Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ұжымы: Бірлескен жұмыс берекелі

“Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі” –  дегендей, бүгінгідей ел болашағы – жас буынды заманына сай лайықты жеке тұлға ретінде қалыптастыру ісі мемлекетіміз үшін қашанда маңызды. Қазіргі уақытта даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудағы өзекті мәселе – инклюзивтік білім беру. Инклюзивті оқыту оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді.

Бұл бағыттағы жүйе барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі  арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта жақындатады. Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастыруға болады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ.

Жас жеткіншектерді тәрбиелеуде, сапалы білім беруде алдына қойған басты мақсат – білім беру мен тәрбие үрдісіне инновациялық қызметті енгізу арқылы білім сапасын арттыру, өз ұлтының тарихын, мәдениеті мен тілін қастерлейтін және оны жалпы азаматтық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Көкшетау қаласы әкімдігі жанынан құрылған, сау балалармен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін және дамуын түзетуге арналған “Мейірім” орталығы мен  облыстық білім басқармасының “Көкшетау қаласы, ақыл-ой бұзушылықтары мен психикалық дамуы кеш балаларға арналған № 1 облыстық арнайы түзету мектеп-интернаты” коммуналды мемлекеттік мекемесінің инклюзивті білім берудегі сәтті тәжірибесі жайында айтқымыз келеді.

Колледждің «Инклюзивті білім беру» элективті курсының жетекшілері мен мүшелері жыл сайын аталмыш оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Студенттеріміз «Мейірім» орталығы мен № 1 облыстық арнайы түзету мектеп-интернаты педагогтерінің мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудағы мол тәжірибесімен бөлісіп, түрлі акциялар ұйымдастырып отырады. Колледж студенттерінен құрылған «Сыйқырлы әлем» қуыршақ театры тарапынан сахналық қойылымдар да өткізілді. Оқу мен дамыта түзету үрдісінде мультисенсорлық кабинеттер, М.Монтессори технологиясы, құм және ертегі терапиясы, шығармашылық жұмыстар қолданылады.

Еліміздің беделді мерзімді басылымдарының бірі “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің тарапынан “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” әлеуметтік жобасы жүріп жатқаны белгілі. Осы акцияның аясында әріптестерімізді мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтап, салалық апталық басылымның бір жылдық жазылымын мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін және дамуын түзетуге арналған “Мейірім” орталығы мен Ақмола облысы білім басқармасының “Көкшетау қаласы, ақыл-ой бұзушылықтары мен психикалық дамуы кеш балаларға арналған № 1 облыстық арнайы түзету мектеп-интернаты” коммуналды мемлекеттік мекемесіне тарту етеміз. Білім беру ісіндегі бірлескен еңбегіміз берекелі болсын!

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары
қазақ педагогикалық колледжінің ұжымы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий