Ғани Бейсембаев, ҚР БҒМ “Оқулық” Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры: Ардақты ұстаз – мерейің үстем болсын!

Абайша айтқанда, «Адамның бойындағы асыл қасиет – Ұстазынан». Расында, ұстаздың болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл қоғамды қалыптастыруда үлкен рол атқаратындығы белгілі. Бұл жәйтті ежелден түсінген Қазақ елі ұстазға еркше сый-құрметпен қарап, дәріптеген. Сол киелі тарихи дәстүрдің жалғасы іспеттес “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің «Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен» атты әлеуметтік жобасын естігенде қатты қуандым.

Газет ұжымының ғажап бастамасын қолдаумен қатар, мектепте «білім берген, нәр берген» мұғалімдеріме тағы бір рет тағзым етіп, алғыс білдіруіме керемет мүмкіндіктің туғанын түсіндім. Кезінде бір қабатты сабан кірпіштен қаланған шағын жәй мектепті ұлағатты өнегесі, терең білімі, оқушыға деген махаббатымен зәулім әрі жарық еткен ұстаздарымды құрметпен еске аламын. Әсіресе, «тарыдай» болып бастауыш сыныпқа білім алуға келген біздерге қасиетті «Әліппемен» таныстырып, сауат аштырған сырбойылық ҚЫЗЫЛБАЕВА Дәмеш апайыма мың тағзым етемін. Бүгінде ол кісі 90 жасты алқымдап қалған ардақты әже. Дәмеш апайдан кейін 4-7 сыныпта бізді өз алақанына алған Күлтай СЫЗДЫҚОВА апайымыз жадымызда. Әуелде қатал көрінгенмен, қамқоршы болған апайымыздың жақсылықтарын бала көңіл қайтіп ұмытсын? Ал енді  қызық та ең қиын кезең, бозбала мен бойжеткен сәтімізде тәлімі мен тәрбиесін көрген сынып жетекшіміз Ұлтай СЕЙІЛОВА апайымызды ұмыту тіпті де мүмкін емес. Әсіресе, мен үшін.

Бірде апайдың үгіт насихатына бағыныш білдірмегенім үшін комсомол қатарынан шығара жаздағанын бүгінде күлкімен еске алғанмен, сол сәтте қатты қорыққанымды жоққа шығара алмаймын. Ол әрине шым шытырығы мол ұзақ әңгіме. Дегенмен, бүтіндей бір сыныптың оқушылары апайды керемет құрметтейтінбіз. Ұлтай апайдың сол кездегі бейнесі кинодағы «Қыз Жібекке» ұқсайтын. Қазақ әдебиетінен дәріс беретін апай әдеби шығармалардың мәнін ашып, талдау жасағанда сынып бөлмесінде шыбынның ызынынан басқа дыбыс естілмейтін, шіркін. Өзімізді оқиғаның ішінде жүрген бейне бір кейіпкердей сезінуші едік. Бүгінде Ұлтай апай зейнеткерлік демалыста.

Білім берумен қатар, кезінде  басымыздан сипап, арқамыздан қаққан, әр бір жетістігімізге балаша қуана білген, мектеп директоры Аханова Нәзгүл апай мен пән мұғалімдері: Ахмет Бердімұратов, Ақтоты Әбсадықова, Мырзалы Есқабылов, Драхмет Фазылов, Қазина Момышева, Гранит Алексеевич Ким, Әзиза Ибаділдаева, Туғанай Шерімбетова, Тілеукен Ахметова, Баян Әйменова, Қайрат Ерманов, Күләнда Санақова, Тасқожа Тасжан, Мария Шайхова, Ғалия Жүрсінбекова, Айман Әбілқасымова, Сәуле Жолдиева сынды ағай апайларымызды да сағынышпен еске аламын. Мектептен кейінгі өмір жолында жолыққан ұстаздарымның орны бір төбе.  Үлкен өкініш, кейбір ұстаздарымыз бүгінде өмірден озып та  кетті. Өмір бір орнынында тоқтамай сырғи береді емес пе? Ұрпақтар жалғастығы іспеттес, сол кезеңдегі үш сыныптас ұстаздық жолды таңдаппыз.

Он жыл бір партада бірге оқыған  достарым, Өтеева Гүлназ бен Ляззат Кенбаева бүгінде бастауыш сыныптың мұғалімдері. Ол екуі де бәріміздің балғын шағымызда есігін бірге аттаған Қызылорда облысының Шиелі кентіндегі қазіргі Ыбырай Алтынсарин атындағы №219 орта мектебінде қызметте. Мектебімізді кәсіби білікті басшы, ардақты ұстаз Жанерке Жанадилова апайымыз табысты басқарып келеді.  Әр жылдың қазан айының бірінші жексенбісі мерейлі мереке – ҰСТАЗДАР мейрамы.

 

Алдынан қарадан ханға дейін ілім алатын ұстазға айтар тілектер бүгін толастамасы белгілі. Менің қадірлі ұстаздарым, әріптестерім осындай сәулелі де нұрлы мереке күні отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шәкірттеріңіздің құрметі мен махаббатына бөлене беріңіздер! Тәуелсіз еліміздің дамуына қосып келе жатқан өлшеусіз еңбектеріңіз үшін өздеріңіздің алдыңызда бас иеміз! Мерейлеріңіз үстем болсын!

Ғани Бектайұлы БЕЙСЕМБАЕВ,
ҚР БҒМ “Оқулық” Республикалық
ғылыми-практикалық орталығының директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий