Ботакөз Болатбекқызы, Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей директорының орынбасары: Мұражайдың мәртебесін көтеруімен құрметті

Біздің білім шаңырағындағы шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін майталман мұғалім, мектебімізде өткен оқу жылы барысында ұйымдастырылған Әлихан Бөкейхан атындағы мұражайдың меңгерушісі  Алмагүл СИБАКОВА саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаздардың бірегейі.

Алмагүл Тұрсынбекқызы

Бауыржан Момышұлының: Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз, – деген салиқалы сөзі осы кейіпкеріміз сынды дарабоз жандарға арнап айтқандай көрінеді. 

Алмагүл Тұрсынбекқызынан дәріс тыңдап, білім нәрімен сусындаған шоқтығы биік шәкірттері 2019-2020 оқу жылында бірнеше дүркін  аудандық, қалалық және республикалық деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары атанып, топ жарды. Мұқағали ақын Мақатаевтың рухына арналған «Мәңгілік жыр ғұмыр» тақырыбындағы қалалық байқауында бағын сынаған талапты оқушысы жүлделі бірінші орынмен марапатталса, «Абай әлемі» дүбірлі додасында екінші қатардан көрінді.

Ботакөз Болатбекқызы

Демек таңдаған мамандығына адал және құрметті кәсібін абыроймен атқаратын тәжірибелі тәлімгердің жөні де жолы да бөлек. Ол әрдайым білім саласындағы әрбір жаңашылдықты жатсынбай қабылдап, зерек те зейінді оқушыларының жанына нұр құйып келеді. Және алаш ардақтыларының артында қалған құнды деректерді мектеп мұражайына жинақтау арқылы оқушылар мен пән мұғалімдерінің ізденістерін тереңдетуге үлес қосуды бастаған тынымсыз еңбегін де білеміз. Өзін баянды бақытқа бөлеумен бірге өзгелерді жақсылыққа жетелейтін жанашыр жан қандай құрметке де лайық екендігі даусыз. Барша шәкірттерінің мақтанышына айналған апайымыз ұйымшыл ұжымның арасында ерекше сыйға ие.

Ардақты да аяулы аға буын әріптесіме мерейлі мерекеге орай ізгі тілекпен “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің алдағы жаңа 2021 жылға арналған бір жылдық жазылымын жеке өз атымнан тарту етуді ұйғардым. Қадірменді еліміздің барша педагогтер қауымы, ұлағатты ұстаздар күні құтты болсын!

Ботакөз БОЛАТБЕКҚЫЗЫ,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп
лицей директорының білім беру қызметінің
сапасын арттыру жөніндегі
орынбасары,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий