Балауса Қайырғалиева, Нұр-Сұлтан қаласындағы №46 балабақшаның меңгерушісі: Еңбектері мен есімдері ұмытылмайды
Адам өміріндегі ең керемет сәттерінің бірін мектеп қабырғасында өткізеді екен ғой. Орта білім беретін алтын ұяңнан алыстаған сайын, сағынышың да еселеп арта түседі. Сол қимастық сезімді “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газеті ұйымдастырған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен” әлеуметтік жобасы арқылы жеткізгім келеді!
Менің сүйікті мектебім шырайлы Шығыс жерінің, Абай атамыз туған елді мекеніндегі, қасиетті Саржал ауылында орналасқан! Мектеп қабырғасында жүргенде бойымыздағы балалықты көріп еркелеткен, даралықты көріп өркендеткен, баға жетпес біліммен нәрландырған әр ұстаздың алдында мың тағзым!!! Ш.Тоқжігітов атындағы Саржал орта мектебінің аға буын ардақты ұстаздары мен ұжымшыл ұжымды біліктілікпен басқарып отырған Ерлан Ақбергенов ағайдан сапалы біліммен қоса тағылымды тағылымды тәрбие алғаныма ерекше ризамын. Ерлан Серікқазыұлы да осы мектептің түлегі болатын. Ол біз мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде жас маман ретінде бағыт пен бағдар берген және болашағынан үлкен үміт күттірген білікті азамат ретінде таныла бастаған еді.
Е.Ақбергенов 1992 жылы Семей қаласындағы Н.Крупская атындағы педагогикалық институтының филология факультетін бітірген соң, алғашқы еңбек жолын бастаған күннен бастап таңдаған кәсіби мамандығын жетік меңгерген, білгір майталман ретінде көрсете білді. Ізденімпаздығымен ерекшеленетін ол өмір ағымынан қалмай, тың идеяларды қолдайтын жаңашыл ұстаз атанды. Оқушыларға тіл үйретіп, сауатын арттырудағы жетістіктері жетерлік. Бірнеше жыл сынып жетекшілік қызметін атқара жүріп, ұйымдастыру қабілетінің жоғары деңгейде екенін анық аңғартқанын басшылар да бағалады. Жауапты жұмыстарды ұтымды үйлестірудегі еңбегінің нәтижесінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.
1999 жылдан аталған ұстаздар ұжымында жетекшілік жасауда. Шәкірттердің әр түрлі саладағы шығармашылық деңгейінің жыл сайын жоғарылауы басым бағыттағы жоспарлы жұмыстардың жемісі. Ерлан Серікқазыұлы ұлағатты ұстаз, дарынды директор ғана емес ұлтжанды азамат. Бұл сөзімізге кейіпкеріміздің жан-жақты қолдауымен ұрпақтар сабақтастығы ізімен жарасымды жалғасын тапқан «Туған елге тағызым» акциясының жыл сайын аясын кеңейткені нақты дәлел.
Осы шараның шеңберінде жаны жомарт қалталы кәсіпкерлердің көмегімен пән кабинеттері заман талабына сай қайта жабдықталуда. Жеке тұлға ретінде тамаша өнер иесі, әнші, шебер волейболист, нағыз бес аспап. Үлгілі жанұяның отағасы. Маралдай аяулы жары екеуі қос құлыншағына ұлттық тәрбие сіңіруде. Сөз соңында айтарым, әріп жазғызумен қатар санауды үйреткен осы білім шаңырағында санамызға құйған сапалы білімнің негізінде еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарын тәмамдап, педагика магистрі дәрежесін алғаным ең алдымен мектептегі ұлағатты ұстаздардың қажырлы қызметімен тікелей байланысты.
Он жылдан астам уақыт бойы С.Аманжолов атындағы ШҚМ университетінде, Еуразия институтында қызмет атқарған кезімде ұдайы есімде сақталған майталман мұғалімдерді елордасындағы мектепке дейінгі білім беру мекемесінің басшылығын атқарған бұл күндері де ұмытуға қақым жоқ. Сондықтан алты ұя мектебімнің ұстаздар ұжымын кәсіби меркемен шын жүркктен құттықтап, “Білімді ел – Образованная страна” апталық басылымының алдағы 2021 жылғы мерзімді жазылымын тарту етемін. Шәкірттеріңіздің ізгі ниеттегі ерекше сыйлығын қабыл алыңыздар!
Балауса Төлеуғалиқызы ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,
№46 балабақшаның меңгерушісі, Нұр-Сұлтан қаласы