Бауыржан Ердембеков, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры: Адамның адамдығы …жақсы ұстаздан болады (Абай)

Күнделікті парақтап отыратын газеттердің ішіндегі бізге аса жақыны “Білімді ел – Образованная страна” республикалық басылымы жүрекке сағыныш ұялататын орайлы бір бастаманы қолға алыпты. “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықаласпен!” әлеуметтік маңызы бар жобасы қарбалас тірліктің қамытын киген біздерді ойша сонау шыбық мініп, асық атқан бала күндерге, бүгінде түтіні сиреп, тірлігі түгесілуге жақын қалған алақандай асқаралы ауылыма жетелей жөнелді. Бақшадағы гүлді уысымызға мықтап қысып, сол кезде ең еңселі боп тұратын “сегізжылдық” мектептің есігін қаққан күндерден елес іздей бастадық…

Апалы-сіңілі менің ұстаздарым

Иә, сол Демеу ағаның (бүгінде о дүниелік болған) боз биесіне ерген қасқа құлынның мойнындағы жез қоңырау бірінші сентәбірде менің алғашқы ұстазым Мәдина мұғалімнің қолында-тын. Мектептің алдында өтетін мерекелік сәтте арамыздағы бойы ең кішкентай Жайықты жетелеп ортаға шығарып айналдыра қоңырау соқтырды. Сары алтын күзге оранған тау бауырындағы ауыл, кіндік төбенің етегіне жайғасқан мектептің алдына жиылған осы ауылдың күллі тіршілік иелері сол бір жез қоңыраудың күмбір үнінен ерекше бір шуақ алған еді…

Майна апа немересімен

Сол күннен бастап шынайы ұстазға жарығаныма шүкіршілік етемін. Сабақ беруі, өзін-өзі ұстауы, әр балаға емірене алар мейірім мен ешқашан да ернеуінен аспайтын қаталдық, жүріс-тұрысы, киген киімі, дауыс ырғағы – бәрі-бәрі Мәдина мұғалімді алдында отырған шәкірттеріне ғана емес, күллі ауылға үлгі етті. Ауылдың қыздары «Мәдина мұғалімдей боламын» деп талпынды, көбі қазір белгілі ұстаз. Ұстаздығы ғана емес, туыстығы бар Мәдина мұғалімді Майна апа дейміз. Мәдина Қабашқызы – әліппені жаттатқызған алғашқы ұстазым болса, Фарида Қабашқызы – анам, менің әдебиетші болуыма бірден бір себепкер болған, өмірлік ұстазым! Анам туралы әңгіме бөлек…

Жұбанов университетінің жетістіктерін ұдайы жариялап отыратын отандық ұстаздардың Бас газеті “Білімді ел – Образованная страна” апталығын мен сыйлаған бір жылдық жазылым арқылы алыста жүрген ыстық жандардың үзбей оқып отырғаны – мен үшін үлкен мәртебе! Мерзімді басылымдарды үзбей оқудан қалып бара жатқан бүгінгі қоғам үшін таптырмайтын жобаны ұсынған әріптестеріме Алла қуат берсін!

Бауыржан Аманкелдіұлы ЕРДЕМБЕКОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің
ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий