ЕҰУ еліміздегі ең ірі жатақхана құрылысын бастады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 361 төсек-орынға арналған Студенттік тұрғын үй кешені құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті. Жалпы ауданы 45 000 ш.м. алатын жаңа жатақхана бес қабатты үш блоктан тұрады және А. Байтұрсынов пен К. Әзірбаев көшелерінің қиылысында орналасады, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» негізінде жеке инвестициялар есебінен салынатын Студенттер үйі университет тарихындағы ең ауқымды жоба және студенттер арасында жатақханалардағы орын жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешеді. Шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «МегаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инновациялық даму жөніндегі директоры Балшекер Мұхамедқызы және профессор-оқытуышалар мен студент жастар қатысты.

Студенттер үйлерінде студенттердің жайлы тұруы, оқуы, демалуы үшін барлық жағдайлар жасалады және аумақта тамақтану мен бос уақытты тиімді өткізу орталықтары, жаттығу залдары, спорт алаңдары мен өмір сүру үшін басқа да қолайлы жағдайлар қарастырылған. Жандарбек МӘЛІБЕКОВ, Елтаңба авторы, осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген «Студенттер үйінің» жобасын жасаушы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры: – Мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне алғаш жұмысқа келгенде студенттерге заманауи үлгідегі баспана салуды ойлаған едім. Өйткені, қаламыз еліміздің астанасы, шетелден қонақтар көп келеді. Келген меймандар еліміздегі бірден бір жетеші оқу ордасы – Еуразия ұлттық университетіне соқпай тұрмайды. Сонда олар біздің студенттердің қандай жерде тұратынын көрсе деген ой болған. Арада біраз жылдар өтсе де, сол кездегі алға қойған мақсатым орындалды.

Енді міне, Нұр-Сұлтан қаласының төрінен жаңа Студенттер қалашығының қазығы қағылып отыр. Инвесторлар екі жылдан кейін пайдалануға береміз деді. Шынымды айтсам, білім алушы студенттермен бірге өзім де қатты қуанып отырмын. Өйткені ол жатақхана деген аты болмаса, заманауи үлгідегі кәдімгі секциялық үй болмақ. Өте қуаныштымын. Жастарға айтарым, оқыңдар, білім алыңдар!

Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры: Студенттер қалашығының іргетасын қалау – Еуразия ұлттық университеті үшін тарихи сәт. Бұл Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың бес әлеуметтік бағдарламасының үшінші бастамасы: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» тапсырмасына орай атқарылып отырған істер. ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл тапсырмаларды ойдағыдай орындап келеді, өйткені еліміздегі ЖОО-ның алды өздерінің жатақхана құрылысын бастап та кетті, кейбіреулері оны пайдалануға беріп те үлгерді.

ЕҰУ студенттер қалашығының ерекшелігі, инвесторлар өз қаражатына салып береді, қалашықта жастарға не керек, бәрі қамтылған. Сондықтан «МегаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымына ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік мәселелерге, әсіресе елдің жағдайын қамтамасыз етуге, оның ішінде жастарға, ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі шара сол Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалуы деп білемін.

Балшекер МҰХАМЕДҚЫЗЫ, «МегаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инновациялық даму жөніндегі директоры: – Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегенді қазақ бекер айтпайды. Мұндай жұмысты бастарда ел ағалары келіп, ақжолтай болсын деп ақжарма тілегін айтып, тұсауын кесіп жатқаны көңілге қуаныш, болашаққа үміт сыйлайды. Алға басуға ниеттенген кез келген қоғамның, адамзат тарихындағы кез келген өркениеттің іргетасы ғылымнан тұратыны белгілі. Бүгін біз де сондай іргетастың бірін қалағалы тұрмыз. Ісіміз өнікті болсын!

 

Абай атамыз: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дейді. Студенттерге салғалы жатқан жатақханамыз құтханаға айналсын. Бұл жерден Абай атамыз айтқан ақыл, ғылым, ар, мінезбен озатын жастар өсіп-өніп шықсын». Балшекер Мұхамедқызының айтуынша, «МегаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2005 жылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласында тіркелген. Бұл компанияның инфрастуктура және тұрғын үй салудағы тәжірибесі мол. Еуразия ұлттық университетінің жатақхана құрылысы бойынша жариялаған конкурсқа қатысып, жеңіп алған.

Құрылыс үш блоктан тұрады және 2 361 төсек-орынға арналған. Студенттік үйлер ғимараты бес қабатты болса, жобаның құны 7 млрд. теңгені құрайды. – Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы ағамызға еліміздің түкпір-түкпірінен оқитын қазақ жастарына жағдай жасап, қамқор болып жүрудегі және осындай үлкен жобаны іске асыруына атсалысып жатқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Елдің болашағы үшін атқарып жатқан қызметі тарих алдында еленуіне тілектеспіз. Құрылыс жұмысы негізі 2020 жылы көктем айында басталуы керек еді, бірақ әлемді жайлаған індеттің салдарынан жұмысымыз жарты жылға кешікті. Алла сәтін салса, Студенттік үйлер кешенін 2022 жылы 30 тамызға дейін толықтай бітіріп, Қазақстан Республикасының Конституция күні пайдалануға береміз,-дейді «МегаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инновациялық даму жөніндегі директоры Балшекер Мұхамедқызы.

Іс-шара соңы болашақ ұрпаққа арналған тарихи жазба қалдыру рәсімімен аяқталды. Онда 2045 жылғы студенттерге арналған үндеулер, тілектер, нұсқаулар салынған.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий