Абайды негізге алған мектептің болашағы ерекше
Дөңгеленген дүние: жаһан, қоғам, ел, тұрмыс пен тіршілік бәрі бір орнында тұрмайды, жаңарады, жаңғырады және қозғалады. Әр қозғаушы күштің энергия беретін ортасы болады және молекуладан тұрады. Тіпті адам баласы да тірі органикалық клеткалардан құралады. Осы құралған тірі ағзаның қуаттау күші қайдан пайда болады? Ол, әрине, жүректен. Жүрек – үлкен қозғаушы күш. Біздің мектебіміздің де ядросы, яғни негізгі қозғаушы күші бар, ол – дана Абай, хакім Абай, ұстаз Абай.
Абай атамыздың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген нақыл сөзінің ізімен ой қозғағым келеді. Өйткені, Абайдың осы сөзі ұстаздардың асуларды бағындыруы үшін самғататын қанат тәрізді және алдымыздағы әр оқушыға, өзіміздің таңдаған пәнімізге деген жауапкершілікті шегелеп беретіндей. Бүгінде жас ұрпақты ізденіске ұмтылдырып, заманауи тәлім-тәрбие беру өзгеріске түсті. Осы ретте, ұстаздарға «Абайдың жолымен алты қадам» қағидасын басшылыққа алуды ұсынғым келеді: өзгеріске бейім болу; нақты мақсат қоя білу; заманға сай жан-жақты дамып жетілу; жаман мен жақсының, қуаныш пен қайғының, ақ пен қараның, адамгершілік пен зұлымдықтың аражігін ажырата білу; адал еңбек ету арқылы биіктерге жету; ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез қалыптастыру.
Демек, әрбір ұстаз осы «алты қадам» талаптарына сай болса, педагогикалық ортаға да тез бейімделеді. Сонымен қатар, өзінің қазақ екенін мақтан тұту; Абай өсиет еткен ана тіліміз бен халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеу; отбасы құндылықтарын үнемі жоғары ұстау сияқты патриоттық негізгі «тіреуіштер» бойында дұрыс қаланса, педагог әрқашанда еңбегіне адал, мәдениеті жоғары, ұлтжанды азамат атанып, барлық жұмысқа бейім болады. 2015 жылы ашылған сәттен бастап №77 мектеп-гимназия ұжымының негізгі бағыты ұлттық құндылықтарды білім бастауының қайнар көзіне айналдыру болып табылады. Ұжымның өзі бір үлкен кеме сияқты. Сол кеменің ішкі тәртібі мен белгілі бір жүйесі қалыптасады, ол жүйенің қалыптасуы басшының басқару принципіне байланысты.
Басшы мен ұжымның өзара қарым-қатынасының ашық жарқын, еркін диологы болған жағдайда ұжымда ауызбіршілік қалыптасады. Ұжымды басқаруда хакім Абайдың ауызбіршілікке байланысты айтылған «Бірлік – ақылға бірлік», «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген нақыл сөздерін үнемі басшылыққа аламын. Басшы тарапынан ұстаздың еңбегін бағалау, қолдау көрсету секілді әрекеттер әр кезде әділ шешімін табу керек. Бес саусақ бірдей емес, ұжым болған соң, адам бір ортаға қалыптасып, бір тұтас болуы өте қиын. Оған ұстаздар зиятының түрлі деңгейі, әлеуметтік және отбасы жағдайы сияқты факторлар әсерін тигізуі мүмкін. Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – мұғалімнің әлеyметтік жағынан қорғалуы, оның қоғамдағы орны, күнкөрісі.
Білім беру процесін бірінші кезекке қойған мемлекет алға басып, өркениет көшіне ілесе алады десек, мемлекетіміз біздің құқығымыз бен мәртебемізді бірінші кезекке қоятынын тағы бір дәлелдегендей болды. Былтырғы қаңтар айында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң ұрпақ тәрбиелейтін, сол арқылы қоғамды тәрбие-лейтін педагогтерге деген ерекше құрметті қайта қалпына келтіретіні анық. Қазіргі ақпараттық заманда елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді. Адамзат үшін ешқашан өзгермейтін дүние – білім мен еңбек! Кеше ғана ақырын жүріп, ұстаздық еткен ортаның басын біріктірген гимназияның ашылғанына көзді ашып-жұмғанша бес жыл өте шықты. Әрине, әрбір ұжымның өзіндік даму жолы мен тарихы болады.
Біз әр баланың табысты келешекке қол жеткізуі үшін оның академиялық білімімен қоса өмірлік дағдыларын дамыта отырып, адамгершілік және ұлттық құндылықтар негізінде толыққанды азамат даярлаймыз. Барлық оқу ордасында орындалуы тиіс міндеттер мен атқарылуы тиіс жұмыстар біздің гимназияда да жоғары деңгейде қалыптаса бастағанын нық сеніммен айта аламын. Өйткені осы уақыт аралығында атмосфералық ахуалы ұнамды, құрамы тұрақты, мәдениетті, беделді ұстаздар ортасын қалыптастыра алдық. Сол арқылы оқушыларымызға да сапалы білім мен өмірге қажетті дағдыларды сіңірдік. Хакім Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – демекші, өзгеден білімі артық, арлы ұрпақты оқытып, қалыптастыра алсақ, біздің еңбектің жанғаны да сол емес пе?!
Гүлжамал Пердебайқызы БАЙМЕНОВА,
№ 77 мектеп-гимназияның директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы