Ұлағатты ұстаздың ерен еңбегі мәңгілік өшпейді!
Жер бетін жеті айналып шықсаң да қадірлі мамандық – ұстаздық. Ұстаз берген тәлім-тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер қараңғыда жарық берер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, тілінен бал тамған ақын мен жазушы да, көк аспанды бағындырған ұшқыш та бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты жандарға бүкіл адамзат баласы құрметпен бас иеді.
Ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі басты борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет екенін ұмытпайық! Ұстаз-жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде.
Қазақ мектебінің болашағы туралы Мағжан ақын Жұмабаев: – Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты, – деп айтып кеткен. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихи әлеуметтік, мәдени рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі зор. Мектептің басты тұлғасы, жүрегі мұғалім. Тәуелсіз еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екенін баршамыз мойындаймыз.
Білім көшін жылжытып, елімізде болып жатқан соңғы кездегі жағдайларда да ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Қашықтықтан білім беру арқылы, алыстан оқушы зейінін нығайтып, білімнен нәр беруі жас ұрпаққа деген қолдау деп білеміз. Әрине, бұл ұстаздар үшін де- үлкен еңбек пен жауапкершілік. Ертеңгі білімді ұрпақ тәрбиелеуі – бұл ел келешегі, болашағымыздың өркендеуі үшін аса жауапты үрдіс. Ал қазіргі қашықтан сапалы, ең бастысы нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыру мектеп ұстаздарының шеберлігіне түсетіні анық.
Десе де, барша әріптестеріміздің жетер жетістігі молынан деп білеміз. Ұстаз еңбегі мәңгілік адамзат жадында мәңгі өшпейді! Тамыры терең, жапырағы жайқалған биік бәйтеректей мәңгі көктейді! Төл мереке құтты болсын!
Нұржан НАМАНГЕНОВА,
А. Қарсақбаев атындағы №41 ЖББМ “Математика,
информатика пәндерінің” бірлестік жетекшісі,
Алматы қаласы, Алатау ауданы