Мамандық атаулының төресі – ұстаздық

“Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі”, – (Ыбырай Алтынсарин). Ұстаз туралы сөз қозғасақ, “Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі”, – деген Мағжан ақыннан асыра айта алмаспыз. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Өйткені, мұғалім  – барлық мамандық  иесін  тәрбиелейтін,  оқытып үйрететін  мейірімді де абзал жандар. Ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік, құрметі жоғары болған.  

Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды,  Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алған. Әрбір жан өміріне жол сілтер шамшырағы – ұстазын толғанбай сөз бастамайды. Сыр елінің білім саласында тынбай еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасы айшықталған ұстаз Нағима Әбубәкірқызы өскелең ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін көрсетуден жалыққан емес. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай Нағима апайымыздың ұрпақ тәрбиесі мен олардың кемел келешегіне қосқан үлесі зор.

Сонау сексенінші жылдары Жезқазған педагогикалық институтын бітірген жас та белсенді математик қыз өз еліне оралып, Арал ауданындағы КМҚК “Арал көпсалалы колледжінің” білім беру мен тәрбие жұмысында еңбек еткелі қырық жылдан асты. Бұл жарты ғасырға жуық уақыт мерзім жай жылдар жиынтығы емес, ізденіс пен еңбектің, талпыныс пен табыстың, үйрену мен үйретудің жылдары болды. Білімімен қатар табиғи дарыны аймақтың білім беру саласын талай биіктерге көтеріп, сан мәрте жаңалықтармен толықтырды. Көңілі ашық-жарқын, кеудесі алтын сандық ұлағатты ұстаз Нағима Әбубәкірқызының тәрбиелеген талай шәкірттері бүгінде көптеген мамандық иелері атанып, ел игілігіне қызмет жасауда.

Білім беру саласындағы сүбелі еңбектері лайықты бағаланып, берілген көп марапаттың ішінде ҚР Білім және ғылым министрінің, облыс әкімінің «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі – талай жылғы еңбегінің бағасы. Бұл марапаттар ұстаздың туған халқына, қазақ халқына сіңірген зор еңбегінің белгісі деп білеміз. КӨПТІЛЕУОВА Нағима Әбубәкірқызының терең білімді де білікті қасиеті және азаматтық ұстанымы, ғибратты ғұмыры мен ұстаздық жолынан ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халық даналығын көкірегіне жаттаған шәкірттерінің ұстазына деген құрметі әрқашан  биік тұрады. Себебі біз, ұстаз шәкірттері өмір жолымызда жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алғандықтан бүгінгі күні бағытымызды айқын ұстанғанбыз. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, ұстазымызға ыстық ықыласпен алғыс білдіре отырып, мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасына амандық тілейміз!

Сұлушаш Айдарбайқызы САПАРБАЕВА,
Қызылорда облыстық білім басқармасының маманы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий