“Қуғын-сүргін құрбаны болған ұстаздарды” ұлықтаған еңбек

Қазан айы ұстаздар күні мерекесімен тығыз байланысты. Осы мейрам айы аясында ұстаздардың өмірі жөне тарихтағы ролі жөнінде ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Г. К. Ахметованың «Репрессированные учителя» («Қуғын-сүргін құрбаны болған ұстаздар») деп аталатын монографиясы – соңғы уақыттарда тарихтағы ақтаңдақ тақырыптың қалтарысын ашқан салмақты зерттеулердің бірі болып табылады.

Нақтылай атқанда, кітап бүгінгі күнге дейін жете көңіл аударылмаған жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстандағы қуғын-cүргін нәубәтінің ұстаздар қауымына қатысты қырын ашуға арналыпты. Монографияның басты мақсаты – қазақ халқының тарихи жадын қалпына келтіру, қуғынға ұшыраған ұстаздардың ауыр кезеңдегі ерлікке бара-бар істерін, жанкешті еңбектерін, тағлымды тағдырларын мұрағаттардан аршып алып, өскелең ұрпаққа өнеге ету.

Еңбекті оқи отырып тарихымыздағы осынау трагедиялық кезеңнің әлі күнге толық ашылмаған Кеңестік кезеңнің құйтұрқы саясатының осыншалық күрделі екендігіне көз жеткізесіз. Кітапта мұғалімдердің саяси қуғанға ұшырау шежіресі кеңінен қамтылған. Мұрағаттық материалдар негізінде еліміздің көрнекті қоғамдық-саяси қайраткерлерінің тынымсыз жүргізілген тауқыметті ағартушылық еңбектерінің мән-маңызына қанығасыз. Мемлекет, қоғам қайраткерлерінің қай-қайсысы болмасын еңбек жолдарын ағартушылықтан бастаған. Ол – жұрттың көзін ашып, саяси сауатын арттырып, қоғамдық қозғалыстарды оятудың бірден-бір жолы болатын. Бұл істегі ең алдымен көмекке келетін топ – мұғалімдер екендігі де белгілі. Сондықтан да ел ісіндегі ұстаздардың орны өлшеусіз жоғары болды. Демек, саяси науқан кезінде мұғалімдердің назардан тыс қалуы мүмкін емес еді.

Кітаптың әр тарауында Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған мұғалімдер туралы мұрағаттық құжаттар кеңінен қамтылған. Әртүрлі мәдени, тарихи, қоғамдық-саяси, көркем-әдеби және білім беру факторларын кешенді түрде зерттеу – тоталитарлық жүйенің қатыгез жазалауынан үзіліп қалған гуманитарлық-педагогикалық үдерістерді тың, тәуелсіз көзқарас тұрғысынан саралауға әкелген. Кітаптың алғашқы тарауында бізге бұрыннан біршама мағлұм болған . А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Сейфуллин, О. Жандосов, И. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфандияров, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Т. Жүргенов, Е. Бекмаханов, А. Ермеков тәрізді көрнекті қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығы алғаш рет жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы біртұтас ұлттық-білім берудің дискурсы тұрғысынан қарастырылыпты.

«Қазақ даласының қуғын-сүргінге ұшыраған белгілі мемлекеттік қайраткерлері» деп аталатын бұл бөлімде халыққа білім беру жүйесінің мәселелерін өткір түрде көтере алған бірсыпыра қазақ зиялыларының педагогикалық қызметі жаңа қырынан қарастырылған. Еліміздегі ғылыми-педагогикалық ақыл-ой тарихын осылайша кезеңдік ерекшеліктері тұрғысынан зерделеудің өзі ғылымдағы жаңа бағыт екендігі сөзсіз. А. Байтұрсыновтың педагогикалық қызметін зерттей отырып, Г. Ахметова: «Мектептің жаны – мұғалім» деген қанатты сөздің нақ осы ұлы тұлғаға тиесілі екендігін өзінше айғақтап, жекелеген дәйектемелер келтіреді. 1921-1928 жылдары халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиетінен, мәдениет тарихынан сабақ берген ұстаз-ғалымның айтқан сөздерінің сол заманға сай мол тәжірибеден туғандығын дәйектейді.

Қазақ халқының таңдаулы перзенттерінің көзін жоюды сол жылдардағы жымысқы саясат тереңнен ойластырып жасағанын монография авторы нақты дәлелдермен батыл түрде айыптайды. Кітапты оқи отырып, күйзеліске ұшырай бастаған қызыл империяның әлеуметтік және экономикалық ауқымды дағдарыстарын жасыру үшін еш жазығы жоқ ұстаздардың өзін «халық жаулары» ретінде жариялағанына қайран қаласыз. Халық үнін күшпен тұмшалауға біржолата бет қойған озбыр жүйе қоғамдағы әлеуметтік наразылықты бәсеңдетуге осы әрекетті қасақана таңдаған сыңайлы. Қуғындалған адамдардың басым бөлігі еңбек лагерьлеріне жіберіліп, отызыншы жылдардағы “өндірісті өркендетуге” иен-тегін жұмыс күшіне айналғаны белгілі. Оны автор мұқият зерделеп, бұрын оқырман көзіне түсе қоймаған қызықты да нанымды фактілер келтіреді.

Бұл нәубәт-науқанға тұтас халықтармен бірге жекелеген әлеуметтік топтардың, атап айтқанда: «бұрынғы дворяндар ұрпақтары, кулактарға жатқызылған шаруалар, әскерилер… коммунистер, социал-демократтар, эсерлер, армия және полиция офицерлері, діни қызметкерлер мен судьялардың да» ұшырағаны санамалап көрсетіледі. «Мұрағаттық және статистикалық мәліметтер бойынша, – деп көрсетілген кітапта, 1937-1938 жылдары Қазақстанда жүз мыңнан астам адам сотталып, олардың жиырма бес мыңы түрлі желеулермен ешқандай сотсыз-тергеусіз атылған. Солардың арасында педагогтер қауымының көптеген өкілдері, білім беру жүйесінің ұйымдастырушылары мен жетекшілері, мектеп, медресе ұстаздары, жоғары оқу орындарының оқытушылары болған».

Сөз жоқ, моральдық-адамгершілік ойлары, ізгі көзқарастары мен сенімдері үшін зардап шеккендердің ауыр салмағы, негізінен, білім беру саласының өкілдеріне түскен. Себебі, білімді, еркін көзқарастағы зиялы қауым өкілдерінен коммунистік билік қатты қауіптенген. Әрине, өткен ғасыр басындағы жаңа қоғам болашағы жайлы прогрессивтік пікірлерімен, өздерінің қалыптасқан этикалық-моральдық сенімдерімен ұлттық сана-сезімнің оянуына тікелей ықпал ететін алаштық идеядағы зиялы қауымның өздеріне үлкен қарсылас болатындығын сол уақыттағы билік басында отырғандар жақсы түсінді. Ол жөнінде: «Кеңестік жүйе сол замандағы қазақ зиялы қауымының қалың армиясынан халық ағарту жұмыстарын сауатты түрде ұйымдастыра алатын, сөйтіп тек қазақ халқын ғана емес, бүкіл Орталық Азия халықтарын біріктіре алатын қуатты күшті көрді» деп жазады ғалым.

Қазақ зиялыларының алысты көздеген демократиялық көзқарастары большевиктердің түпкілікті мақсаттарымен түбірінен сәйкес келмейтін. Зерттеушінің пікірінше, сол кезеңдегі билік саясаты қазақ зиялыларын, олардың арқа сүйер қалың қауымы-алдыңғы қатарлы өкілдері мұғалімдерді алдымен құртуға мақсатты түрде барған. Қуғындалған мұғалімдер мен олардың трагедиялық тағдырлары арқылы автор қазақ халқының еркін ойлы болмысының ұлттық тәуелсіздікке жетуде қандай «тар жол, тайғақ кешуден» өткенін ашып көрсетеді. Сонымен бірге ол қоғамдық-саяси ауыр жағдайларға, әр адамның басындағы трагедиялық ауыр тағдырларына, жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы қоғам үшін драмалық оқиғаларға қарамастан, ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құндылықтарының өзегі бұзылмағандығын атап көрсетеді. Осының өзінен-ақ қазақ халқының тауқыметті тарихы мен темірдей мықты ұлттық болмыс-бітімі айқын танылады.

Осы жағдаяттарды нақты архив деректерімен өрнектей отырып, ғалым сол замандардағы большевиктер жүзеге асырған саяси қуғын-сүргіннің тарихи себептеріне назар аударады. Ауқымды мұрағаттық материалдар негізінде «Қуғындалған мұғалімдер» деген тарауда Сталин дәуірінде жазықсыз жапа шеккен 50-ден астам мұғалімнің тауқыметті тағдыры таратыла баяндалыпты. Кітап беттерін ақтарып отырып, автордың мұрағаттық материалдармен қыруар көп жұмыс атқарғанына көз жеткізесіз. Ордерлердің көшірмелері, ресми хаттар, шығарылған үкімдер, хаттамалардан, соның ішінде тінту хаттамаларынан, қаулылардан, айыптау қорытындыларынан үзінділер, солардың ішінде әртүрлі актілердің үзінділері, газет беттеріндегі жарияланымдар, қамалғандардың анкеталары, прокуратура органдарының әртүрлі наразылықтары, жекелеген хаттар тәрізді құжаттар зерттеу еңбекті байытып, оның мазмұнын тереңдетіп, аша түскен. Әр материалды оқи отырып, қилы тағдырларды қиналмай оқу мүмкін емес.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы, Совет ауданының Қайрақты ауылының мұғалімі Ниязов Мұхаметжан Мұсабайұлының талайлы тағдырына назар салайықшы. Ол 1885 жылы Аққайың ауданындағы Игілік ауылында дүниеге келген. Әкесі Бутри Иван деген орыс байында батырақ болып жұмыс істеген. 1912 жылы баласы Мұхаметжанды Троицкіге оқуға жібереді. Оқуын бітірген соң ол Көкшетау облысының Қыстауқарағай деген жеріне мұғалім болып орналасып, Қайрақты деген ауылда өзіне үй салып, мектеп ашады. Кейіннен, сол өңірде 1926 жылдан бастап, он жыл бойына Казгородок деп аталатын аудан орталығында орта мектеп интернат меңгерушісі болып қызмет атқарады. Ниязов Мұхаметжан Мұсабайұлы қазіргі Ақмола обылысы Еңбекшілдер ауданында 18 мектеп ашқан екен.

Сөйткен Мұхаметжанды 1936 жылы жаламен ұстап, түрмеге жабады. Сәлемдеме алып келген әйелін жібермеген соң, қоршаудан асып түсем дегенде іштегі сегіз айлық баласымен құлап, көп қан кетіп ауруханада қайтыс болады. Артында қалған үш қызының (Асыл, Алтын, Алма) екеуін балалар үйіне өткізіп жібереді, кішісін ағайындары асырап алады. Мұхаметжан кейіннен ақталып келіп, жаңа өмір бастайды, үйленіп Серік, Баян атты егіз бала көреді. Қыздарының бәрін қолына алып, тәрбиелеп өсіреді. Төрт қызы да ұстаздық жолға түсіп, қырық жылдан астам білім беру ісінде қызмет етеді. Кітап кейіпкерлерінің барлығы да осындай жазықсыз жапа шеккен тауқыметті тағдырлар.

гилязов (1)

Осындай деректерді жинақтай келе, автор мұғалімдердің ерекше тарихи-мәдени дәстүрлері мен жоғары қоғамдық-саяси рөлі педагог кадрлардың арасында саяси құрбандардың еріксіз көп болуына әкеліп соққан деген қорытынды жасайды. Әсіресе түрмеге қамалғандар мен атылғандар санының күні бүгінге дейін бізге мәлім болып келген ақпараттан әлдеқайда көп екендігіне қынжылыс білдіреді. Екінші жағынан алып қарағанда, жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы мұғалім мамандығы «…кулактар мен байшылдардан арылту және ұжымдастыру жұмыстарына мұғалімдерді мәжбүрлі түрде қатыстыру болғандықтан да, оның ақыры ұстаздардың өздерінің өмірлеріне қауіп төндіріп отырған». Мұғалімдер жаңа саяси қондырманың саяси науқанының алдыңғы қатарынан табыла отырып, Кеңес өкіметі жариялаған бостандықтың мұраттарына қалтқысыз сенді, бірақ сонымен бірге, олар осы социалистік биліктің қорғансыз, құрбандығына айналды.

1920-1930 жылдардағы мұғалімдерге өздеріне тиісті емес айыптардың тағылуы олардың өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу секілді педагогтік жұмыстарын да тығырыққа тірегенін де осы еңбектен оқып-біліп жатырмыз. Автордың айтуынша, жеке басқа табынушылық кезеңнің саяси науқанына байланысты тарихи үдерістерді обьективті түрде түсіну үшін сол кездегі білім беру саласындағы күрделі мәселелерді жан-жақты қарастырып, жете ұғыну қажет. Ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық өмірдің күнделікті тынысы тікелей білім беру орындары мен мәдениет мекемелерінде айқын көрініс беретіндігі еңбекте мұрағат материалдары арқылы нақты дәлелдермен көрсетілген. Демек, бұл зерттеу жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық-саяси, тарихи-мәдени және білім беру-педагогикалық кеңістіктері қарым-қатынастарының біртұтас жүйе екендігін дәлелдейді.

Білім беру мен мәдениет саласындағы отызыншы жылдардың ойранын арнайы зерттеудің өзекті мәселесіне айналуы ақтаңдақтардың тағы бір бетін ашуға деген батыл қадам деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, сталиндік жылдарда репрессияға ұшыраған қазақстандық мұғалімдердің шығармашылық өмірбаяндары мен ғылыми-мәдени мұраларын зерттеуге арналған Г. К. Ахметованың аталған монографиясы қоғамның тарихы дамуының жекелеген трагедиялық беттерін қалпына келтірген ғылыми негізде әділін айтуға ұмтылған бағалы әрі терең ғылыми-зерттеу жұмысы болып табылады. Қазақстандағы қуғын-сүргінге ұшыраған мұғалімдердің өмір жолдары мен шығармашылықтарын зерттеп, қайтадан сараптау жұмыстары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасында қойылған талаптарға тікелей жауап бере отырып, қазіргі таңдағы мұғалімдерге де ой салатыны сөзсіз.

Аталған монографияны Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттерді ашуға жасалған кезекті бір ғылыми қадам деп санағанымыз орынды. Оның мазмұны оқырманның патриоттық сезімін күшейтіп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырады, мемлекетіміздің алдағы даму жолдарына бағдар сілтейтін қоғамның толеранттылығын, біртұтастығын нығайтуға өз ықпалын тигізетін еңбектердің қатарынан табылады деп бек сеніммен айта аламыз. Бұл – осы саладағы алғашқы күрделі зерттеудің басы. Еңбекке елдің әр өңірінен іріктеп алынған мұрағат материалдарының өзі оның астарында ұшан-теңіз әлі ашылмаған деректердің жатқандығын аңдатады. Тіпті, кейбір облыстардан санаулы ғана адамдардың тізімі қамтылған.

Енді әр облыс, аудан бойынша зардап шеккен ұстаздарды түгендеп, іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізудің кезегі келіп тұр. Бұл орайда аталған еңбектің зор бастамашылық мәні бар екендігінде күмән жоқ. Жалпы, әр ауылдағы қуғын-сүргін құрбандарына ұшыраған адамдардың тізімін жасап, мектеп музейлерінде олар туралы мағлұматтар жинақтап қойса, жас ұрпақ жүрегіне қилы заман тағлымын сіңірудің бір жолы болар еді. Тұтастай алғанда, мұрағаттық мағлұматтары мол, үлкен ізденістердің нәтижесінде дүниеге келген бұл зерттеу – тарихи сананы жаңғыртып, бүгінгі қоғамды ойлантуға жетелейтін тағлымы зор еңбек. Ел тарихындағы осы уақытқа дейін жабық тақырыпқа айналып келген өзекті мәселе қоғамдық-саяси тарихтан лайықты бағасын алып, жаңа зерттеулерге жол ашады деп ойлаймыз.

Кенжехан Ісләмжанұлы МАТЫЖАНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий