“Өзін – өзі тану” бағдарламасы: Қашықтан оқытуды жоспарлау мүмкіндіктері
Бүгінде бүкіл әлем жаһандық пандемияға байланысты күрделі кезеңді бастан кешіруде. Бірақ өмір бір орында тоқтап тұрмайды, сондықтан қазіргі уақытта білім беру саласында сандық, ақпараттық технологияларды, компьютерлік желіні, жаңа білім әдістерін пайдалану арқылы қашықтан оқыту кеңінен қолданылуда. Қашықтан оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – жеке адамды зияткерлік дамыту, ақпаратпен жұмыс жасай білуге үйрету, өзіндік жұмысқа дағдыландыру. Қашықтан оқыту адамның білім алуға және ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру жүйесі нысандарының бірі ретінде мамандардың негізгі қызметін атқара отырып, білімін, біліктілігін арттыруға да мүмкіндік береді.
Авторлық «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы білім беру жүйесінде қоғамды рухани-адамгершілік тұрғыда жаңарту мәселелерін шешуді көздейді. Мектептегі зияткерлік пәндер сияқты өзін-өзі тану сабақтары да қашықтықтан оқыту форматына көшті. Жаңартылған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша «Өрлеу» БАҰО АҚ филалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ» 2013 жылғы мамыр айынан бастап, облыста үш мыңнан астам педагогтің біліктіліктілігін арттырды, оның ішінде 203 мұғалім кеңейтілген біліктілікті арттыру курстарын жақсы көрсеткіштермен аяқтап, рухани-адамгершілік тұрғыда жаңа деңгейге көтерілді, РАББ бағдарламасының әдіснамасы, әдістері мен идеяларын мектептің оқу-тәрбие үдерісіне енгізу іскерліктерін үйренді.
Биылғы жылдың басынан өзін-өзі тану пәнін мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы орта білім беретін мектептер мен колледждерде оқытатын 450 педагог біліктіліктерін арттырды, олардың ішінде екі жүз елуге жуығы қашықтан ұйымдастырылған курстарды аяқтады. Бұл дәрістер Youtube, Google Meet, Zoom платформалары арқылы ұйымдастырылды. Курс барысында WhatsApp, mail.ru, gmail.com мессенджерлерінде құжаттармен, үлестірмелі материалдармен алмасу, өздік тапсырмалар, сынақ жұмыстары орындалады. Сонымен қатар педагогтер инстаграмм, фейсбук желілерінде жаңа ақпараттармен танысып, өз пікірлерін жариялап тұрады. «Офлайн», «Онлайн» сияқты терминдер бүгінде жиі қолданылады. Қашықтан оқу тыңдаушыдан жоғары уәж бен танымдық біліктілікті талап етеді. Сондықтан трансляция кезіндегі белсенділік, жауапкершілік, тәртіп, мәселені шешуге бағыттылық, өзіндік қабілеттерін онлайнда ұсына білуі маңызды. Қашықтан оқытуда сабақтар синхронды және асинхронды жүргізілді.
Синхронды дәріс кезінде ақпараттармен қабылдап, асинхронды кезеңде өз бетінше білімін толықтырады, тренермен, топтағы әріптестерімен пікір алмасып, ой бөлісіп, тапсырмаларды орындау бойынша өзара оқыту тәсілдерін жүзеге асырады. Мұндай мүмкіндіктер тыңдаушылардың танымдық іс-әрекет қызметін жетілдіруде өте маңызды. Қашықтан оқытудағы педагог жұмысының сапасы: дұрыс жасалған жүйе, АКТ, оның ішінде цифрлық білім беру ресурстары (ЦББР) және электронды оқулықтарды (ЭО) пайдалану бойынша сабақтың пәндік мазмұнын сауатты аша алу қабілетіне байланысты. Бүгінде заманауи педагог білім беруші рөлінде ғана емес, сонымен бірге білім алушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, оқу-танымдық, оқу-іздену, жоба әрекеттерін ұйымдастырушы рөлін атқаруы тиіс.
Қашықтан оқыту форматындағы сабақтарды дайындау кезінде педагог оқушыларға сабақтың барынша ыңғайлы форматын, қолжетімді платформалар мен арналарға сілтемелер беру, оқушылардың психоэмоционалдық жағдайын ескеруі, сонымен қатар білім алушының қызметін жылдам және икемді үйлестіруге мүмкіндік беретін заманауи ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, өз бетінше оқыту қағидатына негізделген оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруы маңызды. «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдерінің сұранысы бойынша қыркүйек айының ортасында Zoom платформасында «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ» ұйымдастыруымен «Қашықтан оқыту жағдайында өзін-өзі тану сабақтарын ұйымдастыру және өткізу» тақырыбында онлайн-вебинар ұйымдастырылды.
Вебинар жұмысына осы аймақтағы мектепке дейінгі ұйымдары, жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары, «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ оқытушылары, сонымен қатар республикамыздың басқа да өңірлерінен өзін-өзі тану бағдарламасы бойынша тренерлер қатысты. Вебинарда сөз алған тренерлер мен педагогтер: «Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ» тренері Н.Абдикеримова; «Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ» тренері А.Мускина;. – «БҚО бойынша ПҚ БАИ» тренері Ш. Арыстанова; СҚО Петропавл қ. ҚМГ өзін-өзі тану мұғалімі А.Альмишева; Көкшетау қ. №3 ДБОММИ өзін–өзі тану мұғалімі М.Кайржанова; Целиноград ауданы Қараөткел а. №2 ОМ өзін-өзі тану мұғалімі Ж.Байболина қашықтан оқыту жағдайында білім алушының қызметін жылдам және икемді үйлестіруге мүмкіндік беретін заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану, өзін-өзі танудағы жоба жұмысын дұрыс жүргізу туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар вебинарда жаңа оқу жылында туындаған сұрақтар төңірегінде пікір алмасу жүзеге асырылып, облыс ұстаздарына өзін-өзі тану пәндерін қашықтықтан оқыту бойынша ұсыныстар мен «Бөбек» ҰҒББСО дайындаған бейне сабақтар бойынша сілтемелер ұсынылды. «Бөбек» ҰҒПББСО әзірлеген қашықтықтан оқыту жағдайында мұғалімнің өзін-өзі тану сабақтарын дайындау талаптарына тоқталсақ: қашықтан оқыту жағдайында әр түрлі ақпараттық қызмет түрлерін қолдану: электрондық пошта, телеконференциялар, гипермәтіндік орта, интернет желісінің ресурстары; «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының порталында орналастырылған оқулық, мұғалім үшін әдістемелік құрал, оқушы дәптері, электрондық оқулықтар, қосымша материалдар кіретін оқу-әдістемелік кешендерді қолдану; оқытуды қолайлы, қолжетімді және ыңғайлы форматты ескере отырып ұйымдастыру.
Бейнесабақ форматын пайдаланудың мұғалімге берер мүмкіндіктері: электрондық пошта, WhatsApp, басқа мессенджерлер арқылы «Бөбек» ҰҒПББСО әзірлеген YouTube «Өзін-өзі тану бейнесабақтары» арнасында орналасқан бейнесабаққа сілтеме беру немесе өзінің әзірлемесі; оқушыларға бейнесабақты міндетті түрде көруді ұсыну; білім алушыларға бейнесабақ, фильмдерге, кітаптарға сілтемелерді көргеннен кейін өз бетінше оқу/орындау үшін тапсырмалар беру; электронды журналдар жүйесінде, электрондық пошта, WhatsApp, басқа мессенджерлер арқылы өз бетінше орындауға тапсырма беру; kundelik.kz, электрондық журналдар, bilimal.kz, mektep.edu.kz жүйелері арқылы, электронды журналдар болмаған жағдайда-педагогтің қалауы бойынша байланыстың қолжетімді түрлері арқылы кері байланысты жүзеге асыру.
Онлайн сабақ кезінде: сабақ барысында PowerPoint таныстырылымының экранында мәтіндерді көрсету, материалды, тапсырманы түсіндіру, оқушылардың сұрақтарына жауап беру; бейне, аудиожазбалар көрсету, мәтінге сілтемелер беру, оқушылармен чаттарда пікір алмасу; «Жағымды көңіл-күй», «Тыныштық сәті», «Хормен ән айту» сияқты әдістерді қолдану; чатта алдағы оқу үдерісі бойынша жоспарлар мен нұсқаулықтарды, шығармашылық тапсырмаларды, жоба бойынша тапсырмаларды орналастыру; топтық жұмысты ұйымдастыру, ұжымдық миға шабуылды ұйымдастыруға көмектесетін Padlet интерактивті онлайн-тақтасына сілтемені немесе соған ұқсас қосымшаларды орналастыру (тіпті қатысушылар қашықтықта болса да), белгілі бір тақырып бойынша виртуалды көрме, плакат немесе қабырға газетін дайындау; чатта сауалнаманың нәтижелерін автоматты түрде шығаруға мүмкіндік беретін платформаларға сілтеме жасау (Google нысандары).
Өзін-өзі тану мұғалімі үшін өмірде адамның рухани-адамгершілік дамуының негізі болып табылатын жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстанудың маңыздылығы идеясын жеткізу қажет. Қашықтан оқыту жағдайында оқушылар мен мұғалімнің бір-бірінен алыстығына, оқушы тарапынан эмоциялық байланыстың болмауына және басқа да қиындықтардың болуына қарамастан, оқушыларға жалпыадамзаттық құндылықтардың мәнін жеткізу, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының қағидаларын басшылыққа алу, интерактивтілік, эмоциялық көтеріліс, сабаққа жағымды көңіл-күй атмосферасын жасау қажет. Қашықтан оқыту жағдайында өзін-өзі тану сабақтарын сапалы өткізуді ұйымдастыру үшін тиісті ресурстарды (материалдар, дереккөздер және т.б.) іріктеу маңызды.
Педагог сабақтың мазмұнына сәйкес келетін ақпараттық құралдарды, аудио-бейнематериалдарды кеңінен іздестіруді жүзеге асырады. Мұғалім өзі бейнесабақ сияқты медиаресурсты жасай алады. Өзін-өзі тану бойынша бейнесабақтар (аудиосабақтар) бөлім, тақырып, сынып және сабақ нөмірінен басталады. Жоспарлау кезінде сабақтың құндылығын, сапасын, мақсаттары мен міндеттерін анықтау керек. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы жаңа жиырма бірінші ғасырдың маңызды мәселелерін шешуге бағытталғандықтан, заманауи ұстаз алдында АКТ құзіреттілігін жетілдіріп, онлайн сабақтарында цифрлық білім беру ресурстарын, мультимедианы қолдана отырып, балалар бойында ізгілік пен қайырымдылық, жауапкершілік, барлық адамдарға деген кішіпейілділік пен құрмет қасиеттерін айқындай түсу міндеті тұр. Игі қызметтеріңізге сәттілік, шығармашылық шабыт тілейміз!
Нина Михайловна СТУКАЛЕНКО,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “Ақмола облысы
бойынша ПҚ БАИ” директоры, п.ғ.д., профессор
Асем Бауржановна АБДРАИМОВА,
“Өзін-өзі тану” рухани-адамгершілік білім
беру бағдарламасы бойынша тренер, п.ғ.м.