Мамандығын міндетімен ұштастырған ұстаз

Ұстаз атты ұлы есімді иеленген жандардың ұрпақ тәрбиесіндегі еселі еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Тұлғалық даму, даралану жолында кездескен мұғалімдердің ұлықты ісі – қашан да өнеге болып қала бермек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыруды дәріптеу, әсте қадірлеу — ұлтымызда өркен жайған әдебиет пен мәдениеттің түп тамырын қалыптастыруда тағы да ұстаз алдында бас ию мақсат, һәм міндет, – деп жазады оңтүстік өңірден шығатын республикалық “АЙҒАҚ” газетінің сайты.

Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Төлеген Тәжібаевтың есімін иеленген Шымкент қаласындағы №47 мектеп-гимназиясы 30 жылдық тарихында талай шәкіртті алтын ұядан ұшырып, болашаққа қанаттандырды. Сол кезеңде мектеп табалдырығын жас маман болып аттаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мафруза Әділбекова бүгінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан білікті мұғалім, аяулы ана, ардақты жан. Сонау 2000-шы жылдардан бастап Мафруза Үсенқызы оқытқан шәкірттер ортасынан топ жарып, қалалық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларынан, ғылыми жұмыстардан жүлделі орындарды иемденіп жүрді. Жергілікті баспасөз беттерінде жас маман туралы сол кезеңде-ақ, алғашқы мақтаулы мақалалар жазыла бастады. Жан  жүрегі жақсылыққа құмар, адамгершіліктің асыл қасиетін ұлттық руханияттан алатын ұлағатты ұстаздың ғұмыр жолындағы жетістіктері тек биіктерге жетеледі.

Педагог – шәкірт жанының бағбаны, өз ісінің берілген ұстасы. Оның еңбегі шөлге құдық қазғанмен тең деп жатады.Адамның жасы қанша жыл өмір сүруімен емес, бойындағы абзал қасиеттерімен, парасат-пайымымен, жан дүниесінің жарқылымен, табиғат берген қуат-жігерімен таразыланса керек. Ішкі дүниесі мен сыртқы келбеті жарастық тапқан жанның бүгінгі заман талабына сәйкес балаларды оқыту методикасы оқушы жанын нұрландырады. Мафруза Үсенқызы тәрбиелеген талай шәкірт Қазақстанның түкпір-түкпірінде. Ұстаз мәртебесі – фило­со­фия­лық, психологиялық, тарихи, әлеу­меттік астары бар қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анық­тай­тын өлшем. Педагог тұғыры – қоғам мен мемлекет тұғыры. Ал, үнемі ізденіс үстінде жүретін Мафруза Әділбекова мұғалім мен шәкірт қарым-қатынасының білім беруден өзге рухани үндестік арқылы байланыс орнатудың биік екендігін БАҚ беттерінде де жазып жүр.

Түрлі тақырыптарда қалам тербеп, бүгін мен болашақтың маңызды тұстарын түртіп келеді. Сондықтан да, шығар мектеп қабырғасында ұжым алдында беделді, оқушылары алдында сый-құрметке ие. Мұғалімнің әрбір сөзін заң деп білу, оны мойындау – күнделікті сабақты ұғынудан да жоғары. Қазақ руханиятың шоқтығы биік мәртебесін ұлықтауда, тәрбиелі тағлымды ұмытпауда – әдебиеттің орны қандай жоғары болса, ұстаздың оқушысы алдындағы сыйын жоғалтпауы да сондай маңызды. Дана бабаларымыз балаға бі­лім­­нен бұрын тәрбие берілуі керек екенін мұнан мың жыл бұрын айтып кеткен. Отбасы тәлімі мен елдік тәрбие – білім жүйесінің әрі өзегі, әрі айнасы. Қазақстанның отаншыл ұл-қызын оқытудың мақсаты мен мазмұны жылдан-жылға айқындалып келеді.

Ал, Мафруза Үсенқызының бұл міндетте бағы мен бабы қатар шапқан. Бүгінгі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты, өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыратын, рухани дамыған, рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық–әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани – адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты шығармашыл тұлға. Әбу Насыр әл-Фараби сөзімен айтар болсақ,  «мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жеткен» бәсекеге қабілетті, жаңашыл, жасампаз маман.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий