НЗМ – Семей: Тоғыз ардагерге тосын сый

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” әлеуметтік жобасына қолдау білдіріп, зейнеткер әріптестеріне “Білімді ел – Образованная страна” республикалық басылымының бір жылдық жазылымын сыйға тартты. Осылайша ұйымшыл ұстаздарымыз ардақты аға буын ардагерлердің білім саласындағы еңбегін кейінгі буын өкілдері ешқашан ұмытпайтындығын айқын аңғартты, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі. 

Мектебіміздің он жылдық тарихында сан түлекті үлкен өмірге қанаттандырған майталман мамандардың алды құрметті еңбек демалысында. Олармен бұрыннан бар бірегей байланысымыз еш үзілген емес. Жастарымыз ұдайы хабарласып, хал жағдайларын біліп тұрады. Қажет кезінде қолдан келер көмектерімізді ұсынып, жан-жақты қамқорлық көрсетудеміз. 

– “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен” әлеуметтік жобасының биылғы жылы тағы да ұйымдастырылғанын естіген бойда бағалы бастамаға үн қосқан қалың көпшіліктің қатарынан қалыс қалмауды ойладық. Мектеп директорымен ақылдасқан соң әр әдістемелік бірлестік бір ардагер ұстазға құрмет көрсету ұсынысы мақұлданды. Тіптен отбасылық жағдайға байланысты басқа аймақтарға қоныс аударған зейнеткерлерімізге пошта болмаса сәлемдеме арқылы танымал әрі беделді салалық апталық басылымның 2021 жылға арналған мерзімді жазылым сертификаты мен бір шоқ гүл жолданды. Семейдегі ардагерлеріміздің үйіне арнайы құттықтай барып, ізгі лебізімізді жеткіздік. Ерекше ризашылықпен тарту таралғымызды қуана қабылдаған ұлағатты ұстаздар өнегелі өмірлерінен естелік сыр шертті, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Асулан Кәкенов.

Отандық білім саласының дамуына зор үлес қосып, қайталанбас қолтаңбаларын қалдырған Бақтыкамал Балғабаева, Райхан Жүнісова, Ләззат Мақтаева, Замира Мамадилова, Елена Попова, Әсетай Дүйсембекова, Төлеуғайша Нысанбаева, Ольга Костина, Людмила Шаталова апайлар осылайша биылғы мұғалімдер күніне орай ерекше сыйлыққа ие болды. Ардагер педагогтер кәсіби төл мерекеге байланысты тосын сый жасаған мектеп ұжымы мен кейінгі буын мамандарға жүрек жарды алғыстарын білдіріп, баталарын берді. 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий