Сағила Байкенова, №5 “Қуаныш” бала бақшасының меңгерушісі: Ізгі ұрпақ – нұрлы болашақтың кепілі
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Ел байлығы деген не?”, “Ол – білім, ол – жаңа технология, ол – бәрінен бұрын отаншылдық сезім”, – деген болатын. “Дүниенің кілті – оқу, білімде”, – деген ата сөзін ұстана отырып, жылдармен жаңаланып, ақпараттар ағына ілесіп, заман талабына сай көрініп жүрген Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі туралы мақтанышпен айта аламыз.
Тарихы да, тәжірибесі де бай білім шаңырағы отыз жыл бойы кәсіби сапалы мамандар даярлаумен айналысып келеді. Елімізбен тағдырлас білім ордасы мемлекетімізбен бірге жетіліп өркендеп, бүгінгі таңда «жоғары педагогикалық колледжі» мәртебесіне ие болды. Бүтіндей бір елдің қаншама буын ұрпағын тәрбиелеп шығарған киелі шаңырақтың облысымыздың білім беру тарихындағы алатын орны ерекше. Жоғары колледж қабырғасында білім алып жүрген бүгінгі студент – ертеңгі жас маман. Сондықтан жас ұрпақтан жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары, ойы мен сөзі кемел адамды тәрбиелеу – сол жас маманның қолында. Білім ордасының түлектері – қоғамның сұранысына қарай тез өзгере алатын сезімтал, креативтілік қабілеті дамыған, шығармашыл бағытты берік ұстанған құзіретті, жаңа формация педагогтері. Заманауи талаптарға жауап бере алатын білімді де, білікті маман даярлауда тәжірибе жинақтау мақсатында соңғы үш жыл бойы біздің мектепке дейінді тәрибе орталығы мен колледж арасында әлеуметтік серіктестік құрылып, тығыз жұмыстар жүргізілуде.
Біздің балабақшамыздың қызметкерлері осы айтулы білім ордасынан тәлім алып, жас ұрпаққа тәрбие беруде еңбек етіп келеді. Нақтырақ тоқталсам, мен осы арнаулы оқу орнының 1994 жылғы түлегімін. Сол кезде оқуға түсіп, үш жылдан соң мектепке дейінгі оқыту және тәрбие бойынша кәсіби мамандыққа ие болдым. Қазіргі таңда танымал балабақшаның меңгеруші қызметін атқарып келемін. Сонымен қатар біздің ұжымда колледжден білім алған жеті тәрбиеші және «Балапан» курсынан өткен 12 педагог абыройлы қызметтерін жалғастыруда. Бұған қоса, тағы он екі тәлімгер жұмыс орындарын ауыстырып, білім беру саласында қызметтерін жалғастыруда.
Бүгінгі күні сүйікті альма-матеріміз Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі – республикаға танымал іргелі оқу орны. Әрі материалдық-техникалық базасы өте мықты. Оқу орнындағы оқыту жағдайының да өте жоғары деңгейде екендігін айта кету керек. Аталмыш оқу орнының әрбір оқытушысы – қазіргі заман талабына сай білімді, кәсіби шеберлігі жоғары, рухани дамыған, шығармашыл, педагогикалық технологияларды меңгерген майталман мамандар. Колледж студенттері практика барысында жұмысқа үнемі мол дайындықпен келеді. Білімгерлердің кәсіби әрекеті мазмұнды материалдардың негізінде, кәсіби практика барысында көрінеді.
Қазіргі таңда білім саласына енгізіліп жатқан реформалар ұстаздардан зор білімді, біліктілікті талап етеді. Сол себептен, колледж түлектері қазіргі инновациялық өзгерістерге бейімделген, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын ізденуге бағдарланған және балалармен шығармашылық жұмыстарын жүргізе алатын дәрежеде десем, артық айтқаным емес. Түлеп ұшқан оқу орнымның оқытушылар қауымын ұлағатты ұстаздар мерекесімен құттықтай отырып, колледждің бай кітапханасын оқылымды отандық мерзімді басылымдардың бірімен толықтыру үшін “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің бір жылдық жазылымын сыйлаймын.
Сағила Баймырзақызы БАЙКЕНОВА,
№5 “Қуаныш” балабақшасының меңгерушісі,
Ақмола облысының Көкшетау қаласы