Дәстүрлі тілдер мерекесі
Бірнеше жылдан бері қыркүйек айында елімізде Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі аталып өтілуде. Осыған орай білім беру мекемелерінде, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда түрлі шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты ұжымы “Тіл мәртебесі – ел мәртебесі” идеялар мен жобалар фестивалін өткізді.
Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатын көздеген шараға өңіріміздің ұстаздары, кітапхана қызметкерлері мен қосымша білім беру орталықтарының мамандары қатысты. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бері мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өзге этнос өкілдерінің тіл үйренуге деген ынта-ықыласын арттыру секілді мәселелер күн тәртібінен түскен емес. «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның СҚО ПҚБАИ мамандарының бастамасымен ұйымдастырылған шарада да қазақ тілінің мерейін асырып, абыройын асқақтатудың тың жолдары қарастырылып, келелі әңгіме өрбіді.
Бүгінгі күні алаштың ардақты перзенттерін бесігінде құндақтаған Қызылжар өңірінде қазақ тілінің тұнығынан нәр алып, бабалар өсиетінен сусындап жүрген өзге этнос өкілдері аз емес. Солардың бірі – облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстазы Людмила Милютина. Ол мемлекеттік тілді оқытудың өз тәжірибесіндегі озық үлгелері туралы сөз қозғады. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка орта мектебінде қазақ және ағылшын тілдерінен сабақ беріп жүрген Алёна Герасимова да өз қандастарына үлгі. Шынымен де, түрі басқа болса да, тілегі бір орыс қыздарының еңбегі жан сүйсінтеді. Тіл – өлшеусіз қазына. Осылайша, мемлекеттік тіл түрлі этностар достастығының “алтын көпіріне” айналуда.
Сондай-ақ, ұзақ жылдардан бері өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйрету жолында аянбай тер төгіп жүрген «Қызылжар» қосымша білім беру орталығының директоры Жанат Мұхамеджановтың да пікірі көпшілік үшін құнды. Өйткені, бұл мекеменің тіл үйретудегі озық тәжірибесін еліміздің өзге өңірлеріндегі әріптестеріміз де өз сабақтарында қолданып жүр. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Қошанова өз елінің патриоты ретінде ана тілінің қоғамдғы мән-маңызын арттыруды көздейді. Ғалымның өткір пікірі, ұтымды сөзі шара қатысушыларының көңілінен шықты. Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орнында қазіргі таңда екі мыңнан астам жас өрен білім алуда.
Университетте қазақ, орыс, ағылшын тілдері болашақ мамандарға тереңдетіп оқытылуда. Өйткені, үш тілді білу – заман талабы.Өз заманында қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы: “Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы” деген болатын. «Ендеше, латын әліпбиі ұлтымызды дамудың жаңа белесіне өрлеуге, түркітілдес халықтардың өзара байланысының артуына, заман талабына сай өскелең ұрпақтың ағылшын тілін меңгеруіне зор ықпалын тигізеді деген үміттеміз”, – деп сөз сабақтаған И.Шухов атындағы кітапхананың әдіскері Алтынай Қожабекованың да ойы орынды.
Осы орайда тағы да ұлты үшін басын бәйгеге тіккен Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатына жүгінуді жөн көріп отырмыз. Ол “Сөзі жоғалған елдің – өзі де жоғалады”, – деп болашаққа айқын бағдарлама жасап кеткен еді. Өңір мектептеріндегі қазақ тілінің тәлімгерлері Айгүл Ысқақова, Ульяна Есләмова, Ақбота Сьез, Дана Әділшина, Қарашаш Жамантаева өз сөздерінде ұлт ұстазының асыл ойын жаңғыртты.
Гүлзат ӘЛЖАНОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы
“СҚО ПҚ БАИ” аға оқытушысы,
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
әл-Фараби мектеп-лицейінің қазақ
тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі