Берік Әбділманов, “Қазақстан” РТРК” АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары, “Kókshe” телеарнасының бас редакторы: Ұлт болашағын ойлаған ұстазым

Жұмыр басты адам баласы жер бетін жайлағалы бері жаһанның жұмбақ сырларын ашуға деген құлшынысы әсте бір толастаған емес. Қоршаған ортаның құпиясына қанығып, тылсым сырын терең тануға деген талпынысы үлкен ізденіске жол ашып, ғылым-білімнің қалыптасуына алғы шарт та бола білгені жасырын емес.

Нұртас Ахатұлы

Одан беріде он сегіз мың ғаламның қисапсыз құпиялары ашылды. Қаншамасы зерттеліп, зерделену үстінде. Сырын бермей сол қалпында сақталып тұрғаны да не сан… Расында да, бұл – талмай еңбек ету мен тынбай ізденудің арқасында ғана қол жеткізетін жетістік тәрізді. Ал өзгеге өзі білетін әлемнің қат-қабат құпиясын бүкпей жа­йып салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Халық санасын оятып, ағартушылық еткен жан қай кезде де мәртебелі саналып келді емес пе? Осы тұрғыда ұстаз еңбегін айналып өту қисынсыз да шығар, бәлкім?! Өйткені, оның еңбегі – өлшеусіз!

Ұстаздар күні қарсаңында ұлағатты ұстаз туралы ой толғауыма негізгі себеп болған “Білімді ел – Образованная страна” газетінің ұйымдастыруымен “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен” әлеуметтік жобасының республикалық деңгейде қанат қағуы. Ел басқарған ер де, көпті көрген көнекөз қария да ұстаздың алдын көріп, тәлімін алған. «Жақсының жақсы­лы­ғын айт, нұры тасысын» дегендей, дәл осы тұста білім беру кеңістігінде танымал, өз ісінің хас шебері, ұлағатты ұстаз, әдебиетші-ғалым, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі Ахат Нұртас Ахатұлы жайлы ой қозғағым келеді.

Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Нұртас Ахатұлы жайлы ерекше ілтипатпен  айтуға болады. Нұртас аға – ұла­ғатты ұстаз ғана емес, мол тәжі­рибесін әріптестерімен бөлісе білген білікті басшы. Ғибратты ғұмырының қымбат  шақтарын болашақ педагог мамандарды даярлау ісіне арнап келеді. Адам қажырлы еңбегімен табиғатты өзгертсе, ұстаз жалпы жасампаз еңбегімен жаңа адамды қалыптастырып, оны дамытып, жетілдіріп өмірге дайындайды.

Нұртас Ахатұлы жас буынды тек біліммен қаруландырып қана қоймай, назарын, білгендерін жадында сақтауға, қабілетін, ойлауын, тіл шеберлігін ұштауға, дүниеге деген құштарлығын, өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып, ықыласын, сенімін, төзімділігін, іскерлігін, ізденімпаздығын, тағы басқадай танымдық қасиеттерін жетілдіріп, адамгершілігі мол азамат етіп тəрбиелеуді өзінің өмірлік мақсаты, ізгілік мұраты деп санайды. Сонымен қатар, Нұртас Ахатұлы басқарып отырған оқу орны – заманауи жабдықталған, еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыратын ұлттық құндылығы биік маман даярлайтын, ғылыми зор жетістіктерге ие оқу орындарының бірегейі.

Берік Қайдарұлы

Ұлттық тәрбие, ұлттық мектепті қалай қалыптастырамыз деп басын тауға да, тасқа да ұрып, педагогикалық өлшемдерді зерттеп жүрген мамандар өздерінің зерттеуінің бір нысаны ретінде Нұртас Ахатұлының тәрбие беру тәжірибесіне назар аударса, құба-құп болар еді.  Өйткені, Нұртас Ахатұлы – жеңіл, бұқаралық мәдениет жаппай етек алғанда, яғни жаһан­дану дәуірінде жас ұрпақ­қа ұлттық тәрбиенің маңызды екенін жете түсінген жан. Ұстаз болу ‒ адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Колледж қабырғасында студент болып оқыған кезімізде Нұртас Ахатұлының әрбір дәрісінен рухани жан-дүниең толығып, тәлім-тәрбие алып шығатын едік. Әсіресе, ер-азаматты тәрбиелеуге деген аса бір ерекшелік байқалатын еді. 

Міне, колледжді аяқтағалы біраз жыл өтсе де, әлі күнге дейін рухани әкеміз ретінде Нұртас ағамен ара-қатынасымызды үзбей келеміз. Ұстазымның қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны  ерекшелендіреді. Қазақтың әйгілі жазушысы Ғабит Мүсірепов “Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім”  демекші, ата-анадан жырақта жүрген студент жастарға оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор ұстаз, жанашыр аға. Нұртас аға “Бұлақ көрсең, көзін аш” демекші, қаншама дарынды жастардың өнер айдынына еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін беруде.

Әрқашан игі істердің ұйытқысы болып жүретін Нұртас ағаның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындылығы мен қызметіне деген адалдығы әріптестері мен студенттеріне үлгі боларлық. Ұстаздар мерекесіне орай Нұртас Ахатұлына мықты денсаулық, шығармашылық жетістіктер тілей отырып, осындай үлкен құрметке ие жандар мен ұлықтауға тұрарлық оқу орындарының еңбегін жариялап жүрген “Білімді ел – Образованная страна” республикалық апталығының бір жылдық жазылымын тарту етемін.

Берік Қайдарұлы ӘБДІЛМАНОВ,
Қазақстан» РТРК” АҚ Ақмола облыстық
филиалы директорының орынбасары, “Kókshe
телеарнасының бас редакторы, Көкшетау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий