Ұстаз деген – ұлы есім

“Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі”, – деген екен алғашқы ағартушы ұстазымыз Ыбырай Алтынсарин. “Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау”, – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту.

Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құран кітапта да жазылған екен. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген.

Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде.

Осы тәуелсіз мемлекетімізді өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұс­тазға жүктелетін міндет ауыр», – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады. Қашықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Қашықтан оқытуда екі компонент бар: оқытуды басқару және өз бетімен білім алу.

Қазіргі уақытта отандық білім жүйесінде жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Ақпараттық технологияларды және компьютерлік желі арқылы жаңа білім әдістерін пайдалану кеңейтіліп келеді. Жаңа ақпараттық технологияларды білім жүйесінде қолданудың ең маңызды факторы негізгі қозғаушы күші — адам, сол себепті білімнің негізгі принциптері іске асырылуы тиіс. Осыған байланысты адамның шығармашылық потенциалын дамыту үшін қажетті жағдай жасалуы тиіс. «Білім саласындағы жаңа коммуникациялық технологиялар» түсінігі компьютерлік техника және электрондық анықтамалық жүйелері мен адамның әрдайым жаңа оқыту әдістерін ізденуінен пайда болады. Оны оқыту әдіс-тәсілі уақыт талабына сай өзгеруде.

Инновация – бұл жаңалықтардың таралуы және құрылуы. Қазіргі педагогиканың негізгі тенденциясы оқытуды өнеркәсіптік-технологиялық процесске айналдыру үшін дидактикалық жолын және құралын табу болды. Бұл ізденіс «педагогикалық технология» деген ұғымға әкелді. Қашықтан оқыту бұл мұғалімнің біліктілігін көтереді, оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырады, ата-аналардың жаңа технологияға деген көзқарасын өзгертеді. Қашықтан оқытудағы мұғалімдердің біліктілігін көтерудегі артықшылықтары: педагогикалық, оқыту мативациялық, интерактивті, технологиялы және индивидуалды болып келеді; эргономикалық, қашықтан тыңдаушылар және мұғалімдер айналысуға өзіне ыңғайлы уақыттың кестесін қоюға мүмкіндігі бар; коммуникативті, электронды желілері арқылы байланысатын педагогтардың, тыңдаушылардың мамандықтар саны көбеюде.

Әр елде, қалада орналасқан оқушылардың қашықтан оқытуға қатысуы шығармашылық бірігу және жарысу эффектісін береді. WEB – беттер жасауда оқушылар өздерінің жұмысын желіден көріп оқушы ғылыми, суретші немесе басқа шығармалардың авторлары болады. Өзінің жұмыстарын жақсы, қызықты етіп көрсету үшін олар гипермәтіндермен, графикамен, дыбыстармен жұмыс істейді. Қашықтан оқуда оқушылар мәдениет арасында байланыс орната алады. Басқа елмен сұхбаттасу үшін сол елдің мәдениетін жақсы білу керек. Сонда мәдениеті, білімдері, діни бөлек оқушылар емін-еркін ақпарат алмаса алады. Қашықтан оқыту оқытушылар үшін де, оқушылар үшін де тиімді екенін уақыт дәлелдеді. Оқушылар да қашықтан оқу  карантин тәртібін сақтай отырып, үйде білім алуға таптырмас мүмкіндік болды дейді.

– Оқушылар өз кезегінде оқулықтар мен қосымша ізденіс құралдарының көмегімен жаңа сабақты толықтай игеріп, үйге берілген тапсырманы өзіне ыңғайлы форматта орындап, мұғалімдермен жүйелі түрде кері байланыс орнатуға толықтай мүмкіндігі бар. Қашықтан оқу жүйесінің тиімді жағы оқушылар өз бетінше ізденіп, білімдерін өрге қарай шыңдайды. Дей тұрғанмен шәкірттер білім ордасына деген сағынышын жасырмайды. Мектеп табалдырығын аттап ұстаздармен жүздесетін күнді тағатсыздана күтудеміз, – деді 11-сынып оқушысы Жақсылықова Ұлжан. Талай зобалаңды бастан кешірген, «тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алуды» айтып кеткен бабаларымыздың өсиеті қандай қиын жағдайда да тоқтамаса керек. Ең бастысы әлем арпалысқан індет кезіндегі карантин ережелерін сақтап, үйден шықпасақ, мектеп қабырғасына оралар күн алыс емес. 

Гүлдәурен Тұрарқызы ҚАЙСАРОВА,
№10 жалпы білім беретін орта мектеп
директорының әдістеме ісі жөніндегі
орынбасары, Ақтөбе қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий