Ұстаз мәртебесі – мақтаныш
АБІШЕВА Алмагүл 1960 жылғы қазан айының 4-і күні дүниеге келген. 1968 жылы Жабасақ орта мектебіне 1 сыныпқа барып, 1978 жылы 10 класты бітірген соң 1980 жылы Ақтөбе педагогикалық институты жанындағы бір жылдық дайындық курсына түсіп, 1981 жылы аталған институттың физика-математика факультетінің математика мамандығына оқуға тапсырып 1984 жылы тәмәмдаған. Алғашқы еңбек жолын 1984 жылы Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Жаңадәуір ауылындағы Жаңадәуір орталау мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған.
1984-1999 жыл аралығында осы мектепте еңбек еткен. 1999 жылы отбасымен Хромтау ауданы Новоресей елді мекеніне қоныс аударып 2000-2017 жылдары Новоресей (қазіргі Ақжар) қазақ орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. Санаты 13 разряд математика пәні мұғалімі. Педагогика саласына өз үлесін қосып, өзі еңбек еткен жылдары талай шәкірттің бойына білім нәрін сусындатып, өнегелі тәрбие берген ардақты ұстаз. Сол еңбегі еленіп аудандық, облыстық дәрежеде бірнеше мақтау, мадақтамалармен марапатталған. Алмагүл Әбсұлтанқызының шәкірттері бүгінде елге адал қызмет етіп жүрген мамандарға айналды. Білім жолында ұстаздықты өнеге еткен еңбекқор ұстаз, отбасында татулықтың тамырын ана жүрегімен, жанашыр тілегімен перзенттеріне дарытты.
Отбасылық өмірінде жолдасымен отыз алты жылдан бері отбасының берік іргесін қалап, қазірде қызғалдақтай бес қыздың ата-анасы, шаңырақтың шаттағы болып, балалары мен немерелерінің қызық-қуанышын көріп, баянды ғұмыр кешуде. Қызмет жолында адалдықтың ақ туын, тәрбиенің түп қазығын тең ұстаған, ерен еңбектің тамаша өнегесін көрсете білген аяулы ұстаз бүгінде талай жылғы өлшеусіз қызметінің зейнетін көріп отырған асыл әже. Осынау қуанышты мерекеде мерейлі 60 жасқа толып отыр. Адам өмірінің айтулы белесі – алпыс жасқа толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!
Құтты болсын қуанышты күніңіз,
Бақытты боп шаттық өмір сүріңіз.
Алпыстың да асқарына жеттіңіз,
Енді жүзге құлаш сермеп шығыңыз.
Мереке күн нұрға толсын жүзіңіз,
Қуаныңыз, шаттаныңыз, күліңіз,
Бала – шаға қызығына кенеліп,
Ортамызда аман – есен жүріңіз!
Ізгіліктің нұрын шашар маңайға,
Адамсыз ғой үлгі болар талайға.
Жақсылықты өзінізден көп көрген,
Ұмытпайды туған – туыс қалайда!
Үлгі болған үлкенге де жасқа да,
Сыйлар сізді туған – туыс, басқа да.
Бақытты боп бұл өмірде мәңгілік,
Қуатыңыз таусылмасын 100 жаста да!
Сәтбек Аманбайұлы ЕСЕНҒҰЛ,
“Ақтөбе-Дарын” өңірлік ғылыми-тәжірибелік
қосымша білім беру орталығының бөлім басшысы