Қызылүйлік оқушылар мектепте маска тігуді үйреніп жатыр

Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Қызылүй негізгі мектебінің оқушылары көркем еңбек сабағында маска тігуді үйреніп жүр, – деп хабарлайды облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.


Аудан орталығынан отыз бес шақырым қашықтықта орналасқан Қызылүй елдімекеніндегі мектепте 41 оқушы штаттық режимде білім алады. Мектеп директоры Қабыл Ғұбашевтен білгеніміздей, өткен жылы пайдалануға берілген сексен орындық мектепте 1-9 сыныптарда қырықтан астам оқушы білім алып жатыр. Карантин жағдайына байланысты өткен оқу жылының төртінші тоқсанында оқу жүйесінде ауылда интернет жоқтығына байланысты қиындықтар болған. Оқушы санының аздығына байланысты мектептердің штаттық режимге өтуі – ауылдағы интернет қиындығын жеңілдеткен. Мектепте робототехника, биология, көркем еңбек сыныптары соңғы үлгідегі жабдықтарымен қамтылған. Оқу ордасының ер балалары еңбек пәнінде станоктарды пайдаланса, қыз балалар еңбек пәнінің мұғалімі Майдагүл Хайруллинаның тәжірибесімен іс машинасын пайдаланып, маска тігуді үйреніп жүр. Бір айдың ішінде қызылүйлік оқушылар жүзге жуық маска тігіп үлгерген.

– Тігіншілік, аспаздық мамандыққа арналған құралдардың мектептерге келуі оқушылардың мамандық таңдауына септігін тигізіп отыр. Қазірдің өзінде 8-9 сыныптың арасында тігіншілік мамандыққа түсуге ниет білдіргендер бар. Бос уақытында көйлек, кеудеше жасаудың да сырын сұраудан жалықпайды, – дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Майдагүл Хайруллина. Айта кетейік, Қызыл үй елді мекенінің іргетасы 1957 жылдары қаланып, Чапаев совхозының ферма орталығы болған. Ауылда қазір мектеп, кітапхана, клуб, фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Халықтың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Заманауи мектеп былтыр НКОК компаниясының демеушілігімен салынған болатын. Бұл білім ордасының шәкірттері тоғызыншы сыныпқа дейін оқиды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий