Светлана Меңдіғалиқызы, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің директоры: Ардагерлерді ардақтау парызымыз

“Білімді ел – Образованная страна” республикалық басылымы жариялаған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен” аталатын әлеуметтік жобаны ұйымдастырушыларға үлкен ризашылық білдіріп, қуана қолдаймыз! Қазақстандық педагогтерге арналған апталық газет әр уақытта білім саласының барлық тыныс-тіршілігін тыс қалдырмай қалың оқырмандарына жедел жеткізіп келеді! Бұл газетте жарияланаты мақалалардың мазмұны балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін қамтиды. Сондықтан әрбір тәлімгер өзін қызықтыратын тақырыптарды таба алады және ресми ақпараттарды біліп отырады.

Мен бұл басылымның ардагер ұстаздар үшін орны бөлек екенін айтамын. Олар зейнет жасына жетіп, оқытушылық қызметтен қол үзсе де, өмір-бақи ҰСТАЗ ретінде қалады және білім мен ғылым саласындағы жаңалықтарға елеңдеп, жақсылығына қуанып отырады. Сондықтан, осы басылымды тұрақты түрде уақытылы оқып отыру  – алдыңғы аға буын өкілдері үшін аса маңызды деп білемін!

Осы мүмкіндікті пайдаланып, педагогикалық колледж ардагерлері, ардақты әріптестерім Шынтемирова Райса Ғаббасқызын, Сүлейменова Роза Әжмұратқызын, Ғалымова Әбиля Өтепқалиқызын ұстаздар мерекесімен құттықтай отырып, оларға “Білімді ел – Образованная страна” газетінің алдағы бір жылдық басылымын сыйлаймыз! Құрметті ұлық ұстаздар Сіздердің өңірімізге қажетті педагогикалық кадрлар даярлауға қосқан шексіз үлестеріңізді биік бағалап, айрықша алғыс айтамыз. Мықты денсаулықпен бақытты да ұзақ ғұмыр кешіңіздер!

Ізгі ниетпен, Светлана Меңдіғалиқызы БАХИШЕВА, Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің директоры, педагогика ғылымдарының докторы

ШЫНТЕМИРОВА РАЙСА ҒАББАСҚЫЗЫ – қандай құрметке де лайық, жаны жайсаң, ойы озық, биік тұлға ұстаздардың бірі. Ұзақ жылдар бойы мұғалімдер даярлау саласында тарихи ізі қалдырған аға буын өкілі. Ол – біз үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ол өзінің бар күшін, бүкіл өмірін өнерге, бала тәрбиесіне арнаған жан. Ол-адамгершілігі мол, өте қарапайым, шәкіртке білім беруде қол үшін аямайтын адам.

Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына білім алып, 1967 жылы аталған оқу орнын Музыка және саз пәнінің мұғалімі мамандығымен бітіріп щыққан Райса Ғаббасқызы балалар музыкалық мектебінің мұғалімі болып, кейін 1968-1975 жылдары Казталов ауданы балалар музыкалық мектебінің директоры болып еңбек етуден бастаған. Осы жылдары Райса Ғаббасқызы өзінің жоғарғы оқу орнында алған білімін творчествалық ізденіспен дамыта отырып, музыка өнерін би өнерімен ұштастырып, облысымыздың тарихында қалған сол кездердегі халықтың көзайымы болып тамсандырған «Қарлығаш» ән-би ансамблін ұйымдастырып,оған тікелей жетекшілік етті. Бұл ансамбль облыстық, республикалық, Халықаралық фестивальдің жүлдегері атанды.

Қырық бес жылдан астам Орал педагогикалық училищесінде хор және хорды дирижерлеу пәнінен ұзақ жылдар дәріс берумен қатар, қазақ топтарынан хор үйірмесін ұйымдастырып, «Халықтық хор» дәрежесіне дейін көтерді. Райса Ғаббасқызы жетекшілік ететін хор ұжымы репертуарында көптеген шет ел композиторларының, халық шығармашылары, классикалық шығармалар, ұлттық өнердің інжу-маржандары бар. Райса Ғаббасқызы – тәжірибелі ұстаз, әдіскер, Қазақстан Республикасының білім беру үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, өз ісінің майталман шебері. Ол ұстаздық еткен талай шәкірттерінің арасында композитор да, музыка пәнінің жоғары жәні бірінші санатты ұстаздары бар.

Райса Ғаббасқызы жоғарғы санатты ұстаз, білікті режиссер, ұйымдастырушылық қабілеті өте зор тұлға. Оның ұйымдастырған концерттері өте тартымды да қызықты бір ынтада өтетін. Райса Ғаббасқызының қызықты бірнеше хорға арнап жеңілдетілген әндері баршылық. Хорларға және вокалды топтарға арналған жинақтары да бар. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, оның шәкірттері да әрбір жеңісімізде Райса апайымыздың еңбегі бар дейді.

СҮЛЕЙМЕНОВА РОЗА ӘЖІМҰРАТҚЫЗЫ – 1971 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітіріп, Ж. Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық училищісіне музыка пәнінің әдіскері, әуесқой сазгер саз пәнінен дәріс беріп, ұстаздық жолын 45 жылдан астам осы колледж қабырғасында өткізді. Ән мен сазға әуестік сонау бала кезінен, мектеп қабырғасынан, өзі өскен өнерлі әулеттен таралған жан.

Роза Әжімұратқызы тек пән мұғалімі ретінде ғана танымал десек, бұл – толыққанды пікір болмас еді. Өйткені «Қазақ ССР-інің білім беру үздігі» деген құрметті атаққа ие болған ұстазды үнемі ізденіске жетелейтін тылсымның бірі – сазгерлік қасиеті. Тыңнан әуен іздеу, жақсы өлең сөзіне ән жазып шы-ғару – оның көптен бергі айнымас дағдысы, тума өнері десек артық болмас еді. Студенттерін жетелеп, қаланың, облыстың әрбір мектебінен машықтандырудың кезінде Роза Әжімұратқызы қазақ балаларына арналған әндердің тақырыптық жағынан тапшылығын байқайды. Сөйтеді де «Әліппемен қоштасу», «Абай ата», «Әжетайым», «Шекарашы» сияқты әндерді дүниеге келтіреді.

Балалар мен жастарға арналған ұстаз-сазгердің, көптеген әндері оның «Көңілді әуендер», «Көңіл толқындары» сияқты ән жинақтарына енгізілген. Роза Әжмұратқызы атақты ұстаз сазгерлер Б.Байқадамов, Ө.Байділдаев, Д.Ботбаев, Б.Жүсібалиев, Е.Хасанғалиев, Ә.Молдағайынов, А. Шермұхаметовалардан дәріс алған. Сонымен бірге өз жанынан жарып шыққан әндерін тек мектеп оқушылары мен студенттері ғана емес, жергілікті әншілер – Республикамызға танымал өнер иелері Ж.Рахимова, Д.Қажымов, М.Әмірханов тағы басқалары да орындап жүр. Р.Сүлейменова музыка пәнінен оқытуда әр түрлі заман талабына сай өзгертіп отырған жаңа бағдарламаларды эксперименттеуде оқу саласында көптеген еңбек сіңіріп келді.

Ол елімізде Д.Кабалевский жасаған бағдарламасын, М.Балтабаевтың басшылы-ғымен құрылған «Елім-ай», жаңа стандартқа сай қазіргі Ш.Құлмановтың басшылығымен құрылған бағдарламаларды сыннан өткізуге, өз өзгертулері мен әдістемелік ұсыныстарын енгізе отырып, тынымсыз ізденістерінің нәтижесі ретінде «Музыка пәнін оқытудың әдістемесі» атты әдістемелік оқулығы республикалық басылымға ұсынылып шығарылды. Осы еңбектері үшін «Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі», ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.

Роза апай сазгерлік, ақындық, орындаушылық өнерімен қоса, ұстаздық шығармашылығында әдістемелік нұсқаулары, бағдарламалары баршылық, үнемі газеттерге, журналдарға өзінің әдістемелік мақалаларын, әндері шығып тұрады. Бірнеше ән жинақтары «Көңілді әуендер», «Көңіл толқындар», «Жүрегім дүрсілдей бер, тоқтамашы», «Үш бақытым» деген топтамаларымен шығарылды. Тәжірибелі ұстаз, өнерлі-сазгер үлкен жүректі, ақ ниетті абзал адамгершілігі мен қайырымдылығы мол адам ретінде біз Роза Әжімұратқызын «Ұстаздар күнімен құттықтаймыз!»

ГАЛИМОВА АБИЛА ӨТЕПҚАЛИҚЫЗЫ ұзақ жылдар бойы педагог мамандарды тәрбиелеп, «Тәрбиедегі мақсат-адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» деген нақыл сөзін негізге алған ардагер ұстаздардың бірі. Парасатты педогогтың жас ұрпақтың санасына сыналай енгізген тәлім – тәрбиесі мен үлгі – өнегесі өлшеусіз. Ол ұзақ жылдар бойы біздің арнаулы оқу орнында педагогика, психология кафедрасында қажырлы қызмет атқаруымен абыройлы.

Батысқазақстандық ұстаздар қауымының ғылым мен білім жолына жолдама алып, үздік атануында Әбила Өтепқалиқызының да ұшан – теңіз еңбегі жатыр. Ол 38 жыл бойы үздіксіз Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінде педагогика пәні оқытушысы, кейін педагогика, психология кафедрасы меңгерушісі болып жасап, зейнет демалысына шықты. Көп жылдық ізденістерінің нәтижесі Абила Өтепқалиқызының ғылыми-әдістемелік еңбектерінде көрініс тапты. «Білім» бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің құрамында әр жылдарда жасақталған «Бастауыш білім беру», «Дене тәрбиесі және спорт», «Негізгі орта білім» мамандықтары бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті техникалық және кәсіптік білім стандарттарын, білім бағдарламаларын, педагогика пәндері бойынша үлгілік оқу бағдарламасын құрастыруға қатысты, «Педагогика» оқулығы авторларының бірі.

Педагогика, психология кафедрасы меңгерушісі міндетін он жылдан аса жоғары деңгейде атқарып, колледж ішіндегі 11 кафедраның алдыңғысы болып, тәжірибесі жинақталып, таратылды. Жастардың қамқоршысы, шәкірттерінің жылы жүректі ұстазы бола білді, кеше еккен дәндері бүгінгі күні білім беру саласында жемісті еңбек етуде. Олардың арасында Орал қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейі директоры Ш.Сағынғалиева, №50 мектептің директоры М.Жумагазиева, Ақжайық ауданы әкімшілігінің бас маманы Д.Нұрғожин және басқалары бар. Білікті ұстаздың «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі» марапаттарын иеленді.

Және облыс әкімінің «Батыс Қазақстан өңірінің өнегелі ұрпағын, білімді азаматтарын тәрбиелеу жолындағы еңбегі үшін» ұсынылған марапаттары өз біліктілігі мен іскерлігін орайлы ұштастыра отырып, білім беру ісіне сүбелі үлесін аянбай қосқандығының нәтижесі. Бүгінде Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж ұжымы Әбила Өтепқалиқызын үлкен абырой-беделге ие болған тәжірибелі, үздік маман-ардагер ретінде құрмет тұтып сыйлайды. Ұстаздың мерейі үстем, мәртебесі биік болсын!

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий