіміз арман мақсаттарына қол жеткізіп, еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа қызмет етуде. Оның бірі, бірегейі менің шәкіртім Димашпен де ұжым мақтана алады. Біздің гимназияның дәлізімен өтсеңіз, көздің жауын алатын Димаш туралы стенд, қарап тұрып кеудеңді нұрға бөлейтін «Алтын белгі» иегерлері мен білім,  мәдени шараның жеңімпаздары туралы ақпарат беретін сурет мен мәліметтермен сусындайсыз. Тектілігі тұлғасын сомдаған, қуаныш-қайғысын қара өлеңмен толғаған, көктің сырын ұғатын, өсиет пен даналық шешен сөзді темірдей илей білген Мәңгілік ұлы даланың ұрпақтарына білім нәрін ұғындыру – барша ұстаздың мұраты деп ойлаймын. Алдағы уақытта ұстаздар қауымына шығармашылықтың шыңына жетіп, бейнеттің зейнетін көріп, қайраттарыңыз қажымай дендеріңіз сау болсын демекпін.

Роза ҚУАНЫШЕВА, 
М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп
гимназияның қазақ тілі мен
әдебиеті пәні
мұғалімі, Ақтөбе қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий