Балабақшадағы инновациялық технология
Қазіргі кездегі маңызды мәселелердің бірі, рухани ізденісі мол жас ұрпақ тәрбиелеу. Бұл мақсаттың баспалдағы балабақшадан басталады. Балабақшада жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланудың басты мақсаты: оқыту мен тәрбиелеуде инновациялық ойын технологиясының элементтерін пайдалана отырып, жан-жақты білімді, құзыретті тұлға тәрбиелеу.
Монтессори технологиясы қазіргі таңда балабақшаларда кеңінен қолданылып жүр. Бұл жаңашылдықтың мақсаты: балалардың қоршаған әлемге қызығушылығын туғызу және оны зерттеуге ұмтылдыру. Сауалдар қою және оларға жауап іздеп табу. Монтессори әдісінің негізгі қағидасы – «оқы, оқы» деп күштеп емес, ойын арқылы оқыту және баламен дербес тіл табысуға негізделген жаттығуларды таңдап алу. Мұнда бала дидактикалық материалдар мен сабақ уақытының ұзақтығын өзі таңдайтын болғандықтан, оқытуда ерекшеліктер бар. Сондай-ақ олар өз қателіктерін өздері көріп, соны өздері түзеп отырады.
Монтессори бөлмесінде «Барлығымен еркін айналыс, бірақ басқаларға кедергі жасама» деген ереже үнемі сақталады. Саусақ моторикасы ақыл-ойдың дамуына әсер ететін бірден-бір әдіс. Осы әдісті жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жасалынуда. Атап айтсақ, кіші топтарда сенсорика ұйымдастырылған оқу қызметінде балалардың саусақ моторикасын дамытуға өте пайдалы. Ересек топтарда математика негіздері оқу қызметінде, ал мектепалды даярлық топтарында математика негіздерімен қатар сауат ашу оқу қызметінде де қолдануға болады.
Сондай-ақ кейбір балабақшаларда Монтессори технологиясы ерекше қолға алынып, арнайы бөлмелер жасақталған. Балалар оқу қызметінен тыс, күннің екінші жартысында белгіленген уақыт кестесіне сай жабдықталған бөлмеге барып жұмыс жасайды. Бала дамуына зор әсері бар бұл технологияны тәрбиешілер де, балалар да асқан қызығушылықпен орындайды және де өз нәтижесін көрсетіп жатыр.
Гүлнұр Көлбайқызы АҚЖІГІТОВА,
№27 “Балауса” балабақшасының
тәрбиешісі, Нұр-Сұлтан қаласы