Бар жетістік – ұстаздар ұжымы еңбегінің жемісі

Оқушыға сапалы білім ғана емес, саналы тәрбие беруде мектепке абыройлы міндет жүктелген. Сенім биігінен көрініп, өңірдегі үздік білім беру ұйымы атанған №2 Тайынша орта мектебінің жетістігін көпке үлгі еткен жөн. Мектеп жұмысының алға басуы, ең алдымен, басшыға байланысты. Педагогикалық ұжымды жетістікке ұмтылдыруда өзінің іскерлік қабілетін танытып жүрген мектеп директоры Ғалия Жұмаевамен сұхбаттасудың сәті түсті, – деп жазады облыстық “СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайты.

Мектеп – кеме, білім – теңіз. Өрендер алып мұхитта адасып кетпеуі үшін кеменің сапалы болғаны абзал. Әңгіменің әлқиссасын білім ордасының қазіргі тыныс-тіршілігінен бастасаңыз? – Типтік үлгіде салынған төртқабатты мектеп 1973 жылы ашылған болатын. Қазір мұнда 334 оқушы білім алуда. Мектепалды даярлық сыныбы мен мектеп жанынан ашылған интернатта жалпы саны 50-ден астам бала тәрбиеленуде. Білім ордасына 2019 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Терезелері мен электр сымдары жаңартылып, қуат көзін үнемдейтін шамдар орнатылды. Спорт, акт залдары мен асхананың едендері де ауыстырылды. Қос тілде білім береміз. Мектеп ғимаратында бірыңғай ұлттық тестілеу пункті мен ресурстық орталық жұмыс істейді. №2 Тайынша орта мектебі аудандағы алдыңғы қатардағы білім беру ұйымдарының бірі екенін мақтанышпен айта аламын.

Әр тоқсан сайын бізде Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде түрлі кеңестер өтеді. Білім сапасын арттыру мақсатында өзге әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынастамыз. Оқушыларға сапалы білім берудің ең басты алғышарты – оқу орнын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Бізде материалдық-техникалық база талапқа сай. Барлық кабинеттер моноблоктармен жабдықталып, интернет жүйесіне қосылған. Қазір жоғары жылдамдықты интернет орнатылуда. Биыл аудан әкімдігінің қолдауымен мектеп аумағында жасанды жамылғысы бар заманауи футбол алаңы пайдалануға берілді.

Карантинге байланысты 200-ден астам бала қашықтан білім алуда. Бастауыш сынып оқушылары барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, штаттық режімде оқытылуда. Аудандық білім бөлімі тепловизор, санитайзер, антисептиктермен қамтамасыз етті. Оқушылар мен ұстаздар сандық білім беру ресурстарын белсенді қолдануда. Балалардың қауіпсіздігі де қатаң ескерілгенін айтып өткен жөн. Оқу-тәрбие үрдісінің қауіпсіздігі үшін бақылау камералары орнатылды.

Абай атамыз “Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл” деп бекер айтпаған. Бала бойына білім нәрін сеуіп, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға – ұстаз. Облыстың үздік оқу орнындағы мұғалімдердің жетістіктері қандай? – Қазір бізде біліктілігі жоғары 39 мұғалім жұмыс істейді. Біздің ұжым бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етуде. Аудандағы білім беру ұйымдары арасында жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің үлесі жағынан біздің мектеп көш басында. Ұстаздарымыз білім-біліктіліктерін жетілдіріп, жыл сайын курстан өтеді. Шәкірттеріміздің оқуда, ғылымда, шығармашылықта және спорттағы жетістіктері ұстаздардың еңбегінің жемісі деп айтуға болады.

Бәйгеге баптаған тұлпардай әр оқушымен жеке жұмыс жүргізіп, баланың бойындағы ерекшелікті байқап, дамытуда мұғалімдер ерен еңбек етуде. Соның нәтижесінде биыл үш түлегіміз “Алтын белгі” иегері атанды. Мектепті үздік аттестатқа тамамдаған шәкірттеріміз де бар. Оқу ордасында білім көрсеткіші ғана емес, мектептің ішкі ахуалы, ұжымның тұрақтылығы мен өзара қарым-қатынасы да сыйластыққа құрылуы тиіс.

Жоғарыда өзіңіз айтып өткендей, оқушылардың кейбірі қашықтан білім алуда. Осы онлайн оқыту білім сапасына кері әсер етіп отырған жоқ па? – Оқушылардың қашықтан білім алуы үшін мектепте барлық жағдай жасалды. Желіге қосылуға мүмкіндігі жоқ оқушылар компьютермен қамтамасыз етілді, ұстаздар арнайы дайындық курсынан өтті. Әр жұмыстың өз қиындығы болатыны секілді, жаңа жүйеде оқыту да ұстаздарға жауапкершілік жүктейді. Техникалық кедергілер орын алуы да заңдылық. Бірақ мұғалімдер жаңа жүйеге тез бейімделді. Онлайн оқу барысында бала сабақтан тез жалығып, сұрақтарға жауап беруде, сабақ айтуда енжарлық танытуы ықтимал. Сондықтан жүктемені азайту үшін динамикалық үзілістер қолданылады. Одан кейін оқушы сабаққа жақсы көңіл күймен оралады.

Биыл бұл оқу ордасы өңірдегі жалпы білім беретін мектептер арасында үздік атанды. Мұндай жетістікке қалай қол жеткіздіңіздер? – Бұл жетістік – ұжым еңбегінің жемісі. Дегенмен, жетістікке тоқмейілсімеу қажет. Ұжым әрқашан алға ұмтылып, оқытудың озық технологияларын пайдалануы керек. Ол үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Мектептің жетістігін ұстаздың еңбегімен ғана бағалауға болмайды. Шәкірттердің еңбекқорлығы, ізденімпаздығы мен білімге деген құштарлығы толағай табыстарға жол ашатынын да ұмытпауға тиіспіз. Алдымен оқушы бойында осы қасиеттерді қалыптастыруға баса назар аударылады. Қатып қалған қағида жоқ. Бастысы жұмысты дұрыс ұйымдастырған абзал. Мектептің даму жоспарын құрудың пайдасы зор.

Біз білім деңгейін жоғарылатуға, мұғалімдер арасында көшбасшылық қабілет қалыптастыруға, кәсіби құзыреттілікті дамытуға, ата-аналар мен оқушылар арасында өзара сындарлы әрекеттесу үрдісін дұрыс ұйымдастыруға баса көңіл бөлдік. Үздік білім беру ұйымы ретінде бізге облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың 34 миллион теңгенің сертификатын табыстауы зор қуаныш болды. Мұндай қолдауға педагогикалық ұжым дән риза. Бұл қаржыға жаңа құрал-жабдықтар сатып алуды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде оқушылар үшін жаңа парталар, спорттық жабдықтар, технология мен робототехника кабинеттеріне заманауи құралдар аламыз. Бұл білім сапасын арттырып, ұстаздардың жұмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий