Батыр Әлиев, Нұр-Сұлтан қаласының “Әділет” білім беру қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы: Ұстазы жақсының ұстамы жақсы
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». Бұл қанатты сөз дәл менің мысалымда айтылғандай. Себебі, алғаш мектеп табалдырығын аттап, қолыма қалам алғанымда ұстазымның жылы жүзі мен ыстық мейірімі маған ерекше әсер етті. Қанаттандырып, биікке жетеледі.Соның жемісі болу керек, ұстазым үйреткен сара жолмен жүріп, ілім білімнің қыр-сырын меңгеруге талпыныс жасауды бірінші сыныптан бастадым.
Артық айтқандық емес, ардақты ұстазым тек білім беріп қана қоймай, бойыма тәрбие дәнін екті. Адалдықты қазық етіп қақты. Адам болуға баулыды. Мен білім есігін ашқан Семей қаласындағы Т. Аманов атындағы №16 мектепте 1-5 сынып аралығында тәлім-тәрбие алдым. Алғашқы ұстазым Сибанбаева Рахат Мусинқызының мен үшін сіңірген еңбегі орасан зор. Ол кісіге өмір бойы қарыздармын. Әр шәкірт белгілі бір жетістікке жеткен шақта, «осы қадамды неден бастадым немесе маған не әсер етті» деп ойланатын шығар. Мен де дәл солай. Мектеп қабырғасында жүріп жеткен жетістігіме бірінші ұстазым қуанатын. Әр талпынысыма мықты қолдау білдіретін. Мені мақтан тұтатын. Әрине, бұл мені сөзсіз қанаттандырды, шабыттандырды. Бұл үшін Ардақты Ұстазыма мың алғыс!
Әр адам есейе келе белгілі бір жолды таңдайды. Шығармашылық бағытты таңдап, қазақ тілі мен әдебиет пәнін сүйіп оқыдым. Өлеңдерді жатқа оқуды жаным сүйетін. Осы қырымды дәл уақытында байқаған, №15 орта мектептегі менің екінші ұстазым Төлеуқоңырова Нұргүл Төлеуқоңырқызы болатын. Бұл кісі туралы айтсам, еріксіз көз алдыма оқушы кезім еске түседі. Қандай да сайыс болмасын, қыранын баптағандай маған жан-жақты қолдау білдіретін. Шексіз сенімі мені осылайша биікке жетеледі. Менің ойымша, әрбір шәкірт өзін баулыған ұстазына өмір бойы алғысын айтады. Ұзақ уақыт көремесе де амандығын тілейді.
Себебі алғаш өмір баспалдағына қадам бастырған, кірпіш болып қалануына негіз болған жанашыр ұстаздың орны әрбіреуіміз үшін маңызды. Оны қанша сөзбен әдемілеп, әрлесек те жеткізе алмаймыз. Сондықтан ұстаздар қауымының төл мерекесінде оларға шексіз құрмет көрсетіп, ұлықтап, мадақтасақ бір парызымыздың бөлігі өтелді деген сөз. Ендеше аяулы ұстаздар, мерекелеріңіз құтты болсын! Күш-қуаттарыңыз ешқашан сарқылмай, білім мен тәрбие дәнегін егіп, мықты азаматтардың кірпішін қалауға негіз болып жүре беріңіздер! Амандық-саулық тілеймін!
Ізгі тілекпен
Батыр ӘЛИЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласының “Әділет” білім беру
қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы