Қашықтан оқыту: ізденіс пен нәтиже

Бүгінгі әлемдегі орын алған жағдайға байланысты білім беруді қашықтан оқыту виртуалды жағдайға ауысты. Үздіксіз білім беруде бұл тәжірибенің оңтайлы болғаны анық. Біздің білім ордасының мұғалімдері өткен оқу жылының төртінші тоқсанында қашықтан білім беру технологиясын меңгеруде өте жақсы жұмыс жасады. Педагогтерге шығармашылық еркіндік берілді. Қашықтан білім алудағы телесабақтар шәкірттердің басым көпшілігіне ұнап, мұғалімдер түрлі жүйелер арқылы балалармен жекелей жұмыс жүргізді.

Қосымша тапсырмалар беріп, жаңа тақырыпты меңгеруге нұсқау, бағыт-бағдар беріп отырды. Оқушылар оқулықтан тиісті материалдарды пайдаланып, тақырыпты өздігінен игеруге жұмыстанды. Олар кері байланыс арқылы мұғалімін хабардар етіп отырды. Оқушыларға оқу тапсырмаларын орындауда педагогикалық сүйемелдеу қажет екені белгілі. Сүйемелдеу жанама немесе тікелей болуы мүмкін. Мұғалімдер тапсырманың нұсқаулығы бойынша оны орындаудың жолын түсіндірді. Бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс жасағандықтан, жұмыс парақшаларына ата-аналар үшін тапсырманы орындау нұсқаулығын да қосқан тұстары да болды. Сондай-ақ оқу тапсырмаларын орындауда тікелей педагогикалық сүйемелдеудің болуы да өте маңызды.

Оны онлайн түрінде телефон (бейне қоңырау, бейне конференциялар) немесе әр түрлі мессенджерлер арқылы консультациялар беру түрінде ұйымдастыра білді. Қашықтан оқыту кезінде ата-анаға әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүктелді. Ата-аналар да мұғалімдер сияқты  балаларды қашықтан оқыту форматына бейімделе бастады. Оқу дәстүрлі сыныптық немесе қашықтан оқыту арқылы жүргізілсе де, ата-аналар білім беру үдерісінің маңызды қатысушылары болып табылады. Осыған орай ата-аналар баласының оқуын үйде ұйымдастыруды өз қолына алып, оған қолдау көрсету үшін мектептің және  мұғалімдердің тарапынан барынша нақты және түсінікті нұсқаулар беріліп отырды.

Жаңа форматтағы оқытуда мұғалімдер өз цифрлық құзіреттілігін күшейту бойынша жұмыс жасады. Ал сандық білім ресурстары сабақты түрлендіруге, оны мазмұны жағынан қанықтыра түсуге, оқуға деген уәждемені арттыруға, оқушылардың жеке жұмыстарын жаңа деңгейде басқаруға мүмкіндік береді. Осы орайда мектебіміздің бастауыш сыныптың мұғалімдері 1-класс математика пәнінен өткен оқу жылының төртінші тоқсаны бойынша бейнесабақтар түсірді. Бұл  cабақтар қалалық білім басқармасының YouTube каналында жарияланды. Қашықтан білім беруде педагогикалық қызметтің сипаты түбегейлі өзгеретінін ескерсек, бұл тұрғыдан алғанда шығармашылық белсенділік те арта түсті.

Жаңа оқу жылына дайындық мақсатында маусым-шілде айларында «Ақтөбе-Өрлеу» институтының тапсырмасымен қала мектептерінің бастауыш класс мұғалімдері үшінші сыныптың алғашқы тоқсаны бойынша барлық пәннен сандық білім ресурстарын дайындады. Соның ішінде №10 мектептің бастауыш класс мұғалімдері жаратылыстану пәнінен әзірледі. Қазіргі таңда бастауыш класс пәндері бойынша сандық білім ресурстары республикалық “Өрлеу” білім беру каналында орналастырылған. Білікті ұстаздарымыз жаңа бағытта жұмыстануға әрқашан дайын екендіктерін байқатты.

«Ақтөбе-Өрлеу» институтымен тығыз байланыстамыз. 2020-2023 жылдарға арналған “Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында креативті педагогтың ішкі ұмтылысын дамыту» тақырыбында эксперимент алаңы ашылды. Сәуір айында облыс көлемінде ұйымдастырылған онлайн вебинарда алғашқы ізденіс жайында ой-пікір алмастық. Ал, қалалық білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі аясында «Қашықтан оқыту жағдайында білім беру сапасын арттыру» тақырыбындағы секция отырысында  «Қашықтан оқыту-үздіксіз  білім беру кепілі» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибемізбен бөлістік. Білім саласына қосқан үлесі үшін бастауыш класс мұғалімі Б.Жасарова Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

Биылғы оқу жылының ерекшелігі – бастауыш буын бойынша кезекші кластардың ұйымдастырылуы.  Жаңа оқу жылында  1-4 класс оқушылары үшін ата-ана өтінішіне сай, карантин жағдайында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші кластар ашылды. Қазіргі таңда он алты кезекші класс ашылып, онда 223 оқушы білім алып жатыр. Кезекші кластағы оқушы саны ережеге сәйкес он бес оқушыдан аспайды. Әр кезекші класс әртүрлі уақытта қабылданады. Мектепке келгенде баланың күнделікті дене температурасы өлшеніп отырады. Дәліздерде, класс кабинеттерінде  арақашықтықты сақтау туралы белгілер қойылған.

«Мен қашықтан оқытуды үйренемін» атты курсқа барлық бастауыш класс мұғалімдері қатысып,  өз білімдерін жетілдірді. Қазіргі таңда мектеп ұжымы  «Bilimland» платформасында жұмыс жасауда. Онлайн мектептің мол мүмкіндіктерін кеңінен қолданып жатыр. Қорыта айтқанда, қашықтан оқытудың артықшылығы – ол өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі оқыту және сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға ықпал жасауы.  Сондықтан табысты нәтижеге жету жолында ұстаздар қауымы аянбай еңбек етері сөзсіз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий