Онлайн семинар: Білім саласындағы есепшілерге арналды
Биылғы жылы әлемді шарлаған пандемия індетінің салқыны еліміздің білім саласына қатты тигені соншалық алғашқы кезде оқу үрдісін ұйымдастыруда көптеген кемшіліктерге жол берілгені жасырын емес. Соның ішінде білім беру мекемелерінде еңбек ететін педагогтармен қатар қызметкерлердің еңбек ақысын төлеу ісінде көп сұрақтар туындады. Осы сәтте оларға республикалық салалық кәсіподақ көмекке келіп, қарамағындағы кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары мен әлеуметтік жағынан қорғалуына бастамашыл ұйым атанды.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жуырда Атырау облысының білім беру мекемелерінде еңбек ететін есепшілермен онлайн-семинар ұйымдастырылды. Бұл шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Амангелдіқызы Асылова қатысып, жүзден астам есепшілер тарапынан туындаған сұрақтарға тікелей жауап берді. Әсіресе, қазіргі қашықтан оқыту форматында және штаттық режимде өтіп жатқан оқу үрдісінде ұстаздардың еңбек ақысын төлеу мәселелерін көтерген есепшілер көкейлерінде жүрген ой-пікірлерін ортаға ашық салды. Олардың арасында ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес ұстаздарға жасалатын әлеуметтік төлемдер, педагогтық біліктілік, арнаулы топтарда және онлайн сабақ өткізетіндер үшін берілетін жалақы мәселелері төңірегінде кеңінен сөз болды.
Осы семинарда анық шешілген бір мәселе болды, ол: – Атырау облысының білім беру ұйымдарында педагогикалық қызметкерлерге берілетін жүктеме 1 ставкамен (18 сағат) шектеледі, қалған сағаттар бос қалдырылып, кейін жұмыс беруші, мектеп директорлары, оқу жылының басында мұғалімдерді бос сағаттарды алуға мәжбүр етсе, бірақ барлық сағаттарды тарифке енгізбей, бос қалдырғаны былай тұрсын, сабақ жүктемесін орындаған мұғалімдерге күз, қыс, көктемгі каникул кездерінде және сауықтыру алған сәтте ол қаржылар есепке алынбай, төленбей қалады.
Сөйтіп олардың орынды наразылығын туғызатын еді, бұл мәселені қаншама көтерсекте шешімін таппаушы еді, вице-министр оның соңғы нүктесін қойып берді. Енді сол нақты жүктемемен педагогтар еңбекақысы төленуі тиіс.Семинар соңында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Мұқашева онлайнға қатысқан барша есепшілерге белсенділік көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Қылышбай ҚҰЛЖАНОВ,
Атырау облысы