Мұражай өткен өмірдің айнасы

Өз тарихын сыйламаған халық, өзін де сыйламайды. (Н.Ә. Назарбаев). Елімізде соңғы жылдары мәдени және тарихи мұраларды сақтап, ел игілігіне айналдыру, оны жеткізу ойдағыдай жүзеге асуда. Мұның өзі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан-2030” ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарында: “Мәдени мұра” арнаулы бағдарламасы руханият пен білім беру салаларын дамытудың аса маңызды бөлігі”, – деп айрықша атап айтылғанын еске алған дұрыс. 

Қазақ ауылындағы сауатсыздықты жою. 1920 жылдар

Осы орайда, ата-бабаларымыз өнегелі өмірін әйгілейтін мұраларды жоғалтпай сақтап, бала тәрбиесіне пайдалануда, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыруда мұражай жұмысының алар орны ерекше. Ғасырдан астам шежіресі бар Павлодар-Ертіс өңірінің білім беру саласының тарихына арналған «Біліктілікті арттыру ұлттық орталық «Өрлеу» акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты» жанынан «Білім мұражайы» ашылған болатын. Тарихи орынды қалыптастыруға облыстық білім беру бөлімінің бұрынғы бастығы, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім З.Овчиникова, педагогика ғылымдарының кандидаты, өңірлік салаға жиырма жылдан астам уақыт облыстық оқу бөлімін басқарған Т.Шаймерденов, мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Т.Дайкенов пен Е.Тақырбасов бастаған ел азаматтары ортақ игілікті іске тиісті мүмкіндіктерін жұмылдыра білді. Және барлық кәсіби шеберліктерін, күш жігерлерін ортақ мақсатқа біріктірген институттың қызметкелері М.Боранқұлов, Г.Қабдуалиева, Н.Шакурова,  Б.Сейтқазин, О.Гаращук, С.Азнабекова, А. Піржанова  және тағы да басқалар зор үлес қосқаны жылнамада жазулы.

Бұл мұражай облыс мұғалімдерінің халық ағарту ісін дамытуға қосқан сүбелі үлесін танытуға бағатталған республика аумағындағы алғашқы қадам еді. Жан-жақтан жиналған құнды дүниелер мен ресми құжаттар және сарғайған газет-журналдың тігінділеріне қоса ескі жәдігерлер тамашалаған әрбір адамға тереңнен сыр шертіп тұр. Енді осы институтта мұражайды  ашу идеясы қалай пайда болды?- деген  сұраққа жауап берейік. Павлодар қаласының Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаған (1942ж) фотограф, өлкетанушы Д.П.Богаевтан  институт  қызметкері Ерсін Қасқиұлы Тақырбасов  Павлодар облысының білім саласына қатысты тарихи құнды фоталарды сатып алып, жинақтаумен әуестенген, жинаған суреттерін сол кездері  (1995-2005жж) институтты басқарған Темірболат Ережепбайұлы Дайкеновқа көрсетеді, сөйтіп идея пайда болады да, білім қызметкерлеріне арналған «Білім мұражайын» ашу қажеттілігі туындайды. 2000  жылғы мамыр айының бесі күні Павлодар  қаласында педагогикалық кадрлардың  біліктілігін  арттыру  институтының ғимаратында педагогикалық даңқ мұражайы ашылды.

№2 қазақ мектебінің пионер отряды. 1935 жыл

Мұражайға сүреттер, сирек кездесетін құжаттар, алғашқы  кітаптар, облыста және облыстан тыс жерлерде танымал ұстаздардың жеке заттары қойылды. Мұражай педагогикалық  еңбек ардагерлерінің бастамасымен және тікелей қатысуымен құрылды. Мұражайдың ашылуына Педагогикалық  кадрлардың біліктілігін арттыру институтын ардагер ұстаздар, мұғалімдер әулетінің өкілдері шақырылды. Аталмыш мұражай облыс мұғалімдері өмірінде, халық ағарту ісінің өркен жаюына арналып, республика көлемінде алғашқы болып ашылған тарихи маңызы зор ұлағатты дүние. Күнделікті келіп-кететін  бүгінгі әріптестеріміз кешегі өзімізге дейін өмір кешіп, қызмет еткен педагог-мамандардың іздеріне үңіліп, білім, үлгі, ғибрат алып, қанағаттанған сезіммен шығатынына куә болып отырмыз. Мұражайдағы экспонаттар мен құжаттардың өздері ақ бұл орынның мақсаты мен мүдделеріне жауап беріп, оның  қай салаға арналғанын айқындап тұрғандай.

Әрбір құжат пен жәдігер байлығы ынталы адамға келешекте ғылыми ізденіске жетелейтін күш секілді. Игерілген білім әрбір мұғалімнің, оқу орнының мәртебесін арттырып, бүгінгі ұстаздың келбетін нұрландыра түсетіні һақ. Бұл байлық бүгінде тарихи үздік тәжірибе, жаңа идеялар, тәсілдер мен технологияларды насихаттауда да үлкен маңызы бар. Енді мұражайдың негізі деректерінеге тоқтала кетсек: Биылғы жылы білім мұражайына жиырма жыл. Мұражай төрт бөлімнен тұрады: Павлодар облысының даму тарихы, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының жылнамасы,  Қазақ ССР-не еңбегі сіңген ұстаздар, «Олар  Отанды  қорғады» бөлімі  ерекше мағыналы. Мұнда Кеңес Одағының Батырлары М.Қайырбаев, Қ.Камзин, С.Мүткенов, Қ.Сұрағановтардың қысқаша өмір баяндары және Ұлы Отан соғысына қатысқан педагогтарға арналады.

Железин орта мектебінің 2 класс оқушылары. 1938-1939 оқу жылы

Бірталай жерлестеріміз Қ. Нуркин, М.Андіржанов, Н.Қасымов, Қ.Асқапов және көптеген майдангер мұғалімдердің ел қорғаудағы ерлігі, кейінгі ұстаздық өмірі қамтылған. Көрмеден ардагерлердің меншікті заттарын, майданнан жіберілген хаттарын, ордендер кітапшаларын, марапаттау парақтарын көруге болады. Мұражайға келіп-кетушілерге білім берудің даму жолдарының өткені мен бүгінгі уақытқа шолулар жүргізуге мүмкіндік   жасалған. Ұлы Қазан төнкерісіне дейінгі және одан кейінгі уақытта, Ұлы Отан соғысы, кеңес өкіметі кезеңдеріндегі және Тәуелсіз Қазақстандағы білім беру ұйымдарының дамуы «Павлодар облысы білім беру жүйесінің дамуы» атты экспозицияда бірегей фотолар, диаграмма, сызбанұсқаларда көрсетілген. Педагогика теориясы мен тарихи мәселелерін қарастырған, педагог ғалымдардың ғылыми еңбектері, оқулықтардың авторлары, жаңашыл ұстаздардың шығармашылығы, әдістемелік құралдар мен оқу бағдарламаларын дайындаған, әр кезеңдерде білім беру басқармасына басшылық жасаған тұлғалардың қызметімен танысуға болады.

Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының қаулысымен 1938 жылы 15 қантарда Павлодар облысы құрылды. Жарғыға сәйкес облыстық атқару кеңесінің комитеты жанынан білім және мәдениет бөлімдері құрылған болатын. Облыстық білім және мәдениет бөлімнің штаты тоғыз адамнан тұрды. Бұл бөлім мектептерді, орта оқу орындары мен мәдениет мекемелерін басқарды. Әр жылдарда білім беру жүйесін облыстық деңгейде төмендегідей басшылар жетекшілік: П.Морщинин (1938-1941ж.), М.Баймағамбетов (1941-1942ж.), Зейтін Ақышев (1942-1944ж.), Елеуке Қалданов (1944-1946ж.), Г.Зорин (1946-1947ж.), Т.Ақшолақов (1947-1949), В.Гуляев (1949-1954ж.), В.Щербинко (1954-1964ж.), Т.Шаймерденов (1965-1988ж.), Т.Дайкенов (1988-1995ж.), Г.Ахметова (1996-1998ж.), З.Овчинникова (1992-2002ж.), Б.Кәрімжанов (2002-2008ж.), Г.Буханова (2009-2010ж.), Б.Бексеитова (2010-2017ж.) Дінислам Болатханұлы (2017 жыдан 14 желтоқсанынан бастап қазіргі уақыт аралығында).

Сауатсыздықты жою. 1929 жыл

Павлодар облысының білім саласының даму тарихы 1881 жылынан басталады – ең алғашқы үш жылдық бастауыш  білім  мекемесі ашылады. Бұл жылдары Уезде байлар, казак атамандары және бай казактар басқарды. Патша шенеуніктері халықты сансыз азаппен азаптады. Мұнда жиі эпидемиялар мен өлім-жітімнің көп болуы әлеуметтік құбылыс болды. Павлодар уезі-Ресей империясының” аю бұрышы”, жаппай сауатсыздық аймағы болды. Қазан төңкерісіне дейін Павлодар қаласында байлардың, көпестер мен шенеуніктердің балалары үшін: 1901 жылы бір әйелдер гимназиясы, жоғары бастауыш училищесі, шіркеу-приход мектептері және 24 мұғалім сабақ берген бір орыс-қырғыз мектебі болды. Казак станицаларында шіркеу-приход, жекелеген болыстарда ауылдық-селолық мектептер және ана тілінде оқытатын қазақтардың балаларына арналған бірде-бір мектеп болған жоқ. Басым көпшілікті құрайтын бүкіл қазақ кедейлері толық қараңғылық пен сауатсыздыққа душар болды.

Жалпы білім беретін мектептер мен ересектерге арналған мектептер желісін кеңейтумен қатар, 1920 жылы Павлодар уездік Ревкомның халыққа білім беру бөлімі балабақша ашу және мектепке дейінгі қызметкерлерді даярлау жөніндегі курстарды ұйымдастыру жөнінде үлкен жұмыс жүргізілді. Алғашқы балабақшаның ашылуына жергілікті тұрғын Путинцев деген азамат В.И.Ленинге хат жазып, балабақша ашуын сұрайды, 1921 жылы 8 ақпанда Павлодар уезінде Үрлітүп станциясында алғашқы балабақша ашылады. Он қыз (5 орыс және 5 қазақ) Семей қаласына мектепке дейінгі тәрбие курсынан өтті. Осы уақытта, 1921 жылы Маралды және Қызылаташы болыстарында екі қазақ мектебі қайта ашылды. Қазақ мектептерін мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін алпыс адамнан тұратын тыңдаушылар құрамымен төрт жылдық Қазақ педагогикалық курстарының бірінші бөлімі ашылды.

Мұражай кеңесінің алғашқы құрамы Т.Дайкенов, Т.Шаймерденов, Е.Тақырбасов, С.Азнабекова, М.Боранқұлов, А. Піржанова.

Ересектерге арналған тағы жеті мектеп жұмысын бастады (5 орыс және 2 қазақ). 1939 жылы  облыстағы бала бақшалардың саны 18-ге дейін артты,онда 529 бала тәрбиеленді. Балалар алаңы 1905 балаға қызмет көрсетті. Бүлдіршіндерді балалар алаңымен қамтамасыз ету Лозов пен Цюрупа аудандарында жақсы ұйымдастырылды, балалар алаңы жұмыс істемеген Каганович, Куйбышев, Үрлітүп, Максим Горький аудандары мен Павлодар қаласы артта қалды. Сонымен қатар, Каганович, Куйбышев, Павлодар аудандарында күзде балабақшалары жабылды. 1940 жылы осы уақытта облыстағы ересек тұрғындар арасында 13432 сауатсыз, 14038 шала сауатты адам болды. Облыста 22 ересектерге арналған және 299 сауатсыздықты жою мектебі жұмыс істеді. Халыққа білім беру саласындағы алғашқы нәтижелер мен алдағы міндеттер 1925 жылы Мәскеу қаласында өткен I Бүкілодақтық мұғалімдер съезінде талқыланды. Бұл съезге 1600 мұғалім, көпұлтты Кеңес елінің 49 халқының өкілдері жиналып,халыққа білім беру органдарына үнемі қамқорлық жасау мәселесін талқыланды.

Жыл сайын біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. 1927 және 1928 жылдары қазақ мектептерінің мұғалімдеріне арналған 1 сатылы бір жарым айлық курстар жұмыс істеді. Бұл курстармен қазақ мұғалімдерінің сексен пайызы қамтылды. 1928 жылдың жаз мезгілінде Павлодар қаласында қазақ мұғалімдеріне арналған айлық курстар ұйымдастырылды және мұғалімдердің үлкен тобы Семей қаласындағы губерниялық курстарға жіберілді. Тәжірибе алмасу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында 1927 жылы тамыз және қаңтар айларында дәстүрге айналған алғашқы аудандық мұғалімдер конференциялары өткізілді. Осы алғашқы мұғалімдер конференцияларында өткен жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары талқыланып, алдағы жұмыс жоспарлары жасалды. Мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетуге арналған алғашқы әдістемелік бірлестіктер құрылды. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жөніндегі осы шаралардың барлығы біздің мектептерде оқу-тәрбие жұмысын жақсартуға ықпал етті, бірақ жалпыға бірдей міндетті оқыту туралы заңның орындалуын қамтамасыз етуге және жоғары үлгідегі мектептерде сабақ жүргізуге тиіс білікті мұғалімдер болған жоқ.

1953 жылғы жетілдіру курсы. Павлодар қаласы

Соған қарамастан, бұл міндетті қысқа мерзімде шешу керек еді. Өйткені социализм құрылысының алғашқы бес жылдық жоспарын жүзеге асыра бастаған елімізге сауатты құрылысшылар қажет болды. Бүкіл Кеңес Одағы бойынша жалпыға бірдей міндетті оқытуды енгізу бойынша жігерлі жұмыс өрістеді. Біздің мұражайдағы 1920-30 жылдардағы сауатсыздықты жою науқанына қатынасқан мұғалідердің  фотосуреттері, өмір деректері, құжаттары, атқарған бұқаралық жұмыстары жөніндегі деректер мен мәліметтер бүгінгі жастарды тебірентпей қоймайды. 1928 жылы Павлодар округінде 248 мектеп, оның ішінде 9-жеті жылдық және бір орта мектеп, 1932 жылы 346 бастауыш, 23-жеті жылдық мектеп жұмыс істеді. Егер 1928 жылы округ мектептерінде 15962 оқушы оқыса, 1932 жылға қарай оқушылар саны 28248-ге дейін өсті. 

Мектептер желісінің мұндай кеңеюі оларды мұғалім кадрларымен қамтамасыз ету туралы мәселені күрт көтерді және 1929 жылдың тамызында Қазақ КСР ОСК шешімі бойынша Өскемен қаласынан Павлодар қаласына педагогикалық техникум (қазіргі Б.Ахметова атындағы Павлодар педагогикалық жоғары колледжіне) ауыстырылды. Осы жылы педагогикалық техникумға жазушы-публицист, пролетарлық революционер, мемлекеттік қайраткер В.Воровскийдің аты берілді. Педагогикалық техникумда қазақ жастарының дайындық дәрежесі бойынша кіші және үлкен екі дайындық тобы ашылды. Үш курста және дайындық топтарында 120 адам оқып, оның алғашқы түлектері техникум 5-7 сыныптарда жұмыс істеу үшін жеті жылдық мектептерге жіберілді. Техникумның алғашқы бітірушілерінің  қатарында Республиканың еңбегі сіңірген мұғалімі Б.Ахметов, Совет Одағының Батырлары С.Муткенов және Қ.Сұрағанов, Социалистік Еңбек Ері М.Қабылбеков.

1945 жылы 1 шілдеге қарай Үрлітүп ауданының мұғалімдері мен саяси ағарту мекемелерінің қызметкерлері Қазақ ҚСР-нің 25 жылдығына орай алған міндеттемелерін орындай отырып, ауданның ересек тұрғындары арасындағы сауатсыздықты жоюды аяқтады. 1945 жылдың 12 тамызына қарай Павлодар облыстық польша патриоттарының одағы Каганович, Лозов, Май және Максим Горький аудандарында 7 жаңа поляк бастауыш мектептері ашылды. 1945 жылы 12 қарашада Павлодар қаласында №1ші қалалық жеті жылдық мектептің жанында ашылған ата-аналардың кешкі университетінде аллғашқы сабақ өтті. Университет бағдарламасына бала тәрбиесі мәселесі кірді. Бірінші сабақта дәрігер Иткин «Балалар қызбалығының себептері, онымен күресу жолдары мен алдын  алу» тақырыбындағы дәріс оқыды. Келесі сабақта жиналғандар «Мадақтау және жазалау» тақырыбын талқылады.

Сабақтарды Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Х.Шевченко, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері И.Михельсон, дәрігерлер Иткин мен Боур және тағы да басқалар қаланың ең үздік педагогтары мен медицина қызметкерлері жүргізді. Дәрістер нақты мысалдармен сүреттеліп, бейнеленіп отырды. 1949 жылы қыркүйекте облыстың мектептері Павлодар педучилищесін, мұғалімдік және педагогикалық институттарды бітірген жаңа мұғалім кадрларымен толықты. Олардың ішінде 32 тарих, 18 орыс тілі мен әдебиеті, 26 жаратылыстану мен география, 9 физика мен математика, 6 биология, 4 қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің оқытушылары болды. Павлодар педучилищесін бітірген 49 мұғалім облыстың аудандарына жұмыс істеуге жолдама алып, көбі шалғайдағы ауылдарға жіберілді. Педучилищенің 6 түлегі Равнопольск, Ленинск және облыстың басқа да балалар үйіндегі жетім балаларды оқыту үшін жіберілді.

1951 жылы 1 сәуірде Павлодар облыстық халыққа білім беру бөлімінің жанынан әдістемелік бірлестіктің базасында облыстық мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институты құрылды. Институттың оқытушылар құрамында  адам жұмыс істеді. Институт аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің, аудандық педагогикалық кабинет меңгерушілерінің, орта және жеті жылдық мектеп директорларының, бастауыш мектеп меңгерушілерінің, педагогикалық училище оқытушыларының, мектеп мұғалімдерінің, сонымен қатар балалар үйі мен балабақшалардың меңгерушілері мен тәрбиешілерінің біліктілігін арттырумен айналысты.

Сондай-ақ, институт мектептердің, әсіресе ауылдық мектептердің педагогикалық ұжымдарына оқу-тәрбие жұмыстарын жақсартуға көмек көрсетті. Жазғы мезгілде мұғалімдердің іскерлік біліктілігін арттыру мақсатында курстар ұйымдастырылып отырды. 1954 жылы ауылдық мектептерде жұмыс  істеу үшін тың және тыңайған жерлерді игеру аудандарына барлығы 130 жоғары, 370 арнайы педагогикалық білімі бар 500 мұғалім жіберілді. Павлодар облысына өз еркімен тың және тыңайған жерлерді игері үшін басқа республикалардан 80 мұғалім келсе, ал 1956 жылғы 22 маусымда Павлодар қаласында «Павлодаралюминстрой» тресі бұйрығының негізінде 60 адам білім алатын кешкі құрылыс техникумы ұйымдастырылды. 1957 жылы  15 қаңтарда Мәскеу қалалық атқару комитетінің арнайы сәулет-құрылыстық бюросы жасаған жоба бойынша қаланың солтүстік бөлігінде Павлодар комбайн зауыты салған 880 орындық Қазақстандағы ең жақсы жаңа мектептердің бірінде оқу басталды.

Бұл ғимаратта Павлодар қаласының №3-ші орта мектебі орналасты. 1958 жылы 11 сәуірде Павлодар облыстық атқару комитетінің шешімімен Екібастұз қаласында қалалық Пионерлер үйі ашылды. 1959 жылы 1 шілдеде Павлодар-ында  -ында қаласында жаңа арнайы оқу орны – төрт жылдық музыка училищесі ашылды. Училищеде фортепьяно, шекті, үрмелі және соқпалы аспаптар, дирижерлік-хор және вокал сияқты алты бөлімше болды. Аталған оқу орны дарынды скрипкашы, жоғары білікті ұстаз, әрі керемет ұйымдастырушы, музыка және қоғам қайраткері, училищенің алғашқы директоры болған Гильда Эрнстовна Кромердің табандылығы мен бастамасының арқасында құрылды. Ерекше дарыны мен еңбегінің арқасында Г.Кромер Павлодар облысының музыкалық мәдениетінің дамуына зор үлесін қосты.

1960 жылы 20 қыркүйекте КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысымен Павлодар қаласында индустриалды институты құрылып  екінші желтоқсанда Павлодар қаласындағы алғашқы оқу орны – индустриялды институтының салтанатты ашылуы болды. 1960/1961 бірінші оқу жылы институтқа студенттер машина жасау, инженерлік құрылыс, энергетика факультеттері бойынша қабылданды. Е.Эпиктетов институттың алғашқы ректоры  болып тағайындалады. Одан кейін 1962 жылы тамыздың 29-ында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен Павлодар педагогикалық институты құрылды. Ал, желтоқсанда облыстық партия комитетінің мәжіліс залында Павлодар қаласындағы екінші жоғары оқу орны – педагогикалық институтының ашылу салтанатына арналған кеш өтті.

Мұражай қонақтары: «Өрлеу» БАҰО АҚ төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.К. Ахметова, Самсаев Иса Мұсаұлы «Өрлеу» БАҰО АҚ төрайымының орынбасары және әр филиалдың директорлары

Оның бірінші ректоры Анатолий Семенович Катеринин болды.1965 жылы 25 наурызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен Павлодар қалалық Пионерлер үйіне Кеңес Одағының Батыры Михаил Максимович Катаевтің есімі берілді. 1968 жылғы қыркүйек айының 1-і күні Павлодар қаласында №3-ші балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. 1972 жылы 1 қыркүйекке дейінгі уақытта облыста 571 мектеп жұмыс істеді, оның 418-і сегіз жылдық, қалғандары орта мектептер болды. Оқушылар саны 164400 адамды құрады. 1975 жылы П.И. Чайковский атындағы Павлодар музыка училещінің жанынан  бесжылдық  ақысыз  оқытылатын  баллалар  музыка  мектебі құрылды.

1975 жылы Павлодар қаласында 25 Октябрь көшесінің бойында (қазіргі Генерал Дүйсенов көшесі) облыстық мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтының бес қабатты ғимаратының құрылысы аяқталып жаңа ғимаратқа көшеді. 1978 жылы Павлодар педагогикалық институтының жанында орта мектеп директорларының біліктілігін арттыру факультеті жұмыс істеді. Бұл жерде республиканың алты облысының: Павлодар, Шығыс Қазақстан, Семей, Көкшетау, Целиноград және Солтүстік Қазақстан облыстарының  халық ағарту жүйесінің қызметкерлері өз білімін шыңдады. 1978 жылы жүзге жуық шақты  орта мектеп директорларына факультетті аяқтағандығы жөніндегі куәлігі берілді. 1978 жылы  ҚСРО Жоғары Кеңесі Президиумының шешімімен жастарды оқыту және коммунистік  тәрбие беру ісіне сіңірген зор  еңбегі Қашыр ауданы №134-ші қалалық кәсіби-техникалық училещенің оқытушысы Зоя Александровна Жуковаға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді және Ленин орденімен «Орақ пен Балға» алтын медалі қоса тапсырылды.

Республикалық курстың тыңдаушылары Ақсу қаласының ардагер ұстазы З.Арыновпен кездесуі. 2016 жыл

1979 жылы Павлодар қаласындағы №5-ші балалар және жасөспірімдер  спорт мектебі  мен төрт жылдық қалалық балалар көркемөнер ашылды. 1981 жылы наурызда Павлодар қаласындағы Құрманғазы атындағы №1-ші музыка мектебі жаңа ғимаратқа көшіп, қоныс тойын тойлады. 1981 жылы Ермак ауданы Қанаш Қамзин  атындағы совхозының директоры Социалистік Еңбек Ері Мажен Қабылбеков болған орта мектебінің еңбек және демалыс лагері ҚСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің екінші дәрежелі дипломымен марапатталды. 1990 жылы Қантардың бірінші онкүндігінде Павлодар қаласында  төменгі және жоғарғы сыныптардың  150 –ден астам оқушылары қатысқан оқушылардың облыстық пән олимпиадасы өтті.  Олимпиаданы  ағылшын тілі пәні  бойынша өткен аудандық олимпиаданың жеңімпазы Павлодар қаласындағы №35-ші орта мектептің оқушысы Наташа Старцева дәстүрлі білім кілтін алды.

1990 жылы 31 наурызда Павлодар қаласындағы  №3 мектептің негізінде облыстағы алғашқы  гимназияның салтанатты ашылуы өтті. Гимназия директоры болып Темір Темірғалиұлы Қонырбаев тағайындалды. Қыркүйекте Павлодар қаласында №8 орта мектептің  негізінде физика, математика, есептеу техникасын тереңдетіп оқытатын лицей құрылды. Павлодар мектептерінің педагогикалық кеңестерінің ұсынысы бойынша жаңа оқу жылында  лицейге  170 оқу озаты  мен екпінділері қабылданды. Виталий Петрович Никитенко лицейдің директоры болып тағайындалды. 1997 жылғы қазан айының алғашқы аптасында Павлодар қаласында дарынды жеткіншектердің «Айналайын» «Ертіс-97» екінші халықаралық фестивалі өтті. Фестивальге  республикалық «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева және Премьер-Министрінің орынбасары, Білім және мәдениет министрі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов қатысты.

ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты А.К.Нуркина естелік құрмет кітабына өз пікірін жазып қалдыруда. 2020 жыл

Қазақстанның барлық облыстарынан, алыс-жақын шет елдерден жиналған жеткіншектер фестивальға  өз  өнерлерін  көрсету  үшін келді. Үшінші қазанда екінші Халықаралық фестиваль туралы естелік ретінде Ертіс жағалауында аллея салынды. 1997 жылы қарашаның соңында Павлодар қаласында «Қаһарман» балалар әскери-патриоттық мектебінің және кадет корпусының тұсаукесері өтті. «Қаһарман» мектебінде әскери-заңгерлік сыныптары бар кадет корпусы, жас теңізшілер клубы мен «Жасыбай» скаут орталығы болды. Мектепке Кеңес Одағының Батыры М.Қайырбаевтың есімі беріліп, ту сыйға тартылды. Білім күні облыс әкімінің 1999 жылғы 13 тамыздағы №181 шешімімен Павлодар қаласында республикада алғашқы болып дарынды балаларға арналған мемлекеттік тілде білім беретін мемлекеттік мамандырылған жалпы білім беретін мектеп ашылды.

Оқушыларға келесі талаптар қойылды: әрбір сыныпта 15 оқушыдан білім алды, таңертеңнен түске дейін балалармен конкурстық іріктеуден өткен жоғары санатты мұғалімдер, түстен кейін 10 бағыт бойынша арнайы үйірмелерде қосымша білім беру педагогтері жұмыс істеді. 2003 жылы 5 маусымға қарай «Ұстаздар газеті» жаңа павлодарлық газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шықты. Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры Т.Дайкенов газеттің  бас редакторы болды. 2003 жылы Павлодар қаласында «Оқушылардың зияткерлік жарыстарын ұйымдастыру және өткізу» атты аймақтық семинар өтті. Семинарға Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының және Астана қаласының білім беру мекемелерінің және аймақтық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталықтарының басшылары қатысты.

Осы семинар шеңберінде Павлодар аймақтақ «Ертіс дарыны» орталығы сайтының тұсаукесері өтті. 2004 жылы тамыз айының ортасына қарай Грекияда өткен халықаралық математикалық олимпиаданың нәтижелері белгілі болды. Олимпиадаға әлемнің 90 елінен барлығы 500-ге жуық адам қатысты. Павлодарлық Қ.Есенов алтын медальға ие болды. 2005 жылы 1 қыркүйекте қазақ тілінде білім беретін №3 Қашыр орта мектебінде облыстағы алғашқы орыс тілді отбасылардың балаларына арналған  сынып  ашылды. Балалар үйде де  тілдік  қолдау  үшін ата-аналар да мектепте балаларына берілетін оқу материалын меңгеріп отырды. 2006 жылы 3 мамырда Астана қаласында «Дарынды балаларға – дарында ұстаз» атты аймақаралық  педагогикалық  студенттер олимпиадасы өтіп,оның қорытындысы бойынша Б.Ахметов атындағы павлодар педагогикалық колледжі оқушыларының командасы екінші орынды жеңіп алды.

2006 жылғы шілде айының үшінде Павлодар қаласында елдегі жалғыз студенттер құрылыс жасағы болып табылатын «Аққу» палеонтологиялық жасағы өз жұмысын бастады. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты  жанындағы мұражай қызметкерлері мен тарих факультетінің студенттері барлығы 12 адам бір ай ішінде «Гусиный перелет» палеонтологиялық ескерткіші аумағынан 30 тонна құрылыс және тұрмыстық қоқыстарды шығарып, көне аңдардың сүйектерін жинады. 2006 жылғы шілденің жиырмасына қарай іздестіру, өлкетану және мұражай жұмысының республикалық байқау конкурсының қорытындылары шығарылып, Павлодар ауданының Григорьев негізгі мектебінің  тарихи-өлкетану мұражайы бірінші орынды иеленді.

2006 жылғы қыркүйектің тоғызында облыстың мектепке дейінгі, жалпы орта, бастауыш  және  орта  кәсіби  білім беру ұйымдарында және жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін жас педагогтардың (29 жасқа дейін) жеке жобалары  конкурсның  нәтижелері бойынша  24 педагог алғаш рет өздерінің ғылыми және шығармашылық жобаларын одан әрі дамытуға арналған облыс әкімінің грантына ие болды. 2007 жылы Павлодар қаласындағы оқушылар сарайында сол кездегі облыс әкімі Қайрат Нұрпейісовтің қатысуымен облыстың білім беру жүйес қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті. Конференцияда аймақ басшысы облыстың 265 мектебіне интерактивті тақталардың сертификаттарын  сондай-ақ  жұмысқа  деген  шығармашылық  көзқарастары және  жаңашылдығы  үшін  200  мың теңге  көлемінде 23 жас ұстазға гранттар табыстады. 

2008 жылы Павлодар облысында жалпы білім  беретін  пәндер бойынша  оқушылардың республикалық пәндік олимпиадасы өтті. Оған еліміздің барлық облыстарынан, Астана  және Алматы қалаларынан, республикалық білім беру ұйымдарынан 17 команданың  құрамында 600 оқушы қатысты. Павлодар  облысы бірінші жалпы командалық орынды О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика математикалық мектеп интернатымен (Алматы қаласы), Астана қаласының және Алматы облысының командаларымен бөлісті. Павлодар облысының қанжығасында 31 жүлделі орын – 7 бірінші, 8 екінші және 16 үшінші орын болды. 2010 жылы 3 шілдеге қарай Баянауыл ауданының Баянаул ауылында облыстық «Жас дәурен» балалардың оқу-сауықтыру орталығы ашылды.

Орталық облыстың сол кездегі әкімі Бақтыжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша 2010 жылы көктемде қатарға қосылған 600 орынды мектеп-интернат негізінде құрылды. Мұнда қамқоршылармен бірге 11 және 15 жас аралығындағы жетім жылы  балалар, әлеуметтік қорғалмаған  отбасылардың  балалары, оқу үздіктері, олимпиада, спорттық жарыстардың, шығармашылық конкурстардың жеңімпаздары, мектеп  көшбасшылары  демалатын  болды. Облыстың  білім беру басқармасы алғашқы тегін жолдамаларын жетім балаларға берді. 2011 жылы 500-ден астам оқушы оқыған ұлттық жаңғыру мектебінің құрылымында 14 ұлттық оқу бөлімшесі мен екі мәдениеттану орталығы жұмыс істеді. Барлық сатыдағы оқу жоспарына ана тілі, сөйлеу мәнерін дамыту, қазақ халқы мәдениетінің негіздері, фольклор, музыка, хореография, қолданбалы шығармашылық сияқты пәндер енді.

Жыл сайын мектептің үздік оқушылары «Балдәурен» республикалық сауықтыру лагерінде демалу, тарихи отандарында тілдік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Павлодар облыстық педагог кадрлардың білімін арттыру институты тарихынын: 1940 жылы 75 адамды қамтыған 10 сынып бітірушілерінен құрылған мұғалімдерді дайындау жөнінде бірінші курс ұйымдастырылды. 1950 жыл облыстық халыққа  білім беру бөлімі жанынан әдістемелік кабинет құрылды. 1955 жылы Қазақ ССР Министрлігі кеңесінің шешімімен облыстық білім бөлімі жанынан мұғалімдерді жетілдіру институты ұйымдастырылды. Облыстық халыққа білім беру басқармасы коллегиясының 1992 жылғы 13 наурыздағы шешімі негізінде облыстық мұғалімдерді жетілдіру институтты таратты және оның базасында облыстық педагог кадрлар біліктілігін арттыру институты құрылды.

2012 жыл біліктілікті арттыру жүйесі үшін қайта жаңғыру және шешуші кезең болды: педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттырудың  бірыңғай тұжырымдамасы және даму стратегиясымен, мықты инновациялық пен әлеумет кең спектрлі дамуға бағытталған жаңа жүйесі «Өрлеу»  педагогикалық  қызметкерлердің біліктілігін арттырудың ұттық біліктілікті арттыру орталығының акционерлік қоғамы құрылды. 2012 жылдың 10 қазанында Павлодар облысы бойынша  педагог қызметкерлердің  біліктілігін арттыру  институты «Өрлеу» акционерлік қоғамының құрамына филиал құқығында енді. Павлодар облысы бойынша филиал – үздік инновациялық тәжірибені  насихаттау және тарату орталығы, білім беру үрдісінің басым бағыттарын халықаралық  және республикалық  деңгейдегі конференциялар, семинарлар, шеберлік сағаттары, коучинг, вебинарлар арқылы талқылайтын кәсіби қарым-қатынас орнатудың  диалогтік алаңының  бастамашысы  болып табылады.

Институт базасында біліктілікті арттырудың перспективалық ғылыми әдістемелік тәжірибесін жетілдіру мақсатында педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесінде инновациялық білім беру жобасының республикалық көрме жәрмеңкесі; «Біліктілікті арттырудың деңгейлік курсы: білім мазмұнын жаңартудағы рөлі» республикалық семинар кеңесі; арнайы және инклюзивті білім беру бойынша республикалық форумы тәрізді маңызы зор ғылыми-әдістемелік шаралар өткізілді.  Курстық дайындықты инновациялық-әдістемелік қамтамасыз етудің сапа көрсеткіші ретінде «Жыл әдіскері» республикалық сайысына қатысу нәтидесі бойынша бірінші орынға шығуы болды.

Институт  үздік инновациялық тәжірибелермен алмасу және тарату мақсатында «Педагогикалық шеберлік», «Менің Қазақстаным», «Мәңгілік Ел-ұлт мұратының ұйытқысы», «Ең үздік мектеп мұражайы» және тағы да басқа облыстық конкурсын және дербес шығармашылық көрме өткізу дәстүрге айналған. Филиал жеті жылдық тәжірибесінде көп нәрсеге қол жеткізді: құрылымдық, кадрлық өзгерістер, материалдық- техникалық база жаңартылды. Қазірде филиал өз қызметінің бағыттарын кеңейтіп тереңдетті. Қол жеткізген жетістіктерде біздің жергілікті филиалдың үлесі аз емес. Сонымен қатар ауыл мектептерінің мұражайларының мәртебесі көтеріліп, жұмыстары жанданып, қазіргі таңда тарих, география, қазақ тілі пәндерінің сабақтары тек мектеп мұражайларында өтуде.

Бұл оқушыларға өзінің өлкесіне, өз елінің құрметті азаматтарының деген тарихи қызық материалдарды жинақтап, ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстарына нақты бағыт алып, талпыныс беруге бағытталған. Білім мұражайы қаладағы, мектептердегі мұражайлармен,  облыстық  және  аудандық  мұрағаттармен,  басқа  да  ғылыми  мекемелермен,  оқу  орындарымен және жергілікті мұржайлармен тығыз байланыста  жұмыс  атқарады.  Осы  өңірдің танымал өлкетанушылары Э.Соколкин,  А.Селиверстов, Д. Ысқақова, А.Походеев  фототілшілер  Т. Нұрғазин,  А. Пархоменко,  Ж. Сейтенов, Т. Асқапов және тағы да басқалар әрқашанда  біздің  іздестіру жұмыстарымызға  қол  ұштарын  беріп,  барымен  бөлісіп  тұрады. 

Тағылымға толы қымбат қазынаның үздік тәжірибе мен тың идеялар, оқыту тәсілдер мен жаңа технологияларды насихаттауда мәні мен маңызы зор. Аға ұрпақтың мол мұрасын насихаттау барысында зерттеулер жүргізумен шектелмей зерделеу жұмыстарының нәтижелерін оқу үдерісіне енгізу арқылы жастардың бойындағы ұлтжандылықты қалыптастыруымыз қажет. Мұражай  қоры  әрдайым  толығуда.  Келешек  ұрпақты бәсекеге қабілетті жан-жақты дамыған тұлға ретінде тағылымдылыққа тәрбиелеуіміз үшін  арғы,  бергі  тарихтан  мол  мағлұмат  беруіміз  қажет.  Бұл  істе  мұражайдың  атқаратын  еңбегі  маңызды  да  және тәжірибелік мәні зор  екені  даусыз.

Алия Рахметжанқызы ЖУНУСОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы Павлодар облысы бойынша

педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының
мұражай ісінің бас маманы, әлеуметтану ғылымының магистрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий