Атыраулық студент жасаған мобильдік қосымшалар қолданысқа енді
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау унитверситеті «Бизнес аналитика және ІТ жобаларды басқару» мамандығының 1 курс студенті, атыраулық өнертапқыш Эльдар Құрмашев өзі жасаған «KazMessage» мобильді қосымшасы мен «Invideo» платформасының авторлық құқығын қорғап, қолданысқа енгізді, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
ҮouTube платформасының баламасы саналатын Invideo – көпшіліктің қажетіне жарамды, пайдалы ақпарат көзі. Әзірге екі тілде жарыққа шықты. Кейін қолданушылар тарапынан қолданбалы тілдерді көбейтуге сұраныс түссе, басқа тілдер де енгізіледі. Бұл қосымша арқылы видео жүктеуге, хат алмасуға болады. «KazMessage» – WhatsАpp немесе телеграмм желісінің баламасы. Басқа қосымшалардан бір ерекшелігі, телефонды жоғалтып алған жағдайда, әркім арнайы белгіленген 30 цифрлы код арқылы қосымшаны басқа құрылғыға, сондай-ақ, контактілердің смс-хаттары мен сурет, видеоларын жүктеп алуға болады.
Ол осы бағдарламаны жасап шығаруда аудиторияны кеңінен қамтуды мақсат еткен. Қолданушылар саны да күннен-күнге артып келеді. Бүгінгі таңда соның айқын көрсеткіші – алғашында Playmarket-тен 180 адам ұялы телефонына жүктеп алса, қазір оның қолданушыларының саны 3000-нан асады. Ректорлық грант иегері атанған Эльдар Атырау қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің түлегі. Өзінің айтуынша, бала кезінен әр нәрсенің жасалу жолдарын білуге құмартып, ойыншықтарды шашып-кері жинауға әуес болған екен.
Үнемі жаңа бір нәрсе білуге, көруге, жасауға ұмтылып тұратын қасиеті мобильдік қосымша ойлап табуға себеп болған. Өнертабысын одан әрі дамыту мақсатында Эльдар Университет ұстаздарының жетекшілігімен ақпараттық технологиялар бойынша ғылыми жобаны қолға алды. Болашақта Қазақстанды цифрлық технологиялар көшбасшысы болған елдердің қатарынан көргісі келетін жас өнертапқыш IT саласында ірі жобаларды жүзеге асырып, өз үлесін қосқысы келеді. Ал, ол үшін мықты ізденіс пен ұмтылыс, жігер керек. Ал қолдауды білім ордасы мойнына алып отыр.
Загрузка...