Университет аумағы жаңа шыршалармен толықты
«Жасыл желекті Жұбанов» жобасы университеттің сәулеттік келбетін жақсарту, абаттандыру, көгалдандыру, қоршаған ортаның таза болуына атсалысуға шақыру мақсатында ұйымдастырылады. Бұл ретте білім ордасының мерейтойы аясында оқу орнының басшылығы мен университет түлектерінің қатысуымен 15-ке жуық көшет егілді. Оның ішінде шырша ағаштары бар. Маңызды шараны мерейтой меймандары атқарды, – деп хабарлайды Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі.
Одан кейін жастар тәрбиесінде жаңа бағыт беруде «Жұбанов жылыжайы» ашылды. Бұл нысан білім алушылардың жан-жақты дамуына ықпал етеді деген сенім бар. Жылыжайда Ақтөбе облысының ашық және қорғалған топырақ жағдайында қиярдың отандық селекциялық сорт үлгілері өсіріледі. Қияр сорт үлгілерінің биомассасын арттыруға ықпал ететін әр түрлі топырақ-субстраттарын құрамдастырудың оңтайлы технологиясы қарастырылып, зертханалық жағдайда топырақ құрамындағы диатомиттің қиярдың өсімі мен өніміне әсері сыналады. Сонымен қатар мұнда қияр тұқымдарының өнуі, вегетативтік биомассасының қалыптасуы, тыңайтқыштар түрлері мен мөлшерінің әсері зерттеледі. Мамандардың айтуынша, университет білім алушыларын еңбекке баулуда жылыжайдың берері көп. Мұнда университет магистранттары ғылыми жетекшілерінің бақылауымен көкөністерге агротехникалық күтім жасап, баптайды.
Загрузка...– Былтырғы оқу жылында «Жұбанов жылыжайы» пайдалануға берілген болатын. Содан бері «Биология» мамандығында оқитын білім алушылар үшін өндірістік тәжірибеден өту мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Теорияны тәжірибемен ұштастыру болашақ мамандардың толыққанды білім алуына мол мүмкіндік беретіні белгілі. Бау-бақша дақылдарын күту мен өсірудің, жерді агротехникалық шараларға сай баптаудың қыр-сырын жете меңгерген жастар еңбек нарығында сұранысқа ие. Сондықтан шағын ортаны нағыз баққа айналдырған жастар тәжірибе жүзінде әр өсімдікті зерттеуге мүмкіндік алады, – дейді «Биология» кафедрасының меңгерушісі Гүлнұр Адманова.