Ақтөбе өңірлік университеті: Білім ордасына – 85 жыл

1935 жылы алғаш рет түлектерге есігін айқара ашқан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті – бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда өз даңғыл жолы бар, өз мектебі қалыптасқан іргелі жоғары оқу орындарының бірі.  Білімді де, білікті мамандық иелерін даярлайтын қара шаңырақ түлектері бүгінде әлемнің әр түкпірінде еңбек етеді. Қазақстанның ғылымын дамыту мақсатында тың жаңашылдықтарға жол ашып келеді.

Өңірдегі жетекші оқу ордасы атанған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің  құрылғанына 85 жыл толып отыр.  Күні кеше Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Айтулы дата өзгеше форматта ұйымдастырылуымен ерекшеленді. Мерейтойын салтанатты жағдайда атап өткен университет ұжымы бәсекеге қабілетті мамандар даярлау саласындағы озық жетістіктерін үлгі ете отырып, тағы бір ерекше кезеңге қадам басты. Салтанатты жиынды кіріспе сөзімен ашқан  оқу орнының ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, университеттің өзіндік ерекшелігі мен тарихына кеңінен тоқталды.

Жұбанов университеті сексен бес жылдық тарихында талай тағдырлы кезеңдердің, әлеуметтік экономикалық өзгерістердің куәсі болды. Бүгінде халықаралық байланыстары нығайған университет әлемдік білім кеңістігінен өз орнын айқындап, еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық межені сақтап келеді. Сексен бес жылдық датаға байланысты бір мәселені түсіндіріп кетейін. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Алматыда, Семейде жоғары оқу орындары ашылып жатқан тұста, 1935 жылы Ақтөбеде де педагогикалық институт ашылған-ды. Бірақ, қандай да бір себептермен жиырма жылдан астам уақыттан кейін, яғни 1958-1966 жылдары оқу орны уақытша жабылды. Қандай да бір себептермен ЖОО-ның тарихы 1966 жылдан, яғни, қайта ашылған уақыттан басталып келді. 2006, 2016 жылдары осы қайта ашылған уақыттан есептеліп, университеттің 40 және 50 жылдықтары аталып өтті. Дұрыс, аталуы керек. Бірақ, 85 жылдық – сол мерейлі даталарды жоққа шығару емес, тарихымызды түгендеу, жоғымызды табу. Тарихымызды тану бір орында тұрмайды, архив құжаттары табылып, сараланып, университет тарихын ілгерілетіп жатсақ, одан қара шаңырақ ұтылмайды. Демек, 1935-1958 жылдар аралығындағы 31 жылдық оқу орнының тарихын архивке көміп қою жарамас. Жұбанов атындағы оқу орнының тарихы әл-Фараби атындағы, Абай атындағы, Шәкәрім атындағы тарихы сексен жылдан асқан білім ошақтарының тарихымен деңгейлес екенін әрбір жұбановшы мақтанышпен айтуы керек. Біле білсек, бұл – университеттің ғана тарихы емес, Қазақстанның батыс өңірінің, соның ішінде Ақтөбенің рухани деңгейін саралайтын тарих, – деді ректор.

Оқу орнының басшысы өз сөзінде мерейтойлық шараның маңыздылығын атап, университеттің жетістіктері мен әлеуеті туралы кеңінен баяндады. Университет бұл датаны той тойлаумен емес, оқу орнының әлеуетін көтеретін жобаларды жолға қоюымен есте қалдырмақ. Университеттің жасы 85-ке толып отырғаннан кейін бірнеше бағыттағы 85 игілікті іс-шара жүзеге асып жатыр. Бірнешеуін атап өтейік. 85 үздік оқытушы мен қызметкер және студентті анықтаудан бастап, «Жұбанов кітапханасы» сериясымен шығатын 85 үздік кітап, 85 патент, 85 ғылыми жоба, 85 үздік әріптес кәсіпорын, «Жәдігер жерде қалмасын» акциясының жалғасы ретінде университет музейіне 85 құнды жәдігер тапсыру, университет ғалымдарының «85 жылдыққа – 85 кітап» тартуы, студенттерге «Жұбанов» атындағы 85 грант бөлу, 85 үлгі тұтар еріктілер ісі, тағы сол сияқты университет дәргейін көтеретін қадамдар жасалуда. Жұбанов университеті 85 жыл ішінде талай асулардан, күрделі кезеңдер мен қилы жолдардан өтті. Осы жылдар ішінде Жұбанов университеті облыстың ғана емес, бүкіл батыс өңірінің кадр дайындайтын ұлағатты ұстаханасына айналды,- деп түйіндеді Б.Ердембеков.

Басқосуда жоғарғы оқу орнын сексен жылдық меройтойымен құттықтаған аймақ басшысы, университет түлегі Оңдасын Оразалин білім ордасының  ұзақ жылғы даңқты тарихында үлкен беделге ие болғанын атап өтті. Бүгінгі шара жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, білікті маман даярлау жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша педагог қауымының ортақ қуанышы. Тұңғыш лингвист, профессор-ғалым Қ.Жұбанов атындағы іргелі оқу орнының жоғары деңгейге көтерілуіне себепкер болған Темірбек Жүргенов, Мұхтар Арын, Кенжеғали Кенжебаев секілді аға буын өкілдерінің еңбегі өте зор. Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті  – бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда өз даңғыл жолы қалыптасқан іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Мен 85 жылдық тарихы бар қасиетті білім ордасының түлегі болғанымды және алғашқы еңбек жолымды осы жерден бастағанымды мақтан етемін. Шәкірттерін сапалы білім нәрімен сусындатып, үлкен өмір жолына жолдама беретін ұстаздар қауымына алғысым шексіз, – деді шаһар басшысы.

Сөз соңында өңір басшысы көп жылдар бойы білім-ғылым саласына еңбегі сіңген  бірқатар ғалымдарға Алғыс хаттар мен «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерекелік төсбелгісін табыстады. Мерейтойлық жиын ZOOM платформасы арқылы 2000-нан аса меймандардың қатысуымен өткізілді. Жиынға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, бизнес бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық миссиялардың қайраткерлері, ғалымдар,  университеттің танымал түлектері қатысты. Салтанатты шарада университет түлегі Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Оразаев бейнеқұттықтау арқылы білім ордасының ұжымына ыстық ықыласын білдірді.

Сонымен қатар университет басшылығы мен ұжымға ыстық ықыластарын білдірген ТМД елдері мен Америка, Түркия, Польша  елдеріндегі 120 шетелдік серіктестердің және Е.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Абай атындағы педагогикалық университетінің, Назарбаев Университетінің және өзге де  100-ге жуық еліміздің жоғары оқу орындары ректорларының құттықтау хаттары мен жеделхаттары келіп түсті. Мерейтой салтанатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің университет ұжымы мен студенттеріне жолдаған ізгі лебізін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының басшысы, университет түлегі Айгүл Мұқашева жеткізді.

Сөз соңында Айгүл Мұқашева  университеттің 85 жылдығына орай профессор-оқытушылар құрамына арналған шипажайлық сауықтыру жолдамасының сертификатын тапсырды. Марапаттау рәсімінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы»  атынан 85 профессор-оқытушыға Алғыс хаттар мен ақшалай сыйақы сертификаттары табыс етілді. Мерейтой аясында  биылғы жылы лайық деп танылған «Үздік факультет» пен «Үздік кафедраға» техникалық құралдармен жабдықталған  компьютерлік класс қолданысқа берілді. Сондай-ақ, университеттің 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жұбанов маршы» байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Байқау жеңімпазы атанған  ақын, Қазақстан жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы  мен  ҚР мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгірге 400 000 теңгелік сертификат табысталады. Мерейтой соңында  ұстаздарға гүл шоқтары таратылып, «Жұбанов маршы» әнінің тұсауы кесілді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің Медиа орталығы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий