Мамандық – өмір таңдауы

Мамандық таңдаудың оңай жұмыс еместігін, мамандықты темпераментке сай таңдау керектігін, тіпті, әлемдегі ең қауіпті мамандық тізімі де белгілі. Кәсіп меңгеру деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, жақын араласқың келетін ортаға бейімделудің бастамасы. Қазақ “Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда” деп бекер айтпаса керек.

Есте жоқ ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмады. Әр адам барлық жұмыспен өзі ғана айналысатын. Дегенмен, әйелдер мен ерлерге деп бөлінетін жұмыстар болған. Ерлер аң аулап, үй тұрғызып, қару-жарақ жасаса, әйелдер жеуге жарамды өсімдіктерді жинап, тамақ пісірген, киім-кешек тігіп, бала тәрбиелеген. Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыстар, сәйкесінше, түрлі мамандықтар келді. Кез келген еңбек мамандық емес. Еңбектің мамандық деп аталуының өзіндік шарттары бар: бірі – маман атануыңыз үшін білім алып, қолыңызға сол саланың дипломын, куәлігін, аттестаты не сертификатын алуыңыз керек болса, екіншісі – еңбегіңізге ақының төлені қажеттілігі.

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу екеуі біздіңше екі бөлек нәрсе. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. «Түйір нан – тамшы тер» демекші, жақсы маман иесі болу үшін көп ізденіс, оқу, білім алу, ең бастысы мамандыққа деген сүйіспеншілік қажет.

Осы мақсатта біздің жергілікті филиал қызметкерлерінің қатысуымен  «Мамандықтар жәрмеңкесі» атауымен 13-ауысым жүзеге асырылуда. Басты міндет – жиырма күндік демалысын өткізуге келген жетісулық үш жүз оқушыға болашақта пайдалы маман иесі болуға бағыт беру. Орталықтағы балалардың мектеп жасындағы 8-9 сынып оқушылары екенін ескере отырып, осы тақырып бойынша жүргізілген жұмыстар жастардың алдағы өміріне оң ықпал етері даусыз.

Жоспарлы кестеге сай ұл-қыздар демалыс барысында мамандықтың көп қырын таныстырумен қатар, еліміздің сан саласына қазіргі таңда қажеттілігі жоғары мамандықтың түрлері туоалы мол мәлімет беру қарастырылған. Осыған орай келешекте балалардың өміріне керек тақырыптарды басты назарда ұстап, ауысым тақырыптарын да түрлердіруге ерекше мән берілді. Мектепті бітірген соң қабілет қарымы мен бейіміне сәйкес мыңдаған мамандықтың бірін дұрыс таңдау арқылы, кәсіби білімін жетілдіргеннен кейін жемісті жұмыс жасаса алға қойған мақсаттың орындалғаны. “Балдәурен” жас буын өкілдерін жан-жақты қолдаумен бірге қажет кезінде пайдалы ақыл-кеңестер ұсынуға да әрқашан дайын. 

Нұрперзент ЕРПОЛАТ,
“Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру
орталығының әдіскері, Қапшағай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий