Қазыналы қарттар құрметке кенелді
Қарт – қазына. Даналықтың алтын кілті. Ақылшымыз бен ардақтыларымыз. М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті қарттар күніне орай білім мен ғылымның ордасына еңбегі сіңген, зейнеттегі ардагер ұстаздарды ұлықтап, құттықтауды жыл сайынғы дәстүрге айналдырған, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының медиа қызметі.
Осы мерейлі сәтте зейнет демалысындағы қазыналы қарттарымызды арнайы шақырып, жайылған кең дастарханға жайғасқан аға буын өкілдеріне мерекелік концерт ұйымдастырылатын. Биылғы жылы мәртебелі меймандарға құрмет көрсету үрдісі елдегі жағдайға байланысты, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып ұтымды ұйымдастырылды. Университет ректоры Махметғали Нұрғалиұлы ізгі лебізінде ұлағатты ұстаздарды шын жүректен құттықтап, білім саласындағы еңбектерінің елеулі екенін айрықша атап айтты.
– Ұлағатты ұстаздарымыз талай буынды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатты. Шәкіртіне бар білгенін үйретіп, ғұмырын арнады. Біз қазыналы қарттарымыздың алдында бас иеміз,- деді университет басшысы. Зейнет демалысындағы ұстаздар қауымы да өз кезегінде қошамет көрсетушілерге алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Ұстаздар мереке күні ерекше сый-құрметке кенелді. Университетіміздің 30 ардагер-ұстазына “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің бір жылдық жазылымын растайтын сертификат табысталса, 63 ардагер ұстазға қаржылай сыйақы ұсынылды. Университет кәсіподақ комитетінің төрағасы Берік Хұсайынов келген қонақтарды мерекемен құттықтады.
Және отандық педагогтер қауымының салалық басылымы ұйымдастырған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен” әлеуметтік жобаны қолдау акциясы аясында танымал салалық апталықтың алдағы жаңа 2021 жылдың он екі айын толық қамтитын жазылымды мерекелік тарту ретінде сыйға ұсынды. Құрметке кенелген қарттарымыз ғибратты ғұмырларында көрген білгендерінен тағылымға толы естелік әңгіме айтып, басқосуды ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді.
Загрузка...