Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі: Ардагер ұстаз Дариға Қалмырзаеваға құрмет көрсетілді

“Білімді ел – Образованная страна” республикалық апталық газеті ұйымдастырған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен” әлеуметтік жобасына Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі де қосылды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі. 

Жоба аясында қаламыздағы білім беру ісінің үздігі, отыз бес жылдық еңбегі мен күш жігерін орныққан ұстаздар ұжымында қазақ тілі пәнінен дәріс беруге арнаған майталман мұғалім, парасатты педагог, абзал ана Дариға ҚАЛМЫРЗАЕВАмен арнайы жүздесіп, қарттар күні мен кәсіби мерекеге орай құрмет пен қошамет көрсетуді ұйғардық.  Алдын-ала белгіленген уақытта бір шоқ гүліміз бен “Білімді ел – Образованная страна” басылымының бір жылдық жазылымы бар сыйымызды алып, құрметті еңбек демалысындағы аға буын ардагердің ризашылығына бөлендік. Алғысын айтып, батасын берді.

Дариға апайдың жұбайы мен перзенттері де білім саласының кәсіби мамандары. Ұрпақтар сабақтастығына жалғасқан танымал әрі беделді мұғалімдер шаңырағының жалпы ұстаздық еңбек өтілі 150 жылдан асады екен. Дариға апай жастармен кездесуі барысында ғибратты ғұмырынан тағылымды сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті. Кейіпкеріміздің айтуынша ол кеңестік кезеңде шырайлы шым шаһардағы №10 орыс мектебінде сабақ берген алғашқы қазақ мұғалімі болғандықтан солақай саясаттың кесірінен көптеген қиындықты басынан кешіргенін әңгімеледі.

Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты халықтық құндылықтарымыз қайта дәріптеле бастағанына қуанған әзиз ана өскелең ұрпақққа байырғы бабаларымыздан мәңгі мирас, асыл аманат ретінде сақталған ұлттық ерекшеліктерімізден айрылып қалмау қажеттілігін баса ұғындырды. Жас ұстаздарға сабырлық пен тынымсыз ізденіске қоса үздіксіз еңбектің жемісті боларын тілеген ақылшы апайдың күші мен қайраты әлі де мол екендігін байқадық. Қазақстанның сан түрлі саласындағы өзгерістерді ғана емес әлем жаңалықтарын зерделейтін зейіні зерек. Біз ұлағатты ұстазға мықты денсаулық пен баянды бақыт тілейміз!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий