Бағымкүл Көптілеуова, Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы: Біздің әулеттің жалпы педагогтік еңбек өтілі 400 жылдан астам уақытты құрайды
“Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінде ұстаздардың кәсіптік мерекесі қарсаңында жарияланған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен” әлеуметтік жобасы аясында Қызылорда облысы Арал қаласының батыс жағында 1970 жылы ашылған жарты ғасырлық тарихы бар № 220 орта мектебінің ұжымына газеттің бір жылдық жазылымын тарту етемін.
Жалпы менің ұстаздық мамандығын таңдауыма 46 жыл педагогтік еңбек өтілінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігінен бастап, ұзақ жылдар бойы мектепте басшылық қызмет атқарған әкеміз Әбубәкірден бастап, бауырларымның мұғалімдер династиясының 400 жылдан астам педагогтік еңбек өтілін құрайтын Көптілеуовтер әулетінің ұстаздық еңбектерінің нәтижесі оң әсерін бергенін мақтанышпен айта аламын.
Мектепті 1980 жылы 10 «Г» сыныбын бітірген «белсенділер тобы – алғашқы түлектер» бойымызға білім нәрін сеуіп, оқытып үйреткен, бүгінде зейнеткерлікке шыққан Сұлтанова Жамиға, Қаласова Күләш, Бозаева Күнзипа, Кенжебайқызы Күнімкүл, Айжарықова Света, Дарменова Сауле, Шаңқұлова Зинеш, Сембаева Жұмакүл, Жалғасбаева Гүлжахан апайларымыз бен Қонарбаев Амангелді, Кекілбаев Бақытжан ағайларымызға үлкен алғысымызды білдіреміз. Әрқайсысыңыздан үйренгеніміз көп, әсіресе математика пәнінің мұғалімі Жамиға апайымыздың сабырлы да, талапшыл тәлім-тәрбиесінен өз бойымызға біршама ізгіліктерді сіңіре білдік. Осыдан 40 жыл бұрын мектеппен қоштасып кетсек те, сыныптастар хабарласып, мектебіміз бен ұстаздарымызды еске алып тұрамыз.
Осы құттықтау аясында бізге тарих пәнінен сабақ беріп, абыройлы ұстаздық еңбекпен қатар, ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарып, бүгінде өмірден озған Көптілеуов Бақыт бауырымды үлкен сағынышпен еске алып, берген ақыл-кеңесі мен өнегесі үшін шексіз алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, білім, медицина және басқа да салалардан орнымызды табуға септігін тигізген, үлгі-тәрбиесін берген, бүгінде ортамыздан кеткен сынып жетекшіміз Бөлекбаева Шамшагүл апайымыз бен Дарменов Төлеш, Қанатбаев Жеткерген, Кәдіров Бижан, Жұбаниязова Мария, Сатыбалдиева Ұлбосын, Сермағанбетова Бақыт ұстаздарымызға рахмет айтамыз.
Елу жылда ел жаңа демекші, бүгінгі таңда үш мыңға жуық бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеп ұшырған мектеп ұжымы мен басшысы Әбілбаев Әлібиді төл мерекелерімен құттықтап, өздеріңізге, жақындарыңызға денсаулық, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілейміз!
Бағымкүл Әбубәкірқызы КӨПТІЛЕУОВА,
Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында
сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы