Алғыс арқалаған ұлағатты ұстаз

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық десек, ұлы тұлғаның ерен еңбегі өлшеусіз болмақ. Ғалым да, шахтер де бас иетін ұстазды ұлықтау – ұлтты ұлықтаумен тең.  Қазақта ұстазы жақсының ұстанымы жақсы деген керемет сөз бар. Ел анасындай құрметке ие болған ұстазды құрметтемейінше, жақсы ұрпақ өсіп келеді деудің өзі жай сөз. Сондай құрметке лайық, өзінің ақыл-парасатымен, үлгілі де өнегелі жолымен, мектепте өзіндік орны мен қолтаңбасы бар ұстаз Клара ЕСҚАЛИЕВА жайлы айтып, ұлықтасақ артықтық болмас.

Биылғы мектеп бітіруші түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша орташа баллы тоқсан бес пайызға жетіп, аудан рейтингісі бойынша бірінші орынға шықты. Мектептегі білім сапасы да жылдан-жылға жоғарылап келеді. Бұл – білім беру бағытында гимназия ұжымы төккен маңдай тердің ақталғаны, жетістік шыңына шығуға мұрындық болған мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Клара Серіқызының іскерлігі десек артық болмас. Елеулі еңбек қашанда ескерусіз қалмайды.

Жаңа оқу жылында білім саласындағы жемісті еңбегі үшін Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұған дейін де жастарға сапалы тәрбие бергені үшін «Ұстаз ұлағаты» төсбелгісімен, аудандық білім бөлімінің, «Нұр Отан» партиясы, Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің алғыс хаттарымен марапатталып, тынымсыз еңбек пен жауапкершілікті ұштастырып, мектеп ісінің ілгері дамуына, білім мен тәрбие беру ісінің нәтижелі болуына ықпал етіп келеді. Ұстаздың  жеке басының жетістіктері  өз алдына бір төбе…

 

Одан өзге мектептің аты мен абыройын асқақтату, ұстаздарға мол жетістіктерге қол  жеткізу жолындағы ақыл-кеңесін де аяған емес. Клара Серіқызы үнемі  ұстаздарына ұлттық тәрбие – ел болашағының  діңгегі, рухани сенімі мол ұрпақты тәрбиелеу – келешектің бізге артқан міндеті екенін ұдайы айтып  отырады. “Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді” деген Мәлік Ғабдуллиннің ғибратты сөзін үнемі ұстаздар есіне салып отырады. Расында да, оқушы мұғалімге қарап бой түзейді, тәрбие алады. Кейіпкеріміздің ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, талапшылдықты сүйетінін біз жұмыс барысында үнемі сезінеміз, іштей сезініп, мақтан тұтамыз.

Ұстаздың бойындағы шыншылдық пен басшы ретінде жұмыс барысында танытатын әділеттілігі тағы бар. Білім беру саласында мамандығын күнкөріс қамына айналдырған бақай есеппен келген мамандарды емес, ұлтымның болашағын тәрбиелеймін деп ұстаз болуды шын жүрегімен қалаған мамандардың тілегін қабыл алып, алға жетелеп келеді. «Жақсының тамыры тереңде, оны ешкім шаба алмас, көлеңкесі көктен, нұрын  шашар еліне» – деп  текке айтылмаса керек. Иә, мұнда қанша мән – мағына бар десеңші…  Ел –жұрт алғысы   көкке көтереді, ел –жұрты сұрайды, іздейді. Сіз сондай ел –жұрт сыйына бөленген  жансыз. Бұл  – менің пікірім емес, бүкіл ұжымның, халықтың пікірі. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – демей ме…

Клара Серіқызы – білікті  ұстаз, ұжым мақтанышы ғана емес, отбасында үлгілі ана, сүйікті жар, ағайын – туыс арасында да беделді  әрі абыройға ие. Білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талмай,қажымай еңбек етіп келе жатқан ол кісінің өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.

Жанерке АЛМАГАНБЕТОВА,
№ 80 мектеп-гимназиясының қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қызылорда
облысының Қармақшы ауданы, Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий