Білгір ұстаз, білімді басшы

Еліміздегі ертеңгі тізгін ұстар, Отанын ғаламдық дамудың көшінен қалдырмай өрге шығарар азамат тәрбиелеу ұстаздарға жүктелген аса маңызды да жауапты міндет. Ұстаз деген сөз біз үшін қашанда қадірлі, қасиетті саналады. Небір данышпан да, қарапайым еңбек адамы да осы ұстаз алдынан өтеді. Ал, ұстаз болу кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан, осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес. Сондай жандардың бірі, қарапайым ұстаздықтан директорлыққа дейін көтеріліп, осы салада аттай отыз жылға жуық абыройлы еңбек етіп келе жатқан Бакитжанова Гульдарига Шарапқызы облыс жұртшылығы тәжірибелі ұстаз, білікті басшы ретінде жақсы таниды.

Осы жауапты міндеттің үдесінен табылып, жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтере білген ұстаз, басшы Бакитжанова Гульдарига Шарапқызы өз ісіне берілген жан. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен жаңа тұрпатты мекеме басшысына дейінгі өнегелі баспалдақтардан өтті. Жастайынан білімге құштар жан талай биіктерді бағындырды. Ол Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында дүниеге келіп, мектепті бітірісімен Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алғашқы еңбек жолын мектепте ұстаздықтан бастап, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тәрбие ісі жөніндегі әдіскері, бөлім меңгерушісі, кейіннен қалалық білім бөлімінің тәрбие жөніндегі әдіскері қызметтерін атқарды.

Мұнда да басшылық келбетімен көрінді. Алдына таудай мақсат қойып, өңіріміздің қоғамдық өміріне де белсене араласты. 2015 жылдан бастап Ақтөбе облысы әкімдігінің аппараты «Қазақстан» халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы қызметін де атқарды. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы әкімдігіне қарасты «Ақ желкен» МКҚК аула клубында басшысы қызметін жемісті атқаруда. Ұстаз деген сөз біз үшін қашанда қадірлі, қасиетті саналады. Небір данышпан да, қарапайым еңбек адамы да осы ұстаз алдынан өтеді. Сондай ұлағатты ұстаз, білікті басшы – Бакитжанова Гульдарига Шарапқызы басқарған Ақтөбе қаласындағы «Ақ желкен» МКҚК аула клубы, қосымша білім беру мекемесі жайлы айтсақ артықтық болмас. Ол – өмірінде тәлім-тәрбие беретін тәжірбие жинайды, жинақтайды, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндейді.

Түйгенін ой елегінен өткізіп, таразының екі басына салып саралайды, қорытындылайды. Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі – ол ғибратты, ғұмырлы, ғасыр бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген – ұлттық тәрбие тағылымын дәріптейді. «Ақ желкен» МКҚК аула клубы, қосымша білім беру мекемесі алғашқы білім алушыларына есігін ашқан шақта өзінің арнайы оқу ғимараты да жоқ болатын, содан бері ескі орында болса да материалдық базасы жоқ мектептен іргелі білім ордасын қалыптастыруға күш жұмсады. Аталған аула клубының Бекқұл баба елді мекенінен филиалын ашуға мұрындық болды. Білім алушылардың саналы да, терең білім алуына барлық жағдайлар жасап, үлгілі білім ордасына айналдырды.

Жаңадан білім айдынына құлаш ұрған білім ордасының іргелі де озық ұлттық білім ошағына айналып, жаңа мазмұнды оқыту жүйесіне көшуіне көп күш салды. Білікті басшы білім алушылары мен ұстаздарының білімі, біліктілігіне ғана емес, олардың жүріс-тұрысы мен киім-киісіне де қатаң талап қоя білген. Гульдарига Шарапқызы ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, талапшылдықты сүйетінін біз жұмыс барысында үнемі сеземіз, сезінеміз, басты ерекшеліктерін іштей сезініп, мақтан тұтамыз. «Жақсының тамыры тереңде, оны ешкім шаба алмас, көлеңкесі көктен, нұрын шашар еліне» деп текке айтылмаса керек. Иә, мұнда қанша мән – мағына бар десеңізші…

Қоғамда басты рөл атқаратын ұйымның бірі – отбасы. Жолдасы Амангелді екеуі отбасында Айдар атты азаматты тәрбиелеп, екі немере сүйіп отыр. Бақ-береке қонған бақытты отбасы баршаға өнеге болатындай. Біздің басты кейіпкеріміз білікті басшы, ұстаз ғана емес, ағайын-туыс арасында беделі мен абыройы артқан, отбасында үлгілі ана, аяулы жар, сүйікті әже. Оның ерен еңбектері ескерусіз қалған жоқ, білікті басшының аз уақыт ішінде бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері жетерлік. Білім саласына қосқан айрықша еңбегі үшін «Жылдың үздік директоры-2019» төсбелгісімен, «Қазақстанның құрметті ұстазы – 2019» және «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеудегі» зор еңбегі үшін төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ, «Үздік – директор 2019» атанып, «Қазақстанның құрметті ұстазы – 2019», «Жылдың үздік директоры – 2019» атты Құрмет грамотасы мен білім және ғылым саласына қосқан айрықша еңбегі үшін түрлі Алғыс хаттарға ие болды. Санамалай берсе жеткен жетістік, алған асу жетерлік. Мұның бәрі аталған қосымша білім мекемесінің директорының тынымсыз еңбегі мен өлшеусіз төккен терінің жемісі. Бұл айтуға ғана оңай, ол ізденісті басшылықтың, бірлесе атқарған ұжым тірлігінің жеңісі. Иә, “Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады” демекші, білікті басшы, шығармашыл тұлға, ұжым мақтанышы.

Білікті басшы, ұлағатты ұстаз ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз күндер мен түндерді артқа тастап, абырой биігінде келеді. Оның жеткен жетістігі, шыққан асуынан гөрі әлі қоғамға берері мол. Сондықтан, білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан жаңашыл жетекшіміздің биік тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.

Гүлзия Жақсыбайқызы СЫДЫҚОВА,
“Ақ желкен” МКҚК аула клубының қосымша
білім беру педагогы, кәсіподақ комитетінің
төрайымы, Ақтөбе қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий